Стр. 135 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

134
— Ойбай-ау‚ сенiмен бiрге жүрмегенде‚ кiммен жүрем? Айналып қана кетейiн‚ атқосшың болуға
мен таярмын. Осы кәзiр-ақ ел аралап кетсек пе екен?
— Кәзiр бола қоймас. Үш күннен кейiн мына йақтағы... бiр шақырған жерге барам. Сонда бiрге
жүрiңiз‚ — дедi Нияз аңқылдап.
— Ойбай‚ онда болды. Кәне‚ қолды әкел! — Ол алақанын мұның алақанына шарт еткiздi. —
Ниязжан‚ осы сөзiңдi ұмытпа. Ақмешiттi талқандап‚ батыр атанып келген ағаң iж нәстеден жығылып
қалмайды. Сонымен‚ уәде Алланың аты деген. Үш күннен соң ауылыңа барам.
— Жақсы‚ — дедi де‚ Нияз жөнiне кеттi.
Тиышбек iштей қуанып‚ Әбдiраманның ауылына түс ауа жетiп алды. Жоламан осы жолы Бұхара
жағына шығып‚ көп қып тауар әкелген екен. Паршасы да‚ масаты-мәулiмi де‚ шәйiсi де жетерлiк
көрiнедi. Онысын төңiректегi ауылдарға апарып‚ малға айырбастап‚ саудагер жiгiттiң әбден iшi
майланып қалыпты. Өзi соңғы кездерi семiре де бастапты. Оның кiшкентай көздерiн май көмгесiн‚
күлгенде көзi қиықтанып‚ мүлдем сығырайып кетедi екен.
Ол Тиышбектiң әңгiмесiн ықыласпен тыңдап‚ қолпаштап қойып отыр. Соны медеу көрген бұл ендi
алдына жан салмай жорғалай жөнелдi:
— Бала‚ саған өтiрiк‚ маған шын. Күбiрнәтiрмен мына жаман ағаң табақтас болды ғой. Болғанда
бар ғой‚ ол өзi семiз‚ дәу орыс екен‚ былай‚ iспәсибi деп‚ қолымды алып‚ әйдiк сапаркесеге арақ
құйып ұсынды.
— Қойшы‚ шын ба?
— Шын болғанда қандай! Үлкен ұлықтың өзi берiп отқасын‚ әлгi пәлесiн iшпеуге болмайды екен.
Мен оған қарап: “Мен мұсылман едiм‚ кәпiрдiң арағын iшсем күнә болады”‚ — деп ем‚ ол күлiп: “Бiз
де қазақтың етi мен қымызын iшiп-жеп жүрмiз ғой. Ол сонда бiзге күнә боп саналмай ма? Мынау да
сондай! Оған қарамай тартып жiбер!” — деп‚ өзi кесенi қолымен алып бердi. Соны көрген Ережеп пен
Елмырзаның iшi өртенiп кеттi. Мен соларға қыр көрсетiп‚ әлгi сапар кесенi басыма бiр-ақ көтердiм.
Бала‚ көтергенiм бар болсын‚ у iшкендей болдым. Өңешiм күйiп қалды. Аузым жаман ашып кеттi.
Соны көрiп‚ күбiрнәтiр қарқ-қарқ күлiп: “Иә‚ аузының дәмiн ал” — деп бiр түйiр кәмпит бердi. Әлгi
кәмпит дегенiң өте тәттi болады екен. Соны жеп алып‚ күбiрнәтiрмен қоштасып‚ сыртқа шығайын.
Жаңа ғана түс ауып‚ салқын түскен сықылды едi. Ендi тұла бойым өртенiп барады. Бiр қарасам‚ басым
айналып‚ көзiм кiлгiрiп‚ тiлiм iж сөзге келмейдi. “Бұ не болды?” — деп өзiмдi-өзiм күштеп‚ iлгерi
қарай жүрейiн десем‚ аяғым жаңа туған бұзаудың аяғындай кiлт-кiлт етедi. Сонымен‚ хас машқараң
мен болайын. Дем арасында мас болдым да қалдым. Сонымды көрiп‚ орыстың әскерлерi қарқ-қарқ
күледi. Оған қарап жатқан мен жоқ‚ басыма шекпенiмдi жастап кеп жiберiп‚ ал кеп ұйқыны соғайын
кеп. Содан бiр уақта қарасам‚ түн ортасы боп қапты. Тұрсам‚ басым сынып барады. Бала‚ арақ дегенiң
тек бастан алады екен. Мен сүйтiп бiр қызыққа баттым.
