Стр. 138 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

137
— Ол жұрыс қой‚ Ережеп деген өте бiр жақсы жiгiт‚ — дедi. — Былай... айтқанда тындырымды да.
Баяғыда оның ағасы Мiрәлi дейтiн сардар Дадабекмен тамыр боп жүрдi. Сонда осы жiгiт Хиуа ханына
жағып‚ жақсы қызмет атқарған. — Ол Ахиярдың құбыла берген түрiне қарап‚ iшiнен алақанына
түкiрiп қойды. — Тек бұл арада айтар мынадай бiр жәйт бар. Кеше өздерiңiз көрдiңiздер‚ қазақтың
көптеген батырлары мен билерi Ақмешiтке жасалған жорыққа қатынаспады. Көбiсi мұны түсiнбедi.
Бұл шайқасқа қатынасқан азын-аулақ кiсi ғана. — Ол өзiнiң кәдiрiн көтерiп қойды. — Бiрақ... бiзге
қолғабыс етпедi деп‚ басқа би мен байларды кеудесiнен керi итерсек‚ баратын кiсi Ережеп пен екеумiз
ғана боп шығамыз. Бүйтсек‚ халықты өкпелетiп аламыз.
— Мұныңыз... дұрыс екен. Сонда... не iсте дейсiз?
— Менiңше‚ күбiрнәтiр ақ патшамен ақылдасып‚ осы маңайдағы билер мен байларға хабар шашуы
керек. Тiптен ана Жәнiбек сықылды беделдi‚ бiр рудың тiзгiнiн ұстап отырған қажыларға да кешiрiм
еттiк деп‚ қызметке тарту қажет. Сiздерге елдiң осы... тиыштығы керек емес пе?
— Әлбәттә‚ солай.
— Онда жұрттың барлығын қамтып шақырғаннан мақұлы жоқ. — Ол жорта мүдiрдi. — Мына
Ережептің бiр оғаштау мiнезi бар. Ол Хиуаға қызмет етiп жүргенiнде‚ осы елдiң бiраз жақсысымен
қырбай болған. Сол себептi ол тiзiм жасарда‚ соларды енгiзбей ме деген қаупiм бар.
— Мынау... ескеретiн нәрсе екен. Ол әзiрше тiзiмдi жасай берсiн. Сосын... — Ахиярдың бозамық
көзi жылт ете қалды‚ — тiзiм өзiмiздiң қолымызда ғой. Сiзге қаратып алып‚ жөндермiз.
— Хош. Сонымен бiз қашан жүрмекпiз?
— Неғұрлым тез болғаны жақсы. Сосын бiр айтарым... сiздер өз руларыңыздың аттарынан ақ
патшаға бiздi Қоқан мен Хиуаның тепкiсiнен құтқарыңыздар деп хат жазып‚ бармақтарыңды басуға
тиiссiңдер. Соны өзiң апарып бересiң‚ — деп Ахияр ендi оп-оңай “сенге” көшiп алды.
— Ойбай-ау‚ оны не деп жазамыз‚ мен бiлмейiм ғой‚ — дедi Елмырза жорта жалтарып.
— Оны... өзiмiз жазып та қойдық. Соған осы төңiректегi билер мен байлар‚ батырлар бармақ басса‚
сол жетiп жатыр.
— Е‚ бұл бiр үлкен шаруа екен. Кәзiр жұрттың барлығы жайлауда. Оларды аралаймын дегенше жаз
да өтiп кетедi‚ — деп Елмырза бұлаң етiп былай шықты. Ел кейде оны осы мiнезiне қарай
бұлаңқұйрық төре деп те мазақ етiп айтатын.
— Шынында да‚ сол бар екен-ау.
— Менiңше‚ мұның ең дұрысы‚ ауылдардың күзеуге келуiн күту. Өздерi үшiн ертең-ақ олар
Сырдан өтiп‚ Қызылға қарай ауа көшедi. Со кезде бармақтарын бастырып ала қоямыз. Оған дейiн
шыдай тұрайық.
— Жоқ‚ ол болмайды. Қалайда тездету қажет.
— Онда... өздерiңiз бiлiңiздер. Мен бармақ басуға кәзiр дайынмын.
