139
Жәнiбек төренiң бұжыр бетiне көз тастап қойып‚ мынаның әр жағында қулық жатқан жоқ па
дегендей бiраз аңтарылып отырып қалды. Лезде қара жүзi күреңiтiп‚ қабағын кiрбең шалды. Ақырында
ол иығын қиқаң еткiзiп қойып:
— Менiң түсiнбей отқаным‚ жандаралға аяқ астында не керегiм боп қалды? — дедi асықпай
сөйлеп. — Кеше ғана менi iндетiп қуалап‚ Қызылдың бiр шетiне асырып жiберген жоқ па? Сонда қолға
түссем‚ осылай деп айтар ма едi‚ әлде айтпас па едi?
— Мен со кезде-ақ сенi қолға түсiруге қарсы болдым‚ — дедi де‚ Елмырзаның түрi құбылып сала
бердi. — Бiрақ онымды тыңдап жатқан iжкiм болмады. Ендi өздерiнiң күнi маған түсiп тұрғанда‚ бiр
айтқанымды iстетiп алғым келдi. Сосын ағайын арасы ащы болмасын‚ кiмге қарасақ та‚ тату-тәттi
тiршiлiк етейiк дедiм. Мiне‚ сол оймен саған әдейi келiп отырмын.
— Әгәр ертең... бәрi басқаша боп жүрсе ше?
— Олай болмайтынына кепiлмiн. Үйткенi оларға барлық жайды түсiндiрiп айттым. Содан кейiн
Петерборға барып қайтқанда не тұр? Қайта былай... бой жазып дегендей...
— Менiң... оған ретiм келе қоймас. Мына жарақатымның әзiр жазылатын түрi жоқ‚ — деп Жәнiбек
үнсiз қалды.
Содан кешке дейiн олар еру әңгiмемен отырды. Жәнiбек мал сойдырып‚ Елмырзаны күтiп‚ мейман
еттi. Кешкiсiн бiр тегене шұбат әкелдiрiп‚ төренi сусынға әбден қандырды.
Ол Елмырзаны ертеңiне де жiбермей‚ қайтадан мал сойып‚ жақын жердегi ауылдардың бас көтерер
кiсiлерiн шақырып‚ арнайы қонақасы бердi. Сосын оларға төренiң не мақсатпен келiп жатқанын айтып
шықты. Оны естiген аңқау шалдар бiрден қобырласты да қалды:
— Ау‚ бұ деген үлкен құрмет емес пе?
— Ақ патшаның пайтағып көру деген... былай өзi... кiм көрiнгеннiң маңдайына жазыла бермеген
нәсте ғой.
— Шақырған жерге бар‚ шақырмаған жерде нең бар деген.
— Тiлхат берсе‚ ақ патша өз сөзiнен айни қоймас.
— Сонда ол өзi алыс жер ме?
— Алыс болған ол өзi... мына дүнияның бiр шетi ғой‚ — дедi Елмырза қозғалақтап қойып. —
Мына Жәнiбек iнiмiз қажыға да барып қайтқан. Ендi мынаяқты да көрiп қайтса‚ немене ол жаман ба?
Сол арада бағанадан берi үндемей отырған Мамырай добалдай саусақтарымен мұртын сипап
қойып:
— Сонда қашан жүрулерiң керек? — дедi.
— Ретi болса‚ тездет деп Қазалыдағы ұлық қатты тапсырған. Әрi кеткенде бiр айдың көлемiнде‚
жолға шығамыз.
— Е‚ дегендей екен. Оны ендi жата-жастана ойласып көремiз де. Бiр айға дейiн әлi бiраз бар емес
пе? — деп‚ Мамырай осы арада жол тауып кетiп‚ қызынып бара жатқан ағайындарының бетiн
қайтарып тастағандай болды.
