Стр. 130 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

129
21
Жәнiбек Ядгарбекпен қоштасып‚ Аламесекттiң тұсына келгенде өз ауылына тура тартуға бекiндi.
Қасындағы Қожақ емпелеңдеп келедi. Кешегi қанды қырғыннан аман-есен қалғаны өзiне көрген бiр
түстей. Кейде жарақаттанған иығын ұстап қойып: “Оқ осыдан сәл ауып тисе ғой‚ бiттiм”‚ — деп
ойласа‚ бiр түрлi боп кетедi. Шынында да‚ ажал шiркiн адамның iзiнен iзерттесiп жүрген Iбiлiс
сықылды ғой. Оның қай күнi жер жастандырып кететiнiн мүлдем бiлмейсiң. Тiрлiгiңде лоқылдап‚
мына дүнияның бәрi ашсаң‚ алақаныңда‚ жұмсаң‚ жұдырығыңда сияқты боп көрiнедi. Бiр күнi
басыңнан бақ ауып‚ жағаң қисайып қалса‚ кешегi көрген қызығыңның бәрi бiр күншiдей болмай‚ көз
алдыңнан жалт-жалт етiп өте шығады. Тiршiлiктiң кәдiрiн бiлмегенiңе сен сонда ғана бармақ тiстейсiң.
Басыңды шайқап‚ кеше ғана қолыңда тұрған мүмкiндiктi ретiмен пайдалана алмай қалғаныңа
ренжисiң. Бiрақ өтер дүния өтiп кеткен. Келешекте соны жөндеу мүмкiн емес. Мұның бәрi келер ұрпақ
үшiн сабақ қана. Мiне сондай бiр сабақтан өзi аман-есен қайтып келедi. Кешелерi Ақмешiтте болған
қырғынды айтсаң‚ тыңдаған кiсi сенбейдi. Бұл оқ пен өрттiң ортасынан шығып келе жатыр. Құдай
оңдап‚ жеңiл жарақаттанды. Кемiс боп қалса кәйтер едi? Халық үшiн туған қайратты ердiң қайсысы
осындай қиын-қыстау кезеңнен өтпейдi‚ а? Халық үшiн? Сонда қай халық? Өз халқың ба? Ау‚ оны
кешелерi Хиуа бектерi талап‚ малын алып‚ қызын масқаралаған жоқ па? Сен сонда Хиуа бектерiне
қарсы соғыс ашқансың. Ендi кеп сол Хиуа мен Қоқанның сойылын соғып келе жатырсың. Сонда бұл
не? Жәнiбек ат үстiнде қозғалақтап қойды да‚ қасындағы Қожаққа бiлдiрмей көз тастады. Ол да ұзақ
жолдан қажығандай екен. Мұның назары түскенiн байқаған ол:
— Жақын жердегi ауылдардың бiрiне түсемiз бе? — дедi.
— Мен де солай ойлап келе атырмын.
— Осы арада Табын ауылдары болуға тиiс. Соның бiр ауылына қонып‚ сорпа iшiп‚ әлденiп
алмасақ‚ — қиын-ау‚ — деп ол мұның жайын ойлайтынын аңғартты.
Жәнiбек үндеген жоқ. Аздан кейiн олар бiр үлкен көлдiң жағасындағы сабат жерде отырған‚
қараүйлерi ақ шаңқан бiр ауылға кеп құлады. Шет жақтан аттарын ақырын жүргiзiп кеп‚ желiге
байлады да‚ ортада тұрған үлкен отауға беттедi. Iшке кiрiп‚ сәлем бергенде‚ оң жақта отырған еңсегей
бойлы‚ ақ сұр кiсi:
— Сәлемшi болсаң‚ төрге шық‚ — деп ақ жарқын қабақ көрсеттi.
