Стр. 122 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

121
Баймырза Қоқан қолының жеңiлгенiн бiрден аңғарған едi. Оның үстiне кешелерi ағасы Елмырзадан
жансыз келген. Ол екi талай жерлерде мұны генералдан араша түсiп қорғап қалатынын айтыпты.
Баймырза содан кейiн екi ұшты хал кешiп жүрген-дi. Мұның осы шайқасқа шығуға ықыласы да жоқ
едi. Хұдаярмен келiсiм жасап қойған құшбегi серттi бұза алмайым деп‚ мұны сарбаздарға қолбасы ғып
жiберген-дi. Осы сапарға ықылассыз шыққан Баймырзаның жол үстiнде талай рет керi қайтып кеткiсi
де келген‚ — бiрақ ол құшбегiнiң қаһарынан қорықты. Сосын тәуекел деп тарта берген. Ендi ойлап
отырса‚ өзiнiң Ақмешiтке келгенi қайта жақсы бопты‚ — бұл кешелi-берi шайқасқа еш араласқан жоқ.
Мерт болса‚ басқа бiреулер мерт боп жатыр. Мұның одан бiрдеңесi қисая ма? Ең бастысы — өзiнiң
Ақмешiтке кеп‚ соғысқа қатынасқаны рас. Ертең күшбегiнiң алдында соны айтып‚ ақтала алады. Сол
арада ол бiр ойға бекем табан тiреген едi. Ертеңгi ұрыста бұлардың тас-талқанының шығатыны белгiлi.
Ендi неде болса деп‚ түн жамыла отырып‚ зып берiп тайып отыру қажет. Үйтпесе‚ ертеңгi күнi мына
шалма салған кәлләсiнiң кеудесiнде тұру-тұрмауы неғайбыл.
Ол көмекшi жiгiтiн шақырып ап‚ бұйрық бердi:
— Сарбаздар тездеп жиналсын! Бiр кiсi бiлмейтiн болсын! Аттар дайын тұр ма?
— Дайын!
— Онда бар да сарбаздарды жина!
Ол жүгiре жөнелдi. Баймырза бес қаруын асынып‚ аяғын тездеп басып‚ кеше опырылып қалған
қақпа жаққа қарай аяңдады. Бүгiн осы араға Якуббектiң күштi күзет қойып жатқанын көзi шалып
қалған-ды. Ендi соның ау-жайын байқап көрмекшi. Бұл келсе‚ шынында да‚ күзет өте күштi екен.
Баймырза әр нәрсенi бiр айтып тұрды да‚ қақырынып ап‚ шығыс қақпаға барды. Бұл жақтағы
күзетшiлердiң саны — төрт-бесеу-ақ. Ол iштей мұны жақсылыққа жорып‚ бiр ниетке шындап бел
буып‚ сарбаздары жиналып жатқан жерге асыға жеттi. Келсе‚ кешегi бес жүздей қолдан екi жүзге
жетер жетпесi ғана қалыпты. Баймырза оларға: “Үндемеңдер”‚ — деп бұйрық берiп‚ бәрiн аттарынан
түсiрдi де: “Шығыс жақтағы қақпаға дабырласпай жетiңдер”‚ — дедi. Сосын өзi олардан бөлек кеттi.
Бұл қақпа жанына кеп бiраз күттi. Күзетшiлердiң пәруайы пәнсар‚ әңгiмелесiп отыр. Сол арада өзiнiң
сарбаздары да ағылып келе бастады. Оларды көрiп‚ күзетшiлер сескенiп қап:
— Бұ кiм? Тоқтаңдар! — дедi айқайлап.
Баймырза сол арада алға шығып:
— Шуылдамаңдар! Якуббектiң пәрманы бойынша ана... — Ол қолын терiскейге қарай сiлтедi‚ —
кәпiрлерге ойран салуға бара жатырмыз.
— Е‚ солай демейсiз бе? — деп қартаңдау күзетшi кiлтiн сылдырлатып‚ дарбазаның құлпын аша
бастап едi‚ сол арада басқа жастау бiрi:
— Бiзге ондай жарлық берiлген жоқ. Кiм келсе де‚ дарбазаны ашпаңдар деген‚ — дедi.
