127
— Жiгiттер‚ бүгiнгi түн — соңғы түн. Ертеңге қалсақ‚ бәрiмiз де шәһит боламыз. Не iстесек те
бүгiн түнде iстеп қалайық‚ — дедi.
— Ол рас.
— Сонда нима қыламыз?
— Менiңше‚ — дедi бiр жас сарбаз бұлардың қасына жақын кеп‚ — қамал үстiндегi қума жолды
бұлар бiлмейдi. Түнде ұйықтағанда‚ сонымен айналып отырып‚ түскей жақтағы дарбазадан шығайық.
— Дарбазада күзет болса ше?
— Онда қамалдан бiрден сыртқа қарғимыз.
— Әттең‚ арқан да жоқ‚ — дедi бiр сарбаз армандап.
— Айтпақшы‚ осы арада бағана бiр арқан көрдiм‚ — дедi тағы бiрi тiл қатып. — Ә‚ мiне‚ жатыр!
Сарбаздар жапырласып‚ арқанды қолдарына алып қарады. Бәрi қуанып:
— Мынау бiр оңды болды ғой!
— Жерге дейiн жете ме екен?
— Жеткенде қандай‚ екi бөлуге де жарайды‚ — десiп жатты.
Олар түн ортасына дейiн тым-тырыс отырды. Күнi бойғы шайқастан қажыған‚ ыстық соққан орыс
әскерлерi әлдеқашан ұйықтап кеткен. Сырттағы атты казактар да пырылдап жатыр. Тек олардың екi
күзетшiсi от маңында сақ отыр. Сәл дыбыс шықса болды елең етiп‚ жан-жақтарына сақтана қарап
қояды. Сол арада сарбаздардың басшысы боп қалған көсе кiсi сыбырлап:
— Жiгiттер‚ ендi жәйiмен бiртiндеп қозғала берейiк. Бойларыңды көрсетпей‚ еңкейiп жүрiңдер.
Дарбазаға жетпей тоқтаңдар‚ — дедi де‚ өзi қасына екi сарбаз алып жүрiп кеттi.
Жiгiттер оның соңынан ердi. Барлығы да аяқтарын ұшынан басып‚ тар жолмен жүрiп барады.
Төменде тұрған күзетшiлер оларды байқамай қалды. Сарбаздар ақырын жүрiп отырып‚ түскей жақтағы
дарбазаға жақындап барып тоқтады. Кексе кiсi бiр сарбазды барлауға жiберiп едi‚ ол сәлден соң қақпа
алдында күштi күзет барын айтып келдi. Ендi диуалдан тура далаға түспестен басқа амал қалмады.
Кексе кiсi арқанды құлаштап өлшеп‚ екi бөлдi. Екi арқанның екi ұшын қабырғаға тiрелген бөренеге
байлап‚ оның мықтылығын қолымен тартып көрдi. Сосын сарбаздарға қарап:
— Кәне‚ екi арқанмен екi-екi кiсiден түсiңдер! Түскен бойда етпеттеп жата қап‚ анадай жерге
барып тоқтаңдар! — дедi.
Сарбаздар арқанмен жерге түсе бастады. Кексе кiсi жүзге жуық сарбазды түсiрiп болғасын барып‚
өзi арқанға жармасты. Табаны жерге тие бергенде iшiнен Аллаға сыйынып қойды. Сосын еңбектеп‚
сарбаздар жиналып қалған‚ жыңғыл ма‚ қайыр тал ма‚ әйтеуiр‚ бiрдеңе өсiп‚ қарауытып тұрған тоғайға
қарай беттедi. Келсе‚ жiгiттер мұны асыға күтiп отыр екен. Бұл одан әрмен қарай не iстерiн
ойластырып та қойған едi. Ендi аяқтарын тездете басып‚ қараңғылық құшағында бойлап ене бердi.
Қарауытып тұрған қамалдан ұзап шыққасын‚ олар Сырдарияның тiк жат жағасына келдi. Бұл ара
қамысы қалың‚ жолбарысы өрiп жүрген‚ ну жыныс болатын. Iшiне кiрген атты кiсiнiң өзi көрiнбейтiн.
