132
Шөменнiң ең бiр құйқалы жерлерiн кесiп‚ тартып алып жатқанынан шошыды. “Апырмай‚ бұ қалай?” –
деп‚ таңдайын қақты. Ертең ақ патшаның мына малдың өрiсi мен жайылымын да осылайша тартып ап‚
тынысын тарылтатынын ойлағанда‚ маңдайынан қара тер бұрқ ете қалғандай болды. Ол атын жай
аяңдата отырып‚ Захваткиннiң үйi тұрған жерге тақау кеп тоқтады. Атының шылбырын Қалмырзаға
ұстата сап‚ үстi-басын қағынып iшке кiрдi. Захваткин мен Тортай екеуi шампан iшiп отыр екен. Мұны
көрiп‚ Захваткин орнынан тұрып:
— О‚ хош келдiңiз! Қалай ана сатқынды ұстай алдыңыз ба? — деп‚ екi қолын жайып‚ қапсыра
құшақтады. Аузынан шарап исi бұрқ ете қалды.
Ережеп тыржиып‚ бетiн әрi бұрды. Захваткин оны бетiнен шолпылдата сүйiп:
— Вот‚ молодец! Бiз сендердi Европаның әдет-ғұрпына үйретемiз‚ — дедi.
Сол арада Мария Ивановна өтiрiк күлiмсiреп:
— Оған дейiн... көп уақыт керек шығар‚ — дедi. — Мына киргиздарды столға үйретем дегенше‚
бiраз заман да өтер.
— Қазақтар деңiз‚ — дедi Тортай жаратпай.
— Ах‚ да‚ мен осы ұмытып кете бере. Қазақтар ғой... Дұрысы осы ғой‚ ә? Осы... казак пен қазақтың
арасында байланыс жоқ па? — Ол әйдiк көк көзiн Тортайға төңкере қарады.
— Аздап баршылық. Бiрақ дiндерi бөлек‚ — дедi Тортай әйелдiң наздана қалғанына сүйсiнiп.
— Да ну их‚ — деп Захваткин қолын бiр-ақ сiлтедi. — Кеше бiз қоқандықтарды күл-талқан
қылдық. Сонда қазақтар жаман шайқасқан жоқ. Бiрақ олар атты казактарға жете алмайды.
— Ау... олар деген соғыс өнерiне арнайы дайылдалғандар. Қазақтар болса‚ мүлдем басқа... —
Тортай қызарақтап қалды.
— Ну‚ полноте‚ поручик. — Ол Ережепке бұрылды. — Кәнеки‚ отырыңыз. — Ол бокалға шампан
құйып‚ Ережептiң қолына қояр да қоймай ұстатты. — Кәнеки‚ бiздiң тамаша жеңiсiмiз үшiн тартып
жiберейiк.
Захваткин мен Тортай бокалдарын сыңғыр еткiзiп бiр соғыстырды да‚ түгел iшiп қойды. Ережеп не
iстерiн бiлмегендей‚ қолындағы бокалға аз-кем қарап тұрды да‚ ернiн жақындатып‚ аздап ауыз тиiп
көрдi. Бiрден кермек дәм оның танауын қыдықтады. Ол жеркенiп қап‚ бокалды үстел үстiне қоя салды:
— Рахмет‚ ұлық. Бұрын iшпеген дәмiм едi.
— Ничего‚ әлi сендердi шампан түгел‚ арақты бөшкелеп iшуге үйретемiз. Сосын шiркеуге
апарып...‚ — дедi де‚ Захваткин сөзiнiң соңын жұтып‚ биiк орындықтың арқасына шалқалай кетiп‚ бар
даусымен қарқылдап күлдi. Оның түкiрiгi шашырап‚ Ережептiң бетiне тидi.
Ережеп бiлдiрмей‚ бетiнен түкiрiктi сүртiп‚ керi қарай бiр ысырылып отырды. Тортай оған қарап:
— Сонымен‚ Жәнiбектi ұстай алмай қайттыңыз ба? — дедi.
— Иә. — Ол болған жәйттi қадырмай түгел айтып шықты.
Сол арада Захваткин қолын бiр сiлтеп:
— Ол бiзден қашып қайда құтылады дейсiң. Керек болса‚ кейiн де ұстап аламыз‚ — дедi. — Ал‚
мырза‚ Петербургтан мынадай бiр жақсы хабар бар. Ақмешiт қаласы ендi Перовск деп аталатын
болды. Менi мына Қазалы фортына бастық етiп тағайындады. Ендi бiраздан соң Қазалыны уезд етiп‚
оны ауылдарға бөлiп‚ волостной управительдер сайлаймыз. Соның бiрi өзiңiз боласыз. Оған дейiн сiз
өз ауылыңыздың бастығысыз. Ал ана Елмырзаны сол жақтағы рулардың бастығы етiп тағайындадық.
Солай‚ мыр-р-за!
Ережеп iштей жиырылды. Захваткиннiң мас бола бастағанын көрiп‚ үнжырғасы түсiп‚ өзiнiң осы
жайының сөкет екенiн аңғарды. Ол сәлден соң шаршағанын сылтауратып‚ ауылына қайтпақшы болды.
Ережеп Тортаймен қоштасып‚ қасына Қалмырзаны ертiп‚ бекiнiстен ұзап шыққасын‚ Қырдағы
ауылына қарай сызып бердi. Бұ кезде Сыр даласы күнге күйiп‚ көктемдегi бар ажарынан айрыла
бастаған да едi. Шөптер әлден-ақ сарғайып кетiптi. Бiр арада қалың еркектiң басы бүрленiп‚ дән толы
сабағы сарғая қалған екен. Құртқашаштар баяғыда-ақ солып үлгерiптi. Ол бұйырғынды алаңмен атын
жәйiмен бастырып келе жатып‚ тынысы кеңiп‚ бойы қунақ тартып сала бергендей болды. Аздап
ыңырсып ән сала бастады. Есiне ана әумесер Тайпанның Жәнiбектi шоқпармен келiстiрiп тұрып бiр
ұрғаны түсiп‚ күлiмсiреп қойды. Неде болса‚ бұл ақ патша жағына шығып ап‚ ата жауының белiн бiр
сындырды. Ендi оның орыс ұлығының қыбын таба қоюы екi талай шаруа. Оның үстiне бұлар
Жәнiбектiң Ақмешiт қамалын аларда өздерiне қарсы соғысқанын өмiрi ұмытпайды. Кейiннен келiсiп
жатқанның өзiнде‚ олардың бiр бүйiрiне осы бiр нәрсе тiкенектей қадалады да тұрады. Сосын
сыздауықша толыса келе әлгi жара бiр күнi... бiр-ақ жарылады. Ондайда не бас кетедi‚ не тақ кетедi.
Ол кеуiлденiп кетiп‚ астындағы атын қаттырақ тебiнiп кеп қалды. Жүйрiк ат бiрден шоқыраққа көштi.
Одан Қалмырза да қалысар емес. Ендi олар бiр-бiрiмен жарыса отырып‚ Егiзқараның теңiрегiн жайлап
отырған өз ауылына жақындап та қалды. Күн бата олар сабат жерде қараүйлерiн тiгiп тастаған ауылға
да жеттi.
Нағима шәй әкеп‚ дастархан жайып‚ әлек боп жүр. Қалмырза шәй үстiнде онша ашылып сөйлей
қоймады. Ережеп те артық аяқ баспады. Сол үстiне Мәниға кеп кiрдi. Оны көре сап‚ Нағима қабағын
түйiп ала қойды. Оған қарап жатқан Мәниға жоқ‚ жайқаңдап кеп‚ Нағиманың қасына отырып жатып‚
бұлармен амандасты. Сосын Ережепке қарап:
— Қайным‚ қалай аман-есен келдiң бе? — дедi.
— Шүкiршiлiк.
— Қырық жыл қырғын болса да‚ ажалды ғана өледi деген. Әйтеуiр‚ жарақат-парақаттан саусың ба?
— Құдайға шүкiршiлiк‚ саумыз.
— Е‚ онда дұрыс екен. Екi қатынның қарап отқан жүрiсi майда құла жорғасы аман-есен болса‚ сол
жетедi ғой‚ — деп ол сайқылана күлдi.
Ережеп ыңғайсызданып‚ қабағын түйдi. Мәниға шәй iшiп жатып:
— Ұлы сөзде ұяттық жоқ деген. Мына күйеу баладан да қолайсыз болды-ау‚ — дедi.