Үш күн қонғаннан кейiн Елмырза қайтатын ыңғай бiлдiрдi. Жәнiбек кетер күнi оны тағы да қонақ
етiп‚ хабар өзiмнен болады деп‚ қозы көш жерге дейiн шығарып салды. Бұлар кеткесiн‚ Қалдыбай
екеуi ауылдарына қайтты. Қалдыбай арт жағына бiр қарап қойып:
— Мына түлкiнiң бiр сөзiне де сенiп тұрған жоқпын‚ — дедi.
— Неге?
— Өзiң ойлап қарашы‚ кеше олар сенi ұстайық деп топ шығарып қуды. Ендi келiп кешiрiм етiп‚
қызметке алайық дейдi. Сонда бұ қалай өзi?
— Мен де соны түсiнiңкiремей отырым.
— Әлде солар алдап шақырып ап‚ сенi жерсiбiрге айдап жiбергелi отқан жоқ па осы?
— О да мүмкiн. — Жәнiбек оған күле қарады. — Баяғыда есiңде бар ма‚ Мiрәлiнiң асында Нұрғазы
келiп едi ғой. Сонда... оны да Орынборға шақырып ап‚ ақырында жер аударып құртқан едi...
— Айтпақшы‚ со да бар екен-ау!
— Мен де мынау сондай бiр қулық па деп тұрмын. Болмаса Елмырзаның маған неге жаны аши
қалды? Бұрын сүйтсе‚ көзi көрмедi ме?
— Иә‚ десеңшi. — Қалдыбай ендi сөздi бiр-ақ кестi. — Сен мәнтәй-шәнтайды қой да‚ iжқайда
барма. Менiң ойым тағы бiр арамдыққа ауып тұр. Осы түлкiң жансыз боп‚ бiздiң отырған жерiмiздi
көрiп қайтайын деп келген жоқ па екен?
— Опырмай‚ ә‚ — деп Жәнiбек басына бұрын келмеген ойға жаңа таңғалды.
— О да мүмкiн ғой. — Қалдыбай көзiн сығырайта қарады. — Осы мен... Қасыма екi жiгiт алып‚
олардың iзiне түсiп көрсем кәйтедi‚ а?
— Жоқ‚ сен үйтпе. Оларды орап өтiп‚ Қазалыға барып қайт. Мына жағдай рас па‚ өтiрiк пе‚ —
соны елден сұрап бiл. Оған дейiн бiз аударылып көшемiз.
— Бұ да дұрыс екен.
Олар ауылға келгесiн‚ Қалдыбай қасына екi қайратты жiгiт алып‚ Елмырзалардың соңынан тартып
бердi. Жәнiбек олардың жөнiн бiр кiсiге айтқан жоқ.
Сол күнi Жәнiбек әкесiне барып‚ аударылып қону жайын сөз қылды. О кiсi де мынадан секем алып
қалған екен‚ тез келiстi. Ертеңiне таң қылаң берiсiмен бай ауыл бiрi қалмай аударылып көштi. Араға
екi қонып‚ Жүзқұдықтың маңайына барып үй тiктi. Бұл ара да көгалы жетерлiк‚ нағыз сабат‚ отты жер
екен. Жәнiбек он шақты жiгiттен жасақ құрып‚ кеше өздерi жайлап отырған Құлдың басына қарауыл
қаратып‚ күдiктi бiрдеңе болса тез жеткiз деп қатаң тапсырды. Мұны естiген ауыл кiсiлерiнiң үрейi
қалмады. Барлығы да сойыл‚ бақандарын дайындап‚ не пәлеге де қарсы тұрмаққа даярланып жатты.
Жәнiбектiң жарақаты бұ кезде қара қотырланып қалған едi. Ол жақында Бұхараға арнайы кiсi
жiберiп‚ ақы-пұлын төлеп‚ бiр тәуiптi алдырған болатын. Өзбек тәуiп отыздардан жаңа аса бастаған
жiгiт екен. Өзi Хиуаның мәдрәсәсiн бiтiрiптi. Әбу Әли ибн Синаның рисаласын түгел ақтарыпты. Бiр