— Оны бiлем ғой. Осы... Сiз бiзге қандай кеңес айтар едiңiз? — деп Ахияр ендi “сiзге” көше қойды.
Соны сезген Елмырза жымың ете түстi. Ақырын ғана сыбырлап:
— Менiңше‚ былай етейiк... — дедi.
Ол айтқан сайын‚ Ахияр басын изей түседi. Ақыры ол изей-изей келе‚ екi алақанын шарт еткiзiп:
— Болсын! Өте жақсы‚ — дедi.
Елмырза қуанғанынан күлiп жiбердi...
Елмырза сол күннен бастап шаруаға шұғыл кiрiсiп те кеттi. Қазалыға кеп орналасып алған бойда‚
Шатайды әрлi-берлi шаптырып‚ кiмнiң қай жерде отырғанын бiлiп алды. Сосын Ахиярмен кеңесе
отырып‚ Ережеп жасаған тiзiмдi қайта бiр қарап шықты. Шынында да‚ мұның айтқаны айдай келдi.
Ережеп өзiне қарсы деген кiсiлердiң бiр де бiрiн тiзiмге қоспапты. Бұл Ахиярға барлығын жәйiмен
түсiндiрiп‚ оның Ережепке деген ниетiн мүлдем өзгертiп шығарды.
— Мынаң қараңызшы‚ — дедi ол бiр Ардананың байының атын атап‚ — бұл байдың беделi ел
iшiнде өте жақсы. Ол келмесе‚ Әлiм баласының басқалары маңайымызға жоламайды. Бұл бiр. Екiншi
Тоғанақ тiзiмде неге жоқ? Ережеп онымен де өкпелесiп қалған. Сондықтан тiзiмге енгiзбеген. Ондай
батыр мынадан сырт қалса‚ қалған ел ертең бiзден оның жағына сыпырылып шыға келедi. Сондықтан
олардың ақ патша туралы не ойлайтынына қарамай‚ тiзiмге енгiзiп‚ жүздерiн жылытып алу қажет.
— Өте дұрыс‚ — дедi Ахияр басын шұлғып.
— Мында Жәнiбек қажы және жоқ.
— Ау‚ ол кеше Ақмешiтте бiзге қарсы соғысқан жоқ па?
— Соғысқанда былай...— Ол аз-кем мүдiрдi. — Жәнiбек деген Ережепке жұлдызы қарсы кiсi. Өзi
Бұхарада дiн оқуын оқыған. Оны анада Якуббек шақырып ап‚ әскер жина деген екен. Жәнiбек оның
айтқанын қылмай‚ Ақмешiтке жаңғыз өзi барды. Демек‚ ол соғысуға бармаған. Бiр себеппен ол сонда
кiдiрiп қалған. Оның үстiне... ол Алты Аспан аталығының биi. Олар көп ел‚ өсiп-өнген жұрт. Жәнiбек
мына тiзiмге енбесе‚ бiзден бүткiл Шөмекей тайпасы ат құйрығын кесiсiп кетедi. Сонда дейiм... бiр
кiсiге бола үйтудiң қажетi қанша? Қайта керiсiнше...
— Түсiндiм.
— Бiрақ бұл арада бiр гәп бар. Оның бiздiң шақырғанымызға сенбей жүруi мүмкiн.
— Сонда не iстеу керек?
— Оны өзiңiз қабырғаңызбен кеңесiп көрiңiз. Әлде кешiрдiк деп тiлхат берсе ше...
— Бұ да бiр жақсы ой екен.
— Үйдейтiнiм‚— дедi Елмырза елiге түсiп‚ — баяғы Байбақты Сырым батыр Нұралыға қарсы
соғысқан жоқ па едi? Ақырында патша оған да осындай тiлхат берiп‚ өзiнiң қызметiне тартқан едi ғой.
— Мынау дұрыс нәрсе екен. Мен бұл жайында ұлықпен ақылдасып көрейiн.
Ахияр екi-үш күннен кейiн бұған қайта келдi. Ол араға Захваткин мен Тортайды салып‚
Петербургтағы таныстарын пайдаланып‚ Жәнiбектiң бұл әрекетi бiлместiкпен болған‚ ақ патшаның