126
* * *
Елмырзаның қолы бағана атты казактардан бұрын қамал iшiне кiрiп үлгерген болатын. Есiрiп алған
қазақтар сойылдарын оңды-солды сiлтеп‚ қоқандықтарды бiр бұрышқа тықсыра берген. Ұзын қайың
сойылға қарсы еш әрекет қыла алмаған жиырма шақты сарбаз қамалдың бiр бұрышында ұйлығып
тұрып қалған-ды. Қазақтар оларды шашау шығармай‚ жақын келгендерiн сойылмен жасқап‚ үйiрiне
қайта тыға берген-дi. Сол арада Елмырза ақыл тауып‚ оларға қарап айқайлап:
— Қылыштарыңды тастаңдар! Өз ерiктерiңмен берiлсеңдер‚ ақ патша сендерге кешiрiм жасайды‚
— деген.
Сарбаздар мыналардың арасында да мұсылман бар екен деп‚ жүздерi жылып‚ мәмiлеге кiрiскен:
— Сендер мұнда қайдан жүрсiңдер?
— Бiз осы Ақмешiт төңiрегiнiң қазақтарымыз. Мына мен... ақ патшаның сенiмдi кiсiсiмiн‚ — дедi
Елмырза қаттырақ сөйлеп. — Шынымен айтам‚ өз ерiктерiңмен берiлсеңдер‚ ақ патша сендердi
жазаламайды.
— Өтiрiк айтып тұрған жоқсың ба?
— Оллаһи‚ биллаһи‚ нағыз шыным.
— Қылышымызды тастатып ап‚ соңынан қырып сап жүрмейсiңдер ме?
— Жоқ деп тұрмын ғой. Құран атымен ант етейiн.
Сарбаздар мұның сөзiне сенбей‚ екi оқты боп бiраз тұрды. Өзара күбiрлесiп‚ аздап кеңес құрды.
Олардың екiұдай боп тұрған сиқы байқалды. Ақырында бiр үлкенi iлгерi шығып:
— Жарайды‚ саған бiз сендiк. Әгәр өтiрiк айтсам Құран атсын деп ант бересiң бе? — дедi.
— Берем‚ — дедi Елмырза әлденеге батылданып.
— Ендеше‚ мiне‚ “Құран”. Соны ұстап ант бер‚ — деп әлгi кiсi шекпенiнiң қолтығынан кiшкене
ғана “Құранды” шығарды.
Елмырза дiр ете түскен кеуiлiн зорлап басып‚ атын тебiнiп қап‚ iлгерi жүрдi. Әлгi сарбазға жақын
кеп‚ “Құранды” қолына алып‚ тәуетiп тұрып:
— Өтiрiк айтсам‚ осы қасиеттi “Құран” менi атсын‚ — дедi.
Содан соң барып сарбаздар қолдарындағы қылыш‚ найза‚ қанжарларын ортаға лақтырып тастай
бастады. Олардың бойларындағы бар қаруын сыпырып алғасын‚ Елмырза бәрiн қойша шұбыртып
айдап әкеп‚ бiр тамға қамады.
Мұны естiген Перонский ырза боп‚ арқасынан қағып:
— Құрметтi төре‚ сiздiң бұл еңбегiңiздi ақ патша ақтайды‚ — дедi.
Елмырза жымың ете түскен.
* * *
Захваткин атты казактарды бастап кеп‚ жоғарысында қоқандықтар тұрған диуалды түгел
қоршатты. Бiрi қашып кететiн болса‚ бастарыңды алам деп қорқытты. Сосын Перонскийге кеп:
— Тұтқынға түскендердi дарға ассақ кәйтедi‚ — деп кеңес салды.
Перонский от жанында әрлi-берлi жүрiп‚ бiразға дейiн үндемедi. Аздан соң бұған қарап:
— Олай етуге болмайды‚ —дедi.
— Неге‚ жоғары мәртебелiм?
— Сiз саяси жағдайдан мақұрым екенсiз. Мына Орта Азияның жерiне Англия мен Франция да
таласқалы отыр. Олар неше түрлi қулық iстеп‚ бұларды қаруландырып жатыр. Бүгiн трофей болған
зеңбiрек ағылшындардiкi ғой?
— Дәл солай‚ жоғары мәртебелiм.
— Мiне‚ осыдан кейiн бұларға қатыгездiк жасау қисынсыз. Оларды үркiтiп аламыз. Оның есесiне
Якуббектi тұтқындап‚ өз қолымен бiз Ресейге өз еркiмiзбен қосыламыз деп деген хат жаздырып алу
керек едi. Бұ деген ертең дүние жүзi халықтары алдында... ақталу үшiн керек.
— Дегенмен де... бұл жабайы халықты қойдай қырмаса болмайды. Надан‚ артта қалған елдер
жаңағыдай саясатыңызды мүлдем түсiнбейдi‚ — дедi Захваткин қызына сөйлеп.
— Оны... бiлем‚ — дедi Перонский қолын артына қайырып ап‚ әрлi-берлi жүргенiн тыймай. —
Дегенмен де... ойланып көрейiк. Айтпақшы‚ шайқаста ерекше көзге түскендердiң тiзiмiн жаса‚ Георгий
крестiн берелiк. Сосын... ана Елмырза төре.. өзi қалай‚ сенiмдi ме?
— Өте сенiмдi кiсi‚ жоғары мәртебелiм.
— Ондай адамдарды алдап-сулап ұстап тұру керек. — Ол алақанын жайып‚ iзiнше жұдырық қып
түйдi. — Түсiндiң бе? Ондайлар мынау жабайы жұртты билеу үшiн таптырмайды. Оны да наградадан
құр қалдырма. Ережептi де ұмытпа.
— Құп‚ жоғары мәртебелiм.
* * *
Түн болды. Орыс әскерлерi от жағып‚ тамақ асып‚ арақ iшiп‚ той тойлап жатты. Кейбiреулерi
айқайлап өлең айтқан болды.
Жоғарыда бекiнiп жатқан сарбаздардың қарындары ашып‚ бұрлығып‚ көздерi қарауытты.
Шеттерiнен ызадан жарылардай боп отыр. Бәрi де тiл-жақтан қалып‚ көздерi қараңғыда үңiреңдеп‚
төменге қарай тесiле қарап қалған.
Аздан кейiн бұлардың басшысы боп жүрген көселеу кексе сарбаз ақырын ғана: