Стр. 136 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

135
— Ақсақал‚ пәли дәмесең‚ жыраудың бабы келе ме? Өзiң бұрын жырау көрмеген қандай кiсiсiң?
Жақтырмасаң‚ қойыңды бақтырма! Бұ несi-әй‚ кiсiнiң жынын келтiрiп...
Нияз оны сол сәтте тыйып тастады да‚ әрi қарай жырлап кеттi. Ол шынымен көшелi жыраулар
санатына енiп‚ әбден төселiп алған екен. Даусын аса бақырмай сазбенен созып‚ әр қайырымның нәшiн
келтiре құбылтып‚ баппен айтады. Оны тыңдаған жұрт әбден ырза болды. Нияз қиссаның үлкен бiр
бөлегiн аяқтай бергенде‚ бағанадан берi қалғып-мүлгiп отырған Тиышбек кенет селк етiп‚ басын
көтерiп алды. Сосын қулана күлiп‚ қолындағы шаршыны ортаға жайып жiберiп:
— Кәне‚ мақтау басталсын! Мақтау болады! Тастаңдар ортаға бар асылыңды! — дедi.
Бiр дембiлше келген‚ тырсиған беттi қара жiгiт күмiс бiлезiктi шаршы үстiне тастап:
— Менiң бiр жеңгем бар едi. Соны мақтап жiбершi‚ — дедi.
Нияз жанынан суырып өлең айтуға да машықтана бастаған екен. Әлгi жеңгесiнiң атын сұрап ап‚
домбырасын күмбiрлете бiр қайырып‚ өлеңдi соға жөнелдi. Ара-арасында әзiл-қалжың қосып қояды.
Оны естiген жұрт ду күледi.
Бұдан кейiн де бiрнеше кiсi қатар‚ құрдастарын мақтатты.
Тиышбек мақтау бiткесiн‚ орамалдың үстiнде жатқан алтын сырға‚ бiлезiктердi өзiне қарай тартып
ап‚ қоржынға тыға салды да‚ “Бiр-екеуi менiкi шығар”‚ — деп өз өзiнен ыржалақтап қойды. Ендi ол
Нияздың асықпай жырлағанын ұнатпай: “Неге сонша сағыздай соза бередi? одан да әтем-сәтем ғып
бiтiрiп‚ мақтауын бастамай ма?” — деп iшiнен күстәналай бастады. Ақыры шыдамай ол ет келгенше
қылжиып ұйықтап қалды.
Нияз сол ауылда бiр-екi күн жырлағаннан кейiн елiне қайтпақ болды. Той егесi оның астына ат
мiнгiзiп‚ екi айыр түйенi жетелеп әкеп бердi. Тиышбек бiреуi менiкi болар деп ойлап‚ қуанып кеттi.
Дереу ол түйеге жетiп барып‚ оның жүнiнен тартып тұрып:
— Паһ‚ паһ‚ мал болғаныңа! Нағыз арабтың желмаясы ғой‚ — деп айналшақтап болды.
Ертесiне Нияз екеуi ауылға қайтты. Екi түйенi жетелеп келе жатқан Тиышбек өз өзiнен ыржаң-
ыржаң етедi. Ақыры ол шыдамай‚ Ниязға бұрылып:
— Әй‚ мынаның маған қайсысын бересiң? — дедi.
Нияз күлiп:
— Кейiн көрермiз‚ — дей салды.
— Жоқ‚ сен мәнтай-шәнтайды қой. Беретiнiңдi осы бастан ашық айт. Ау‚ ау‚ мен сенiң қосыңды
жеккенде‚ маған да олжа түссiн дегем жоқ па? Сен‚ бала‚ кәне‚ қиқаңды қой.
Нияз онымен ерегесiп жатпай:
— Қалағаныңды ала ғой‚— дедi.
Тиышбек қуанып кетiп‚ қатардағы түйеден сөгерлiгi артық‚ сирақты қара iнгендi таңдап алды.
Сосын жарым жолдан асқасын‚ Ниязды жаңғыз тастап‚ түйесiн бұйдасынан жетелеп‚ ауылына қарай
тартып бердi. Былай шыға бере‚ жаңғыз өзi кетiп бара жатқан Ниязды көрiп‚ айдаланы жаңғырықтыра
күлдi:
— Алдайтын кiсiнi тапқан екенсiң! Ойбай‚ iшегiм...
24
Бүгiн Елмырзаның ауылында үлкен бiр жиын бар. Оның Ақмешiтке барып‚ полковник атағын
алғанын естiген Кете‚ Шөмекейдiң игi жақсылары жиылып‚ құтты болсын айта келген-дi. Бәрi де
соңдарына бiр-бiр мал ертiптi. Әзәлден шығымсыздау Елмырзаның бiр есеппен осы жолы қолы
ашылып кеттi. Ол екi тай сойдырып‚ мес-мес қымыз алдырып‚ келген кiсiлерге жылы шырай көрсетiп‚
шуылдасқан аңқау жұртты ет пен қымызға қарық қылды да тастады. Сосын келiп жатқан кiсiлердiң
бет-ажарына қарап отырып‚ мына тойға деген шығынының ертең екi есе боп қайтатынын iштей бiлдi.
Жиылған жұрт ет пен қымызға тойғасын‚ атылас көрпе үстiнде қисайып жатып‚ бiр мезгiл еру
әңгiмеге ойысты. Төрде жатқан дөңбектей семiз сары шал сирек сақалын тарағыштап отырып:
— Елеке‚ сонымен бұл өзi... Сыр бойына ақ патшаның шындап аяқ салғаны ма? — дедi.
Елмырза бiрден жауап бере қоймай‚ ыңыранып бiраз отырып барып сөйледi:
— Солайы солай.
— Сонда ол не iстемекшi? — дедi әлгi шал мұны ақ патшаның өзiмен тiлдесiп келгендей көрiп.
— Менiң бiлетiнiм‚ — дедi Елмырза сол арада кесiп сөйлеп‚ — ақ патша мұсылмандарға тек қана
қамқор болмақшы. Дiнiңе де‚ тiлiңе де iж зиян келтiрмейдi.
— Е‚ онысы жақсы екен.
— Бiреулер шоқындырады екен деп шошытып едi.
— Бәсе-ау‚ — деп‚ отырғандар бiр дуылдасып қалды.
Сол арада Елмырза байсалды түрмен:
— Ағайындар‚ бұл арада мына бiр жәйттi ескерген жөн‚ — дедi. — Күштiнiң қорқытатыны рас. Ақ
патшаға әлi жетсе‚ кеше оның қолын Қоқан ханы неге тас-талқан қылмады? Әлi жетпейтiлiн бiлiп‚
қамалын бұзса да‚ тып-тиыш отыр. Баяғыда Жаңақаланы талқандағанда хиуалықтар қазақты тып-
типыл етiп кете жаздаған жоқ па едi?
— Иә‚ рас.
— Сондықтан дейiм‚ әлiң келмегесiн‚ күштiге қызмет қылғанның iж айыбы жоқ. Гәп сол
қызметiңнiң халқыңа қандай пайдасы бар‚ мiне, соны бiлуде жатыр.
— Дұп-дұрыс.
— Өз жұртыңа көмегiң болмаса‚ қызметтiң не қажетi бар?
— Мен де солай ойлайым‚ — дедi Елмырза даусын созып. — Мына бiр сапарға шығарда‚ осының
бәрiн текшерiп шықтым. Байқап қарасам‚ ендi ақ патшаға iжкiмнiң де әлi келмейдi. Орыстың осы орам