Стр. 17 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

16
келмесiн бiлдi. Iшiнен қарт батыр мерт болмаса деп қауiп иледi. Дереу қасындағы екi сарбазға
сыбырлап:
— Садақтарыңды дайын ұстаңдар. Андай-мұндай жағдай бола қалса‚ ананың астындағы атын
атыңдар! — дедi.
Олар дереу солқылдаған емен садаққа қозы жауырын өгiз саржаларын салып та үлгердi.
Нақып шауып жеткен күйi еш тiлге келместен‚ майданды бiр айналып өтiп барып‚ Тоғанақ батырға
қарай тура салды. Есiк пен төрдей ат үстiнде қасқиып тұрған Тоғанақ аңын iлер лашындай түйлiге
түсiптi. Ол шалт қимылдап‚ өзiне қарай төнiп келiп қалған найзаға дәу қалқанын тез тоса қалды. Оған
тиген найзаның өткiр ұшы шақыр етiп тайып түстi. Сол кезде арлаған атының басына еге бола алмаған
Нақып оның жанынан заулап өте шықты. Ол анадай жерге барып‚ атының басын шаққа дегенде бұрып
ап, найзасын қолына оңтайлап ұстады да‚ қайтадан берi қарай шалды. Соны көрген Тоғанақ та атын
тебiнiп қалды. Ол ауыр найзасын оң қолымен таяқша ойнатып‚ екпiндеген қалпы Нақыптың атының
ерiнiң қасына тiредi. Әуп деп қалғанда аттың төс айылы үзiлiп кетiп‚ Нақыпты ерiмен қоса жерге
аунатып түсiрдi. Ала шаңға томп ете қалған Нақып орнынан атып тұрайын деп тыпырлап жатқанда‚
атынан дүрс етiп түсе қалған Тоғанақ найзасын жерге шаншып:
— Бала‚ түрегел! Қапыда кеттiм деп жүрерсiң! — дедi.
Нақып орнынан атып тұрды да‚ әй-шайға қарамай батырға қарай тұра ұмтылды. Ол келе
қолындағы қанжарын өндiршектен салмақ болды. Батыр тағы да қалқанын тосып үлгердi. Одан арғысы
көз iлеспес ұйқы-тұйқы бiр қимыл боп кеттi. Нақыптың қанжарын тайдырып жiберiп‚ екi иықтан
ұстаған әлуеттi екi қол сұрша жiгiттi жерге қарай ие бердi. Тұқырта басып бара жатқанда‚ Нақып жан-
дәрмен деп тағы да қанжарын сiлтеп кеп қалды. Бұ жолы құдай қолдап‚ қанжары құр ауаға сермелiп‚
оның қолынан шығып кетiп‚ анадай жерге барып қадала түстi. Сол арада Тоғанақ қатты қайрат қылып‚
сол қолымен Нақыптың екi бұтының арасынан ұстады да‚ әуп деп қалды. Оны ылақша көтерiп алып‚
жерге дүрс еткiзiп алып ұрды. Шалқасынан құлаған Нақып бiр сәтке есеңгiреп қалғандай болды. Батыр
оны тiзесiмен кеудесiнен басып тұрып‚ исфаһани қайқы қылышын қынынан жарқ еткiзiп суырып алды.
Сол кезде қорбаңдай жүгiрiп Елдес те жеткен едi. Келе ол Тоғанақтың қолына жармасты:
— Төке‚ ақылға келiңiз. Бiреудiң қанын жүктемеңiз!
Тоғанақ оған жалт қарады. Оның алақандай көзi шапыраштанып‚ сұп-суық боп кеткен екен. Мына
қалпында оған кiсiнi мауыздау торғай сойғанмен бiрдей екенiн бiлiп‚ Елдес ерiксiз керi шегiндi. Сол
арада оның аяғына бiрдеме тигендей болды. Жалт қараса‚ Нақыптың қанжары екен. Елдес қуанып
кетiп:
— Е‚ дұрыс болды‚— дедi де‚ қанжарды тез еңкейiп алды. Сосын жүгiрiп барып‚ анадай жерде
жатқан найзаға қол созды: — Жақсы болды‚ жаудан түк тартсаң да пайда деген.