— Ойбай-ау‚ Тәке‚ аузыңызды арамдап алыпсыз ғой‚—деп‚ Жоламан екi бетi бөкпендей боп
отырып ырқылдап күлдi.
— Иә‚ сүйттiм. Келе Әбдiржан моллаға барып‚ дұға алып‚ мұсылман қалпыма түстiм.
— Апырмай‚ ә?
— Солай‚ бала. — Тиышбек сыртқа қарап үңiреңдеп‚ мойнын созды. Қазан-ошақ жанында жүрген
әйелдер көрiнбегесiн: — “Тамағы пiспестiң қазаны оттан түспес”‚ — деген. Сендер кiсiнi аштан
қатырарсыңдар. Қой‚ кеттiм‚ — деп орнынан тұрды. Iшiнен сараң Жоламанды бiр боқтап‚ атына мiнiп
ауылына қарай тайды.
Ол үш күннен кейiн қоржынның екi басына керек-жарағын салып‚ Нияздың ауылына келдi.
Сағынай шал биыл қартайып кетiптi. Буын-буындары күтiрлеп‚ орнынан әзер тұрып‚ сыртқа кiрiп-
шығуға ғана жарап жүр екен. Бұл оның да құлағының құрт етiн жеп‚ бiраз ештi де‚ тамақ келгесiн‚
аузына бiрден құм құйылды. Ол қынынан кездiгiн суырып ап‚ Нияздың алдындағы табаққа қолын
созып‚ жас қозының етiнен бiр кесiп алып жедi.
— Әй‚ мынауың бал татиды ғой‚ — деп тағы бiрiн кесiп ап‚ аузына тағы салды. Ет ыссы екен‚ аузы
күйiп‚ көзiнен жас ыршып-ыршып шыға келдi.
Ет турап отырған Нияз оны көрiп‚ қарқ-қарқ күлдi:
— Қомағайдың сазайын бiр-ақ асам май берсiн деген! Соншама не бар едi?
— Ендi... былай... Көзiм қызығып кетiп‚ — деп Тиышбек мiңгiрледi де қалды. Әшейiнде алдына
жан салмайтын ол: “Қой‚ үндемейiн‚ бiрдеңе десем‚ мынау қасына ертпей кетер”‚ — деп жұмған
аузын ашпады.
Еттен кейiн iшiне бiр тостаған шұбатты құлата сап‚ Тиышбек ұйқыға кiрiстi. Ертеңiне таң
алакеуiмнен тұрып‚ намазын шала-пұла оқып‚ жолға шығуға қамдана бастады. Нияз асықпаған сайын
бұл дызығып бiттi. Ақыры Нияз да атына ер салып‚ киiз қапты домбырасын қолына ұстап‚ жолға
шықты. Екеуi әзiл-қалжың айта отырып‚ Қарақ жағындағы Балқылардың ауылын бетке ұстап кете
барды.
Ниязды жырласын деп шақырған Ақбалқының бiр байы екен. Оның үлкен ұлының әйелi он қыздан
кейiн ұл бала тауыпты. Соған бай шал жан-жақты шақырып‚ ұлан-асыр той жасамақшы болыпты.
Соңғы кезде дәрпi жайыла бастаған Ниязға кiсi жiберiп‚ арнайы алдыруды ойластырыпты. Соны
көрген Тиышбек әлден-ақ алға түсiп‚ Нияздың оң жағына отырып ап‚ қоқиланып қойды. Нияз үлкен
бiр қиссаны бастап‚ даусын сазбен майдалап созып‚ шын шабысқа жаңа кiрiскен едi. Тиышбек мұрнын
анда-санда қорқ еткiзiп тартып‚ ащы даусымен қышқырып‚ әлмәһәл “өй‚ пәли” деп қояды. Аздан кейiн
оның айқайы отырған кiсiлердiң мазасын ала бастады. Мұртын әдемiлеп қойған бiр шал оны
жақтырмай:
— Әй‚ шырағым‚ мынаның сөзiн тыңдатсайшы‚ — дедi.
Тиышбек оған сасық күзенше шақ ете қалды: