120
— Ұлы мәртебелi‚ күбiрнәтiр‚ Сiзге Ақмешiт қамалының бастығы Якуббек арнайы мектуб жазып
жiбердi. Соны тапсырғалы келген бибiт елшiмiн‚ — дедi. Сосын қойнынан хатты алып‚ генералға
ұсынды.
Генерал жанында тұрған бiр кiсiге ым қаққандай болды. Ол лып етiп iлгерi жүрiп‚ мұның
қолындағы хатты алып‚ орауын жаза бастады. Жәнiбек анықтап қарап‚ оның баяғы Ахияр екенiн бiле
қойды. Сол арада дымын сездiрмей‚ қалтырап кеткен тiзесiн шаққа тыйып‚ үн-түнсiз тұра бердi.
Ахияр хатқа тез көз жүгiртiп шығып‚ iзiнше оны орысшалап генералға түсiндiрiп жатты. Ол мұрты
салбыраған қалпы бiраз ойланып отырды. Сосын екеуi бiразға дейiн орысшалап сөйлесiп кеттi.
Жәнiбек олардың не айтқанын түсiнбесе де‚ көздерiнен бұларға сенбей отырғандықтарын‚ әлдеқандай
өктемдiк iзiн байқады. Сәлден кейiн барып Ахияр берi бұрылып:
— Ұлы мәртебелiм Якуббектiң сөзiне сенбей отыр. Бiз бәрi бiр ертең сендердi тас-талқан қыламыз
дейдi. Анада хат жазғанда қамалды бiрден тастап шығу керек едi дейдi‚ — дедi.
Жәнiбек басын иiп:
— Ояғын Якуббек қолбасы ғана бiледi. Қоқан ханының бұйрығы солай болғасын‚ оның қамалды
тастап шығуға хақысы жоқ. Сiздер де ақ патшаның жарлығын тәрк ете алмайсыздар ғой. Бұ да сондай‚
— дедi.
Перонский бұған тесiрейе қарап:
— Оны... түсiнем‚ — дедi. — Бiрақ... соғыс бiткелi тұрғанда бұлай етудiң не керегi бар?
Жәнiбек ендi Ядгарбек үйреткен сөздердi айтты:
— Бiз соғыста жеңiлгенiмiздi бiлемiз. Бiрақ әлi де шайқасатын шамамыз бар. Оның үстiне Қоқан
мен Хиуа хандарынан көмекке екi мыңға жуық қол келе жатыр. Олар жеткен бойда‚ тағы да қырғын
болады. Әгәр бiздiң қамалды тастап шыққанымызды естiсе‚ олар‚ сөз жоқ кейiн қайтады. Сондықтан
да Якуббек бостан босқа қан төкпейiк дейдi.
Перонский қабағы салбырап отырып‚ Ахиярға тағы да бiрдеме дедi. Ол қолын сiлтеп‚ жауап берiп
жатты. Содан екеуi бiраз сөйлесiп кеттi. Ақыры тiлмәш бұған бұрылып:
— Ұлы мәртебелiм сiздерге зор кеңшiлiк жасап отыр. Ол жаралылармен соғыспаймыз дейдi. Тек
қоятын шарты — ертең күн арқан бойы көтерiле бәрiңiз бiрiңiз қалмай‚ қамалдан тегiс шығып
кетесiздер. Әгәр алдасаңыздар‚ онда зеңбiрекпен атқылап‚ күл-талқан етемiз. Якуббекке солай деп
айта барыңыз‚ — дедi.
— Айта барам‚ мәртебелi ұлық.
Жәнiбек генералдың шатырынан қалай сыртқа шыққанын бiлмедi. Қасына ерген үш сарбаз да
қорқып отыр екен‚ олар мұның аман-сау қайтқанын көрiп‚ қуанысып қалды. Олар дереу аттарына
мiнiп‚ орыстардың шебiнен ұзап шыға бердi.
Якуббек генералдың хабарын естiп‚ қатты қуанып кеттi. Дереу пәрмән берiп‚ жиырма шақты
қоқанарбаға жаралыларды мiнгiздi. Күймелi бiр арбаға кәнизәктарын отырғызды да‚ шығыс жақтағы
қақпаға тездетiп әкелдi. Дарбазаны ашқан бойда‚ олардың қастарына он шақты сарбаз қосып: “Қоқан
жаққа тарта берiңдер‚ соңдарыңнан мен де жетем”‚ — деп‚ шығарып салды.
Олар ұзап кеткенде барып‚ қамал басынан соңдарынан қарап тұрған Якуббек уһ деп демiн бiр
алғандай болды. Тырнадай тiзiлiп бара жатқан арбаларға орыс әскерi тиiспедi. Алдыңғы арбаның
үстiне бұлар ақ жалау қадап алған болатын. Соны көрдi ме‚ әлде Перонскийден шынымен пәрмен
болды ма‚ әшейiнде қамалдан бiреу-мiреу шыға қалса‚ қылыштарын жалаңдатып жетiп келетiн атты
казактар бұл арада тырп етiп тұяқ серiппедi. Соны көрiп Якуббек бойы жеңiлейгендей боп‚ қасындағы
көмекшiсiне қарады:
— Бұ да бiр бiткен iс болды. Ана аттарың даяр ма?
— Даяр тұр‚ ұлы мәртебелiм. — Ол жылп ете қалды.
— Ертең оны шығыс қақпа жаққа әкеп қой. Шайқас ендi қыза бергенде... Түсiңдiң бе?
— Түсiндiм‚ қадырданды бек.
Якуббек ендi артық ештеңе айтпай‚ қасына көмекшiсiн ертiп‚ сарбаздарды аралауға кеттi. Iшiнен
өз тағдырына өзi налып келедi. Ана бiр жылы бұл Қоқан ханының даяшысы боп‚ шарабын құйып‚
жүгiрiп жүрген қызметшiсi едi. Бiрде сәтi түсiп‚ осы Ақмешiтке әкiм боп келе қалды. Бiраз жылдың
көлемiнде жақын маңдағы қазақтардың ауылдарын талап‚ қыздарын тартып ап‚ қызыққа да‚ байлыққа
да кекiрелеп белшесiнен батты. Осы дәуренiм бiразға дейiн созылады ғой деп ойлап жүрушi едi‚ аяқ
астынан ақ патшаның әскерi зеңбiректерiн сүйретiп‚ мына жайқын жатқан Сыр өңiрiне келе қалды. Бұл
ана бiр жолы алда тұрған қанды шайқасты сезiп‚ осы қызметтен бас тартсам ба деп ойлаған. Бiрақ
оның ретi келмедi‚ Хұдяр хан мәмiлеге көнбедi. Ендi, мiне, соның аяғы осы. Бұл өз қолының
жеңiлетiнiн бүгiн ғана анық байқап отыр. Сарбаздардың барлығына бастан-аяқ көз салып келедi.
Көбiсiнiң ұнжырғасы түсiп кетiптi. Кей тұста жараланғандар бiр-бiрiнiң жарақатын таңып‚ қауқылдаса
сөйлесiп жатыр. Сау қалғандары аттарының ерлерiн бастарына жастап‚ тынығуға кiрiсiптi. Якуббек
оларға қуат берейiн деп:
— Жарайсыңдар‚ ерлерiм! Ендi аз ғана шыдаңдар‚ Қоқаннан көмекке әскер келе жатыр! — деп
қояды.
Бұл оның қысылғанда ойлап тапқан бiр қулығы едi. Соңдарынан келе жатқан әскер жоғын естiсе‚
сарбаздардың бет-бетiне қашып кетуi мүмкiн деп түйген. Сол үшiн Ядгарбек Хиуадан да қол келе
жатыр деп әскер арасына таратып жiберген-дi. Соған арқа сүйеген сарбаздар кешелi-бүгiн орыс
қолымен жан аямай шайқасты. Бiрақ қалай десең де‚ бұлардың саны аз. Әрi қару-жарағы нашар. Бұ
бетiмен оларды ертең қашанға дейiн шыдар дейсiң.
Якуббек сарбаздарды аралап шығып‚ Перонскиймен арада болған әңгiме жайлы тiс жармай‚ өзi
жатқан жерге қайтып келдi де‚ бiр кесе шарап iшiп‚ шешiнбестен ұйқыға кiрiстi.
* * *