Сол арада есiн жиған Тоғанақ батыр қылышын жоғары көтерiп тұрып‚ мына дүниядан баз кешiп‚
көзiнде үмiт сәулесi өше бастаған Нақыпқа қарап:
— Ә‚ кәззап‚ жан қалай‚ тәттi ме екен! — дедi ызалана сөйлеп. — Ит те болсаң Абылайдың
тұқымысың ғой! Дiн‚ әруаққа қарсы болмайын. Атаңның әруағы үшiн шыбын жаныңды қидым! Кәне
кет көзiме көрiнбей!
Батыр орнынан тұрып‚ Нақыптың басынан бiр аттады да‚ атына қарай жүре бердi. Елдес Нақыпқа
найзасы мен қанжарын берген жоқ.
Қорланып‚ қап-қара боп кеткен Нақып бетiнен шұбырған терiн күректей қолымен сиырып тұрып:
— Төке‚ мына қорлыққа шыдағанша‚ өлгенiм артық. Өз қолыңнан сойып кет! — дедi қатты
дауыстай сөйлеп.
Батыр оған жауап та берместен атына мiне сап‚ қол алдына түсе бердi. Соны көрiп‚ ыза мен ұяттан
қап-қара боп кеткен Нақып осы кезде иiсiнiп өзiне жақындай берген атын қамшысымен қақ бастан бiр
тартты...
Ұзап шыққаннан кейiн Елдес артына қарайлап:
— Төке‚ жаңағың қол ертiп шықпас па екен? — дедi.
— Жоқ‚ шықпайды.
— Оны... қайдан бiлдiң?
— Өй‚ ол... жаман да болса да төре сiдiк емес пе?
Шынында да‚ арттан шыққан қуғыншы болмады. Жер шамасын Созаққа келе жатқан кезiнде
жақсылап аңғарған Тоғанақ қолға түнiмен тыным таптырмай‚ бiр ауанмен жорытты да отырды.
Ертесiне таң қараңғылығында сарбаздарға бiрер сағаттай көз шырымын алдырды да‚ қайтадан жүрiп
кеттi. Сарғайған дала артта қалып‚ бозаң тартқан топырақ кездескеннен кейiн‚ Тоғанақ бiр арада ат
басын iркiп:
— Ендi дем алуға болады‚ — дедi.
Сарбаздар аттарынан түсiп‚ тартпаларын босатып‚ аяқтарын шiдiрлеп‚ оларды отқа қоя бердi.
Сосын бiр парасы ұйқыға кiрiстi. Қызметшi жiгiттер болса‚ от жағып‚ тамақ пiсiре бастады. Тоғанақ
атының ерiн жастанып‚ көз шырымын алып жатыр. Алып кеудесi қор ете түскен сайын көтерiлiп
басылған әйдiк көрiк сықылды. Ендi Елдес те дем алғанды мақұл көрiп‚ батырдың жанына қисая кеттi.
Күз лебi сезiлiп‚ жадау тартқан ұлы даланы әлсiрей түскен қызуымен жылытып‚ бұлыңғыр тарта
бастаған күн зеңгiрге қарай көтерiлiп келедi.
Бiрер аптадан кейiн Сыр бойына табаны iлiккесiн‚ ол қолды таратып‚ өз ауылына кететiн болды.
Аспан Шөмекейлердi бастаған Елдес батыр қош-қош айтысып‚ Қызылға қарай беттедi. Тоғанақ осы
кезде Жалпақтауға қарай аударылып қонуға тиiс өз ауылына қарай ат басын түзеп алды. Жәмиләның
қасына сенiмдi он шақты жiгiттi қалдырып‚ оны аулына жеткiзiп салыңдар дедi.
Бұ кезде күз лебi анық сезiлiп‚ Қарақұм iшi салқындап сала берген де едi. Терiскейден соққан суық
жел жыланша сумаңдап‚ қойны-қоншын тiнтiп болды. Құба даланың төсiнен мекен таппай‚ қаңбақтар
жел ырқына бағынып‚ аудаңдап‚ домалап барады. Аспанда алба-жұлба бұлттар әлденеден үрiккендей