Жан-жағында жуандығы кiсi санындай келетiн дәу-дәу қарағаш өсетiн. Кексе кiсi жiгiттердiң бәрiн
жауып жiберiп‚ он шақты қарағашты құлатып‚ арқанмен буып сал жасатты. Арқан жетпей бара
жатқасын‚ үстерiндегi шекпендерiн қылышпен тiлiп‚ жiп қып есiп‚ қаттырақ етiп буды. Сосын салдың
үстiне қару-жарақтарын тиеп‚ жүзе бiлмейтiндердi мiнгiздi де‚ жүзе бiлетiндердi шешiндiрiп‚
салдардың жиегiнен ұстап жүрiңдер деп тапсырды. Өзi салға мiнiп ап‚ ұзын таяумен ақырын итерiп‚
жағалаудан ұзай бердi. Үш сал жағадан ұзап‚ гүрлеп ағып жатқан дайраның ортасындағы қуатты
ағысқа iлiккесiн‚ төмен қарай құлдилай жөнелдi. Жүзе бiлетiндер салдың жиегiндегi ағаштан ұстап‚
бiрге ағып келедi. Олар қайта аяқтарымен есiп‚ салдың бағдарын өзгертiп отыруға қарекет жасап
бақты. Кексе кiсi бiр қараса‚ Ақмешiттiң қарасы көрiнбей кеткен екен. Ол алғаш рет көзiне жас алып:
— Жаратқан жаббар ием‚ құдiретiңе мың да бiр шүкiршiлiк‚ — дедi де‚ дауыстап дұға окыды.
Қоқандықтар салмен ығып кеп‚ әзер дегенде арғы бетке өттi. Қай жерде ағып кеткенi белгiсiз‚
төрт-бес жiгiтi жоқ боп шықты. Олар жағалауға табаны iлiккесiн‚ ендi асықпады. Киiмдерiн киiп‚
қаруларын бойларына асынып‚ күнгей жақты бетке алып‚ жаяу-жалпылап жүрiп кеттi. Кексе кiсi
жершiл болатын. Қоқан сарбаздарын бастап‚ осы төңiректен талай рет мал тартып алған-ды. Өз
ойынша‚ осы маңда ауыл болуға тиiс. Шынында да‚ оның жорамалы расқа шықты. Елең-алаңда олар
бiр бай ауылдың үстiнен кеп түстi. Пырдай боп ұйықтап жатқан ауылды тез қоршап ап‚
қылыштарымен қорқытып‚ қатындарды зыр жүгiртiп тамақ пiсiрттi. Бұрын қоқандықтар келсе‚
қоқаңдап бiтетiн. Тана ауылы бұлардың түскен ұнжырғасаларына қарап Ақмешiт шәһарының
күйрегенiн аңғарды. Кексе сарбаз да осы жолы мұсылманшылығын бетке тұтып‚ тамаққа тойып‚
тыңайып алғасын‚ Қоқанға жеткенше көлiк тауып бер дедi. Таппаса‚ қан қылатын ыңғайын да
танытып едi. Бастан құлақ садаға деп отырған Тананың байы мыналардың қыз-қатынға қол
салмағанына шүкiршiлiк қып‚ бiр жiгiтiн жұмсап‚ керектерiн тездетiп тауып бердi. Жайдақ аттарға
мiнiп алған қоқандықтар ендi ел қайдасың деп сызып бердi...
* * *
Таң атысымен қоқандықтардың қашып кеткенiн бiлiп‚ Перонский қатты ашуға мiндi. Ашу үстiнде:
— Әкелiңдер тұтқындарды! — дегенiн бiлмей де қалды.
Захваткиннiң атты казактары жиырма шақты‚ кiлең өрiмдей жас сарбазды қойша шұбыртып айдап
әкелдi. Перонский оларға жеркене қарап‚ қолын сiлтеп кеп қалды:
— Бәрiн де дарға асыңдар!
Сол арада Елмырза ыңғайсызданып‚ iлгерi шығып‚ Перонскийдiң жанына келдi:
— Ұлы мәртебелiм‚ мен кеше оларға сiздi зиян жасамайды деп‚ “Құран” ұстап ант берiп ем.
Мынау... қолайсыз болды ғой.