138
қызметiне кiрсе‚ бәрiн кешiрдiк деген тiлхатты Перонскийден оп-оңай алып шыққан едi. Ахияр
тiлхатты Елмырзаға берiп жатып:
— Ал‚ төре‚ қалған жауапкершiлiктiң бәрi өзiңiзде‚ — дедi.
— Болсын. Сәтi түссе‚ жақын арада Жәнiбекке арнайы барып қайтармын. Тiптi болмай бара жатса‚
кiсi жiберемiн.
— Әйтеуiр, тездеткенiңiз мақұл.
Елмырза осылайша Ережептен өз өшiн қайтарып алғанын бiлiп‚ жымың ете түстi. Ертеңiне қасына
Шатайды ертiп‚ Қызылға қарай жүрiп кеттi.
Бұл құм арасына кiргеннен кейiн‚ бұрынғыша қаптап қонып отырған Алты Аспанның бай
ауылдарына кездесем ғой деп едi‚ бәрi де жылан жұтқандай боп‚ көшiп кетiптi. Қуаңның бойында да
ел жоқ екен. “Бұ қалай болды?” — деп‚ Елмырза қатты қобалжып‚ бiр сәт керi қайтпаққа оқталды.
Бiрақ Перонскийден сұрап алған тiлхатты тапсырмаса болмасын бiлiп‚ нар тәуекел деп‚ iлгерi қарай
жүре бердi. Ол Қуаңнан өтiп‚ қас қарая‚ Кекiрелiнiң кезiнде отырған Кетелердiң бiр ауылына келдi. Үй
егесi пайғамбар жасынан асып қалған‚ басында кiшкене қара тақиясы бар‚ теке сақал кiсi екен. Аса
тақуалығы сақал-мұртын таза ұстап отырғанынан көрiнiп тұр. Ол мұны танып‚ құрақ ұшып‚ бiр
тышқақ лағын сойды да тастады.
Әр жағына ел қондырып алғасын‚ Елмырза соңғы болған жағдайды айтып шықты. Тақуа шалға ақ
патшаның қазаққа зиян жасамайтынын ұзақ түсiндiрген болды. Сол арада Кете шалы жымың ете түсiп:
— Елеке‚ баяғыда Хиуамен қабағыңыз жарасып жүргенде‚ ақ патшаны жерден алып‚ жерге
салушы едiңiз. Бүгiнгi күнi сiздiң аяқ астында өзгере қалғаныңызға қарап‚ бұл қалай деп‚ айран-асыр
қап отырмын‚ — дедi.
Елмырза сыр бермедi. Күлiмсiреген қалпын бұзбастан:
— Ақсақал‚ жақсы айтып отсыз. Қазақ бұрын заманына қарай амалы деген жоқ па? Бiр кезде
замана Хиуаныкi едi. Ендi ол түспегiр ақ патшаныкi боп отыр. Мен соның ыңғайына қарай жығылсам‚
оның несi айып?— дедi.
— Оның... iж айыбы жоқ қой. Тек... — Шал әрi қарай үндемедi.
Одан кейiн Елмырза да онымен жөндеп сөйлеспедi. Түнеп шығып‚ ертеңiне таң азаннан жолға
шығып кеттi. Бұ жолы ол Қарақ тауының етегiнде шашырай жайлап отырған Бес Бозғұлдың балаларын
аралап‚ он шақты күн дегенде Жалпақтаудың сiлемiне iлiктi. Ол Жәнiбектi бұлай iшке қарай сұғына
көшедi деп ойламаған едi. Шамасы‚ бұлай ауғанына қарағанда‚ оның ақ патшадан қатты сескенген түрi
бар. Мұның сөзiне оның сенбеуi де мүмкiн. Тек мына тiлхатты көргесiн барып‚ жiбiмесе‚ қайдам.
Күн түске тарта жанып кеттi. Iшкi жұртқа қарай жақындай түскен сайын‚ ауа қапырық тартып‚
Қызылқұмның ауасы күйiп сала бердi. Осы жолмен талай рет жүрсе де‚ Елмырза ыстыққа онша
шыдамды кiсi емес едi‚ — ұртына сап‚ талмап келе жатқан құртын тағы бiр сорып қойып‚ жақын
жердегi бiр ауылға барып демалмаққа оқталды. Олар бiр төбеден асқанда‚ Жалпақтаудың бергi
жазығында тiгiлген қараүйлердi көрдi. Бұл ара бұлағы сылдырап ағып жатқан‚ көгалы жетерлiк салқын
сабат жер екен. Жаңағы ауыл Аспан аталығына қарасты Қара Кедейдiң балаларынiкi боп шықты.
Елмырза қонақ боп отырып‚ жасы сексендердi қусырып қалған кiсiнiң түрiне қарап:
— Үлкен кiсi‚ осы сiздердi неге Сары Кедей‚ Қара Кедей деп екiге бөледi? — деп сұрады.
Ана кiсi бiр түрлi ыңғайсынданып қап:
—Үйтiп Сыр бойында ғана бөледi. Бiз олай деп жiктемеймiз‚ — дедi.
— Сонда да‚ — деп Елмырза оны тақымдап қоймады.
— Ендi... ол... Алты Төбеттiң баласы Айтқұлдан тарайтын Жәнiбек пен Есiм екенiн бiлетiн
шығарсыз. Сол Жәнiбектiң екiншi әйелi қалмақтың қызы екен. О кез жаугершiлiк заман. Атамыз
қалмақтарды шауып‚ бiр жорықта олардың сұлу қызын олжа ғып әкелiптi. Мiне‚ бiз содан тараймыз.
Түрiмiздiң қара болатыны сол қалмақ шешемiзге тартқандықтан.
— Е‚ түбiңiз шикi екен ғой. Онда бiзге жақын боп шықтыңыз‚ — деп Елмырза ыржия күлдi. Бұ
жағдайды жақсы бiлетiн ол тәлкек қып‚ соны шалдың аз аузынан айтқанын қалап отырған.
— Сонда қалай? — дедi шал мұның сөзiнiң төркiнiне түсiнбей.
— Оның iж қалайы жоқ. Арқар ұранды төрелер мен он сан оймауыт‚ тоғыз торғауыттың түбi бiр.
Тiлi жақын. Сүйтiп мен аяқ астында жиен тауып отырмын.
— Е‚ онда дегендей...
Кедей балалары қашаннан сақи аты шығып‚ жолаушыдан қонақасысын аямайтын аңқылдақ ел едi.
Мына сөзден кейiн әлгi кiсi шашылды да қалды.
Ертеңiне Елмырза ақсақалдан Жәнiбек ауылының жобасын дұрыстап сұрап ап жолға шықты. Ол
түс әлетiнде бiр ауылда түстенiп‚ зауал ауа Жәнiбек отырған Құлға да жақындады. Ауыл қарасын
көргеннен кейiн‚ Елмырза ер үстiнде дұрысталып отырып‚ үстiндегi шекпенiнiң шалғайын жөндеп
қойды. Сосын астындағы атын сипай қамшылап отырып‚ оның әдемi бiр май бүлкiлiне сап‚ жүрiп
кеттi.
25
Жәнiбек Елмырзаның сөзiне сенер-сенбесiн бiлмей‚ қолындағы бiр жапырақ қағазға қайта-қайта
қарай бердi. Оның бiр жағына мұсылманшалап‚ қазақ‚ татар сөздерiн араластырып‚ мұның атын атап‚
кешiрiм жөнiнде анық қып жазыпты. Екiншi жағында орысша мәтiн бар. Тiлхаттың соңына мөр
басылыпты.
Елмырза бұған тура қарап:
— Жағдай осылай боп тұр. Қалай дегенмен ендi орысқа әлiмiз келмейдi. Ең турасы — орыстың
қызметiне кiрiп‚ ау-жайын байқау ма дейiм‚ — дедi.