— Әй‚ сөздi қысқарт! Қадырданды бек жаңа ғана бұйырды. Сенбесең‚ барып көр! — дедi Баймырза
оған жеки сөйлеп.
Анау бiр пәленi сезгендей көткеншектей берiп едi‚ Баймырза көз iлеспес жылдамдықпен қылышын
суырып ап‚ жас сарбаздың кәлләсын сыр етiзiп шауып түсiрдi. Сол екен‚ мұның жiгiттерi қалған
күзетшiлерге тап-тап берiп‚ оларды бiр демде кескiлеп тастады. Дымға түсiнбей‚ көзi бақырайып
кеткен қартаңдау күзетшi бұларға қарап:
— Әй‚ әй‚ бұларың не? Мұсылман мұсылманды өлтiрдi деген не сұмдық? — дей берiп едi‚
Баймырза ақырып:
— Жаның барында дарбазаны аш! Болмаса шауып түсiрем‚ — дедi қылышын жалаңдатып‚
төбесiнде ұстап.
— Ләббай‚ ләббай‚— деп қартаң күзетшi дарбазаның есiгiн сықырлатып аша бердi.
Со кезде Баймырза қасында тұрған бiр сарбазға иегiн қағып қалды. Анау ымды түсiнiп‚ қартаңдау
күзетшiнiң сыртынан ұзын қанжарын салып кеп жiбердi. “Оһ”‚— деп күзетшi тәлтiректеп кетiп‚ екi
қолымен қабырғаға жармасып‚ ақырындап жерге қарай құлай бердi.
Баймырза сарбаздарды асықтырып‚ қамалдан тез шығып кетудi ойлады. Дереу өзi атына мiне сап‚
қол алдына түсiп ап‚ сылқытып тарта бердi. Соңынан ерген жүздеген ат тұяғы дүңк-дүңк етiп‚ тиыш
жатқан даланы бiр сәтте дүбiрге бөледi де жiбердi. Баймырза бағанағы келiссөздiң ыңғайымен өздерiне
атты казактардың тиiспейтiнiн бiлсе де‚ сарбаздарына неге де дайын болыңдар деп ескерткен едi.
Сүйтiп‚ жау қыспағына кiшкене ғана қамалды тастап қашып бара жатқан Ташкент қолы сәлден кейiн
кешегi қанды қырғын болған жерден ұзай бердi. Баймырзаның ойынша‚ бағана қамалдан шығып
кеткен арбалар онша алысқа ұзамауға тиiс. Сол арада басына бiр ой түскен ол аттарын ендi шоқыраққа
көшiрiп‚ жылдам жүрiп отырды. Шамалыдан соң олар дөңгелектерi сықырлап‚ жәйiмен жүрiп бара
жатқан арбалыларды қуып жеттi. Олардың қарасы көрiнген бойда‚ қынынан қылышын суырып алып:
— Шабыңдар! — дедi де‚ атын тебiнiп кеп қалды.
Екi жүздей сарбаз дем арасында арба үстiндегi жаралыларды туралап тастады. Баймырза
Якуббектiң әйелдерi мiнген күйменi бөлек алып шығып‚ күштi күзет қойдырып‚ Ташкентке қарай суыт
жөнелтiп жiбердi. Мынандай сұлуларды қатындыққа апарып берсе‚ нәпсiқұмар күшбегiнiң өзiне ырза
болатынын бiлiп‚ ол аздап күлiмсiреп қойды.
Сәлден кейiн қашып бара жатқан Ташкент сарбаздарын қараңғы түн құшағына ап‚ қарасын
көрсетпей‚ жұтып та жiберген едi.
* * *
— Ойбай‚ қашып кеттi! Қашып кеттi!
Якуббек көмекшi жiгiтiнiң жаман дауысынан шошып оянды. Көзiн жұдырығымен уқалап жiберiп:
— Не‚ не? Кiм қашып кеттi?— дедi.