12
тартыншақтай берген бiр жас қызды сүйрелеп келе жатыр. Бағана бұл: “Қамалға кiргеннен кейiн мен
әмiр еткенше бұйырғанын алыңдар‚ қолдарыңды еш қақпаймын”‚ — деген-дi. Соған ықыластанған
сарбаздардың кәзiр Созақ жұртының бар үйiн тiнтiп‚ сандықтарды далаға лақтырып шығарып‚ дүния
iздеп‚ әлек-шәлегi шығып жатқан. Мына сарбаз мал-мүлiктен гөрi қыз тапқанды жақсы көрген-ау! Хан
оны қызық көргендей кенет басын бұрып‚ қасындағы төлеңгiтiне ым қақты. Ол мұның арғы ойын
түсiнiп‚ атын тебiнiп қап‚ осы кезде шеттей берген әлгi сарбаздың алдын кес-кестедi де:
— Жүр! — деп қысқа бұйырып‚ оны атының омырауымен қағамаға хан алдына алып келдi.
Жiгiт жарадар екен. Сол қолының қарынан шып-шып шыққан қан iзi көрiнiп тұр. Өзiнiң бойы iрi‚
қол-аяғы балғадай‚ нағыз қатқан қара. Хан оның түрiне қарап‚ Тамалардың жiгiтi екенiн аңғара қойды.
Осы бiр жауынгер елдiң жiгiттерi шетiнен түрiкпендерше сылыңғыр боп келетiн. Қайып оған күле
қарады:
— Олжа қалай?
Сарбаз да күлдi:
— Жаман емес.
— Оны қайдан таптың?
—Тақсыр‚ анаяқтан! — деп сарбаз кейiнгi жаққа бұрылып‚ қолын сiлтедi.
— Ау‚ үйде басқа келiн жоқ па едi?
— Хан ием‚ кедей кiсiге қатын алу оңай ма? Екi ағам бар едi. Солардың қалың малының
шығынынан құтылам деп әке-шешем тырбанып жүрiп қайтты. Мен болсам... осы... Кеше‚ тақсыр‚
сiздiң әмiрiңiздi есiткеннен кейiн... жақсы олжам осы болар деп ойладым.
— Е‚ жөн екен. — Хан күлдi. — Өзi қандай сонда?
— Бiлмейiм. Бетiн ашпайды. Жақындасам болды‚ тырналайды.
— Қызық екен. — Хан шынымен-ақ жарыла күлдi. — Ендеше бiз де көрелiк. Бәрiмiздi де тырналар
ма екен?
Жiгiт дем арасында самсоз бола қалды. Ымды түсiнген төлеңгiт сол сәт атынан қарғып түсе қап‚
именшектеп тұрған қыздың жiбек пәренжасын ашпақ болды. Қыз оған қарсылық көрсетiп‚ өзбекшелеп
бiрдеңе деп‚ арық қолдарымен пәрәнжасына жармасты. Едiреңдеген төлеңгiт әй-шайға қараған жоқ.
Ол тырналай бастаған қыздың қолын керi қайырып‚ ожар бiр қимылмен оның басындағы жiбек
пәрәнжасын сыпырып кеп қалды. Сол кезде қара жiбектiң әр жағынан мойылдай мөлдiреген екi қара
көз жарқ ете түстi. Қыздың ұзын шашы дудырап кеткен. Сүйiршелеу боп бiткен жұқа танауы дiр-дiр
етедi. Оның көзi әйдiк‚ аялы екен. Сәл-пәл сопақшалау бетi күн тимегендiктен балғын тартып көрiнедi.
Қыз өте сұлу екен. Қайып хан одан амалсыз көзiн тайдырып әкеттi. Тез арада тұтана қалған нәпсiсiне
тиырым сала алмай‚ қайтадан оған бiр рет қарады. Қыз‚ шынында да‚ сұлу екен. Нәсiлiнде
фарсылардың қаны бар сықылды. Екi көзi мөлдiреп-ақ тұр! Хан ерiксiз жымиып:
— Ау‚ сен өзiң жолың болғыш жiгiт екенсiң. Бiрақ осындай кезде... қазақтың бұрыннан келе
жатқан ырымын бiлушi ме ең? — дедi.
— Иә. — Жiгiт бiр пәленiң боларын сезгендей қап-қара боп кеттi.
— Бiлсең‚ олжа‚ олжа бер!
Жiгiт үндемедi. Сол арада нөкерлерi бөрiше шулап қоя бердi:
— Хан ием дұрыс айтып тұр!
— Олжа‚ олжа!
— Мынау тақсырға ылайықты қыз екен!
Бiр шатақтың боларын сезген тама жiгiт қыздың қолынан жiбермей қыса түстi. Сол арада
әпербақан үш-төрт нөкер аттарын тебiнiп қап‚ омыраулата келдi де‚ қыздың қолынан ұстап тұрған
сарбаздың бiлегiн дойыр қамшымен бiр тартып өттi. Жiгiт қыздан айрылған жоқ. Қаммен екiншi рет
тигенде‚ оның қабағынан соққыны ауырсынғаны байқалды. Үшiншi рет тартып өткенде‚ ол
саусағының қалай жазылып кеткенiн байқамай да қалды. Сол арада ол көзi от шашып‚ ханға қаһарлана
қарап:
— Уа‚ тақсыр‚ әмiр еткенше қолдарымды қақпаймын дегенiңiз қайда? Сонда хан жарлығы екi
болғаны ма? — деп саңқ ете түстi.
— Өй‚ ит‚ өшiр үнiңдi!
— Ханға қарсы сөйлейтiндей сен кiм едiң?
— Хан ием олжа сұрап тұрған жоқ па? — деп төлеңгiттер жан-жақтан әлгi жiгiтке лап қойды. Олар
аттарының омырауларымен Тама жiгiтiн бiр шетке қарай ығыстыра бастады. Сарбаз оң қолына ұстаған
жалаң қылышын төбесiне ойнатып‚ жүзi әлем-тапырақ боп шегiне бердi. Мына қалпында оның
ешкiмдi де аямайтыны белгiлi едi. Соны сезген Қайып хан:
— Тоқтаңдар! — деп саңқ ете қалды. — Тимеңдер! — Сосын қалтасына қолын салып‚ күмiс тiллә
салынған кiшкене қалтаны алды да: — Мә‚ ақың! — деп жiгiтке қарай лақтырып жiбердi. Оны бiр
төлеңгiт қағып ап‚ сарбаздың аяғының астына тастады. Хан оған қарап жатқан жоқ‚ нөкерiне: — Бұл
сарбазға шапан жабыңдар! Сосын менiң бiр кәнизәгымды қатындыққа берiңдер! — деп қысқа бұйрық
қылды.
— Әй‚ әдiлдiгiңе болайын‚ тақсыр!
— Бұдан артық саған не керек!
— Хан қонған құдықтан дәм тататын болдың! — деп қалған нөкерлер шулап қоя бердi.
Қайып хан жарамсақтанған жасауылдардың сөздерiн құлағына да iлмей‚ атын тебiнiп қалды...
* * *
Қайып сол күнi тұтқын болған қоқандықтарды қол-аяғын кiсендетiп‚ Бұхараның құл базарына
айдаттырып жiбердi. Сосын кешкiсiн ордасына келген би мен бектерге арнайы қонақасы бердi. Олар