Стр. 129 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

128
— Сiз ақ патшаға ант бергенсiз. Басқа антты мен бiлмеймiн. — Ол Захваткинге бұрылды: —
Бұйрықты орындаңыз!
Захваткин мал соятын кiсiдей бұйрықты орындауға жалақтап кiрiстi. Елу шақты әскердi қатар
қойып‚ барабанды дүңкiлдетiп ұрғызды. Қамал iшiнде қатар өскен екi үлкен қара ағаштың бұтақтарын
қылышпен шауып‚ жалаңаштатып‚ Нахаевқа дар жасатты. Сосын бiр сарбазды сүйреттiрiп‚ дар астына
әкелдiрдi. Сол арада кексе сарбаз алға шығып‚ жылармандай боп‚ генералға қарап:
— Ұлық мырза‚ өлер алдындағы бiр өтiнiшiмiздi тыңдаңыз‚ — дедi.
Тортай оны аударып жеткiзген бойда‚ Перонский:
— Айт өтiнiшiңдi! — дедi.
— Өлер алдында иманымызды үйiруге лұқсат етiңiз!
— Жарайды‚ болсын!
Сарбаздардың ең үлкен боп қалған кiсi жiгiттердiң бәрiнiң қолдарын алып‚ беттерiнен сүйiп‚
көзiнiң жасы ағыл-тегiл боп‚ ортаға келдi. Құбылаға қарап‚ сарта жүгiнiп бiр сүренi зарлы дауыспен
қирағаттап оқи бастады. Қалған сарбаздар оның артынан жерге отыра кеттi. Барлығының түстерi құп-
қу. Зарлы әуен кiсiнiң сай-сүйегiн сырқыратады.
Сол арада Плетнев үстi-басы шаң-шаң Тортайдың қасына кеп‚ дарды көрiп‚ сыбыр еттi:
— Мынауларыңыз айуандық қой! Цивилизация деген...
— Молчать! — деп оның сөзiн естiп қалған Перонский ақырып жiбердi. Захваткинге жалт қарап:
— Алып кет ана нақұрысты! Оған жүз дүре соғыңдар! — дедi.
Захваткиннiң оң қолы боп жүрген‚ еңгезердей‚ мұрны үсiген картоптай Нахаев дейтiн маскүнем
қасына екi казакты ертiп‚ Плетневты сүйрелей жөнелдi. Анау көнбей қарсыласып едi‚ Нахаев оны
жығып сап‚ басқа-көзге қарамай‚ тепкiлей бастады. Сосын оны итермелеп‚ әрi қарай алып кеттi.
Қоқандықтар дұғасын үзбей оқи бердi. Бiр кездерi бәрi Аллаға мiнәжат етiп‚ күнәсi үшiн кешiрiм
сұрап‚ беттерiн сипасты. Сосын кексе кiсi орнынан тұрып‚ бұ дүниядан баз кешкендей селсоқ түрмен:
— Ендi бiз дайынбыз‚ — дедi.
— Тартыңдар! — дедi Перонский орындықта шалқайып отырып.
Атты казактар сарбаздарға тап-тап бердi. Iлгерi шыққысы келмей‚ қасындағы жолдастарына
жармасқандарды қайтып келген Нахаев дойыр қамшымен сабап‚ iштен теуiп‚ жұлып алып жатты.
Олардың бастарына қап кигiзе сап‚ дырылдатып сүйретiп дар астына әкелдi. Бiр бөшкенi төңкерiп‚
соның үстiне мiнгiздi. Дардың дұзағын басына кигiзе сап‚ Нахаев масаттанып‚ бөшкенi етiгiмен теуiп
кеп қалды. Тамағынан сыға түскен пәлеге не қыларын бiлмеген жас сарбаз бұлқынып‚ керiлiп-созылып
әуеде салақтап бiраз тұрды. Аяғының ұшы дiр-дiр етiп‚ созылып‚ созылып тұрды да‚ кенет қатты бiр
ышқынып қап‚ жәйiмен тына қалды.
