Стр. 125 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

124
сақтанып‚ әр жер-әр жерде бастарын қолдарыман қорғаштап‚ жер бауырлай қалған. Айнала дем
арасында ала шаңға айналып кеткендей. Ақмешiт қамалының салынған тұсы құмшауыт болатын. Жаз
болса‚ шаң суырып‚ көздi аштырмайтын. Мынадай сойқанның кезiнде онсыз да шаңытуға бейiм
тұрған құмшауыт жер бұрқыраған құйып кеп‚ мың бұрала билеп‚ әлек салып жiбергендей көрiнiп
кеттi. Доптардың ысқырған үнi о дүниядан келiп жатқандай. Жарықшақ тиiп‚ жараланған
сарбаздардың ойбайы мен ағайынан кiсiнiң зәре-иманы қалар емес. Кiсiлердiң бiрiне-бiрi қарайтын
ыңғайы байқалмайды.
Ұзаққа созылған артиллерияның дайындығынан соң‚ орыс әскерлерi барабандарын дүңкiлдете
ұрып‚ қатарын бұзбастан‚ ендi қамалға қарай лап қойды. Сол арада Якуббектiң:
— Мұсылманлар! Қолдарыңа қылыштарыңды алыңдар! Ислам дiнi үшiн шыбын жанымызды
аямаймыз! Кәне‚ орындарыңа барыңдар! — деп айғайлағаны естiлдi.
Жер бауырлап жатқан сарбаздар қылыш-найзаларын қолдарына ала сала‚ қамалдың бұзылған
диуалының жанына кеп топырласа жиналып жатыр. Атты сарбаздар да жаяу шайқасқа дайын екен.
Барлығы да ендi не болады дегендей алға қарай ентелей қарап қалған.
Орыс әскерлерi барабандарын дүңкiлдете соғып‚ жақындап келгенде‚ қамал басынан бытырлап
мылтық атыла бастады. Бiр-екi әскер ұшып түстi. Бiрақ олардың тоқтайтын түрi жоқ. Орыс қолы
қамалға жақындап келгенде‚ кенет уралап‚ iшке қарай лап қойды.
Олар қолдарындағы мылтықтарының қанжарлары жарқылдап‚ өңмеңдеп келедi. Олар iшке кiре
бергенде жоғарыдан тас‚ құм салынған қапшық қарша борап кеттi. Бiр жақтан ыссы су да сар-сар етiп
құйылып жатыр. Оған да қарамай‚ iшке кiргендерiн сарбаздар найзалары-мен бiр-бiр түйреп түсiре
бердi. Сол арада Якуббек бiр зеңбiректiң аузын топылып келе жатқан әскерлерге қарай бұрғызып та
үлгерген едi. Ол ақырып жүрiп‚ зеңбiрекшiлерге тездетiп атқызды. Сәтi түсiп‚ алғашқы доп қамалдың
құлаған диуалы тұсында iшке кiрмек боп топырлап жатқандардың нақ ортасына барып жарылды. Сол
жерде бiрден отыз шақты адам тiл тартпай кеттi. Олардың арасында жарықшақтан жарадар боп‚ жер
бауырлап жатқандары да баршылық. Екiншi атылған доп та сол араға барып түстi. Шошып қалған
орыс әскерлерi көздерi алақтап‚ керi шегiне бастады. Со кезде iш жақта қорғанып тұрған сарбаздардың
ұрыс әруағы ұстап кетсе керек‚ мұсылманның ұранын салып iлгерi қарай ұмтылды. Олар қылыштары
жалақтап‚ қашқан әскердi бiр-бiрлеп туралап барады. Найзагерлер сапы да iлгерi ұмтылып‚ олардың
шолақ мылтықтарын сiлтеуге келтiрмей‚ тiрсектен‚ арқадан шаншып‚ сұлатып жатыр. Қатарына үрей
кiрген орыс қолы ендi бет-бетiне қарай қаша бастады. Сәлден кейiн сарбаздар өздерiнiң аз екенiн
ойласа керек‚ оларды iндетiп қумай‚ керi серпiлдi.
Ядгарбек мұның ұзаққа бармасын бiлген едi. Ол сол арада қасындағы Жәнiбекке қарап:
— Бүгiн кешке дейiн шыдасақ яхши болар едi‚ — деп қойды.