Бұл келгендерi Табын Бұхарбай батырдың ауылы боп шықты. Батырдың қырғыз жағынан
келгенiне аз ғана уақыт болыпты. Шынар дейтiн келiншегiнiң аяғы ауыр екен‚ ол тегене толы
қымызды iшке қинала көтерiп кiрдi. Сосын отыра қап‚ сырлы ожаумен ұзақ сапырып‚ сапар кеселерге
қымыз құя бастады.
— Шөлдеген шығарсыңдар‚ кәнеки‚ қымыз алыңдар‚— деп Бұхарбай ықылас бiлдiрдi.
Жәнiбек көптен берi қымыз iшпегесiн‚ сағынып қапты‚ сапар кесенi басына бiр-ақ көтердi. Екiншi
кесенi орталап барып‚ бiр демалды. Сол арада Бұхарбай бұған қарап:
— Осы Ақмешiттегi қоқандықтарды орыс әскерi қуды деген не сөз? — дедi. Жүзiнде қызығу табы
бар.
— Ол рас. Бiз сояқтан келемiз‚ — дедi Жәнiбек селқос қана.
— Сонда кәдiмгiдей соғыс болды ма?
— Болғанда қандай! Шайқастың кәрәмәты сонда болды. — Жәнiбек өзiнiң көрген-бiлгенiн бiр
қыдыру әңгiме етiп айтып бердi.
— Апырмай‚ мынаусы рас болса‚ сұмдық екен‚ — дедi Бұхарбай таңданып. — Бұрындары бiз
найза мен сойылға мәз боп жүре берушi ек. Ендi қара мылтықсыз қиын болды ғой. Ақ патша осы
бетiмен iшкерiге қарай бармақ-ау‚ ә?
— Шамасы солай.
— Сонда... олар бүткiл Қоқан мен Бұхар хандарын өз ырқына көндiрмек пе?
— Көп қорқытады‚ терең батырады деп тегiн айтылмаған ғой. Күшi жеткен кiсi не iстемейдi? Бұ да
соның бiрi.
— Иә‚ солай‚ — деп Бұхарбай даусын созып бiраз отырды.
Жәнiбек оның қырғыздардан Шынар деген қы алып қайтқанын естiген-дi. Сол үшiн кәзiр Бұхарбай
мен Байқадам қырбай екен. Бұрын тату-тәттi отырған ауылдар ендi араларын алшақ салып‚ бөлектене
бастапты. Соны сезетiн болса керек‚ Шынардың әдемi жүзiнде бiр кiреуке бар. Басын төмен салып‚
көтермейдi екен. Және де кiсiге туралап қарамайды. Сөзiнен қырғыздардың қирағаты анық сезiледi.
Жәнiбек оған бiр рет көз тастап қойып‚ Бұхарбайға қарап:
— Сонымен Қайып хан да ол дүниялық болды деңiз‚ — дедi.
— Иә‚ солай. — Бұхарбай күрсiндi. — Хан болып‚ айдыны тасып тұрған кезiнде‚ жұрттың бәрi
аяғына жығылып‚ қоғадай жапырылып едi. “Өлдiң Мамай‚ қор болдың” деген нақ осы. Басын кесiп‚ ақ
патшаға жiберу деген не деген сұмдық?
— Апырмай десеңiзшi!
— Құдай оған дұрыс өлiмдi де қимады. — Бұхарбай сәл отырып қалды. — Ол пақырдың қасында
бiраз жүрдiм. Ақыры болмағасын‚ елге қарай тарттым. Ояқтан тапқан олжам‚ — мына отырған
жеңгең. Сен де бiр елiң үшiн ат белiнен түспей жүрген жiгiтсiң ғой. Мына заманның райын байқадың
ба? Соңы не болам дейдi?
— Анық бiле алмай тұрмын. Бiресе Қоқан мен Хиуаға‚ бiресе ақ патшаға жем болуды бiздiң
маңдайымызға жазып қойған ба дейiм.
— Айтпа‚ бала.
— Ендi неде болса‚ нар тәуекел деуден басқа дәнеме де қалған жоқ. Ақ патша елдi тиыш отырғызса
болды ғой.