Сарбаздар шыдамай еңiреп жылап жiбердi.
Нахаев сарбаздардың бiрiнен соң бiрiн сүйреп әкеп‚ дарға аса бердi. Өзiнiң түрi насаттанып‚ гүл-
гүл жайнап кеткен‚ ешкiмнен қымсынбай‚ былапыттап боқтап жүр. Мына түрi Перонскийге
жылмаңдап жағынған көпек ит сияқты. Өзi әскерде жүргенiнде деревнядағы әйелi приказчикпен ойнас
жасап қойып‚ үйiнен қашып кеткелi ол адам баласын көрсе‚ қанын iшсем деп армандайтын. Ендi, мiне,
онда сол аңсағанына жеткен кiсiнiң түрi бар.
Бiр сарбаз дар астына әкеле бергенде‚ қолын бостау байлаған ба‚ бұлқынып қап‚ екi казактың
уысынан шығып кеттi. Ол жан дәрмен деп шетке қарай қаша жөнелдi. Сол арада Нахаев қылышын
суырып ап‚ қашып бара жатқан сарбазды қуып жетiп‚ қиялай шапты. Сарбаздың бiр қолы жерге ұшып
түстi. Қан сау ете қалды. Нахаев екiншi рет шапқанда‚ екiншi қолы шала кесiлiп‚ терiсiне iлiнiп
салақтап бара жатты. Сарбаз екi көзi аларып‚ ендi амалы қалмағанын бiлгендей басымен сүзетiн кiсiше
Нахаевтың өзiне қарсы ұмтылды. Атылып кеп басымен кеудесiнен қойғанда Нахаев шыдай алмай‚
қалпақтай ұшты. Осы кезде жетiп келген екi казак сарбазды найзамен түйреп құлатты. Орнынан атып
тұрған Нахаев ұяттан қып-қызыл боп‚ қылышымен жерде дiрiлдеп жатқан дененi қиқалап шапқылай
бердi‚ шапқылай бердi...
Нахаев ендi кәрiне мiндi. Казактарды шақырып ап‚ қалған сарбаздарды жусатып салды. Қылыш
кескен денелер ортада тау боп үйiлiп жатты. Кексе сарбаз өлер алдында Елмырзаға жалт қарап:
— Әй‚ сенi “Құран” атсын! — деп үлгердi.
Сол арада Нахаевтың қылышы сыр ете қап‚ оның басы домалап кеп Елмырзаның алдына түстi.
Бұрын мұндайды көрмеген ол тiксiнiп қалды. Кексе сарбаздың қан жуып кеткен басының екi көзi әлi
де тiрiлiгiн танытып‚ күн сәулесiне шағылыс жылтырап‚ бұған қадала түскендей. Елмырза шошып‚
керi шегiне бердi.
Перонский сол арада ақ қолғап киген қолын театрда отырғандай соғып‚ айналасына масаттана
қарап:
— Қандай тамаша! — дедi.
Сол күнi Перонский ақ патшаға Ақмешiт қамалы құлап‚ үш жүзге тарта тұтқын қолға түстi‚
жиырма зеңбiрек‚ жүзден астам мылтықты олжа қылдық деп‚ тасырта ақпар жазып жiбердi.
Сол күнi ол көп әскерге сыйлық таратты. Елмырзаға полковник деген атақ берiп‚ арқасына шапан
жапты. Ережепке бұлғын iшiк пен алтын қылыш сыйлады. Қалған қазақтарға да тарту-таралғысын
үлестiрiп жатты.
Сол күнi Ақмешiт қамалындағы мешiттi қиратып‚ Перонский оның орнына шiркеу салуға бұйрық
бердi.
Сол күнi орыс әскерлерi бөшке-бөшке арақтың аузын ашып‚ ұлан-асыр той жасап‚ барқырап өлең
айтып‚ атам заманда атақты Iскендiр Зұлқарнайын қолының да табаны тиiп көрмеген Сыр бойында
тыриып мас боп жатты...