Жәнiбек оның ойын түсiндi. Кешке дейiн тойтарыс бере алса‚ түнде қамалдан бiлдiрмей шығып
кету онша қиын емес. Кәзiр шығар болсаң‚ жалаңдап тұрған атты казактардың барлығын да кескiлеп
тастауы мүмкiн. Бұл қозғалақтап қойып:
— Қайдам‚ — дедi.
Осы кезде орыс әскерлерi шабуылды қайтадан бастаған едi. Бұ жолы олар сап түземей‚ қатарларын
сиретiп‚ араларын ашып‚ шегiрткеше қаптап келедi. Оның артынша тағы да зеңбiрiктер зiркiлдеп қоя
бердi. Ысқырған доптар ендi қамалдың диуалына кеп тие бастады. Шамалыдан кейiн терiскей жақтағы
қалың диуал зор соққыға шыдамай‚ азырақ теңселiп тұрды да‚ кенет табаны астынан тiрегi тайып
кеткендей боп‚ сыртқа қарай гүрс етiп құлады. Ендi бұ жақтың да бiраз жерi үңiрейiп қалды. Орыс
зеңбiрiкшiлерi оны да мiсе тұтпай‚ көпке дейiн атқылады. Бұлардың қарсы доп атып жатқан екi
зеңбiрiгiнiң бiрiне снаряд дәл тиiп‚ быт-шыт қылды. Қасында жүрген сарбаздар түгел қырылды. Осы
кезде жақындап келiп қалған орыс әскерлерi тағы да уралап‚ iшке қарай лап қойды. Якуббек қамал
басында оқ атып жатқан сарбаздарға қарап айқайлап:
— Бәрiң де төмен түсiңдер! — дедi де‚ өзi қолына жалаң қылышын алып‚ дұшпандарға қарсы
ұмтылды.
Ядгарбек пен Жәнiбек те төмен қарай жүгiрдi. Сасып қалған сарбаздар баспалдақпен төмен қарай
құлдилап барады. Бұлар асып-сасып жеткенде қамал iшiнде бiр қырғын басталып та кеткен екен.
Қоқандықтар арыстанша ақырып‚ өлiспей берiспейтiн түр көрсетiп‚ кескiлесiп жатыр. Қамал басынан
келiп жеткен сарбаздар оларға қосымша күш болды. Келе олар да аласапыранға араласты да кеттi.
Жәнiбек қылышымен бiр-екi әскердi шауып түсiрдi де‚ иығының жарасын ауырсынып‚ шетке
қарай шыға бердi. Сосын ол мына ырсылдаса боқтасып‚ бiрiн-бiрi қылышпен‚ қанжармен шабысып
жатқан қырғынға қарауға дәтi шыдамай‚ Қожақ тұрған жаққа қарай беттедi.
Бұ жолғы шайқас бiразға созылды. Орыс әскерлерi де жанын шүберекке түйiп шайқасты.
Қоқандықтардың бiразы сол арада мерт болды. Ақ патша әскерi жағынан да шығын жетерлiк. Осы
кезде шығыс жақтағы қақпадан қосымша күш келiп‚ айқайлап ұран салып‚ тиiсiп едi‚ үрейi ұшқан
орыс әскерлерi керi серпiлдi. Олар бұ жолы тым-тырақай қашпай‚ ұрыса отырып‚ қамалдан шығып
кеттi.
Якуббектiң оң самайын қылыш тiлiп кетiптi. Ядгарбек те жеңiл жарақат алыпты. Олар
жарақаттарын тез таңдырып‚ аман қалған сарбаздарды түгендеп қараса‚ барлығы үш жүзге де жетпейдi
екен.
Ядгарбек сол арада бiр ақыл тауып‚ олардың барлығын атқа қондырды. Мұнысы орыс әскерi тағы
да iшке кiрер болса‚ қаша ұрыс салып‚ қамалдан шығып кету едi.
Бiрақ орыс әскерлерi ендi қайтып шабуылдамай қойды. Бұ кезде сиыр сәске болған да едi. Аспан
айналып жерге түскендей бiр ыссы тұрды. Айнала қапырық тартып кеттi. Мұндай әлемет ыссыға
үйренбеген орыс әскерлерi кешкi салқын түскенше тырп етпестен жатып алды. Ядгарбек сарбаздарды
аттарынан түсiрiп‚ тамақ iшкiзiп‚ бiраз тынықтырды. Қамал басына қайтадан он шақты сарбазды