Стр. 18 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

17
түскей жаққа жөңкiле көшiп келедi. “Әр нәстенiң өз мезгiлi бар-ау”‚ — деп ойлаған Тоғанақ батыр ендi
еш жерге тоқтамастан‚ сылқытып тарта бердi.
6
— Өй‚ айтатыны жоқ! — Тиышбек ыржаң еттi.
Бағанадан берi мұның сөзiне ықылас қойып тыңдап отырған Дүзбай құйрығымен iлгерi қарай бiр
жылжыды:
— Сосын не болды?
— Өй‚ Дүзеке не болсын? Дәдең қоя ма‚ бардым да былай... — Тиышбек сойған түлкiдей арық
жүзiн ыржита күлдi. — Бұл ұрғашы дегендi қой‚ кеуiлiн тапсаң‚ байы түгiл‚ бәрiн де ұмытып кетедi...
— Апырмай‚ ә? — Дүзбай тағы да ысырылып отырды.
— Со күнi ауылында iжкiм жоқ екен. Ана шiрiк байы мал қарап кетiптi. Сосын мен келе қалғасын:
“Ханға басың бергiсiз жақсы қайным едiң‚ бiр мал сыбағаң бар‚ бүгiн сылайы келiп тұрғанда‚ соны
жеп кет!” — деп жатты да жабысты. Мен де бiрден оның кеуiлiнде құрт бар екенiн бiле қойдым. Дереу
атымды тар ғып тұсап жiберiп‚ домбыраны алдыма өңгерiп‚ әләләй мен бiләләйыма басып жата
бердiм. — Тиышбек тағы да ыржаң еттi. — Ет жеп‚ сорпа iшiп болғасын‚ төсек салынды. Ана
қатынның қасынан бiр қазан бас баласы кетпейдi. Қайда барса‚ соңынан қалмайды. Соны
алдаусыратайын деп‚ кел‚ балам‚ кел‚ деп түйе боп еңбектесем де‚ көнер емес. Тiпте бiр рет ешек боп
та ақырдым. Қойшы‚ содан не керек‚ түнде жұрт ұйықтады-ау дегенде шынтағыммен жер тiреп‚
еңбектеп бара берiп едiм‚ әлгi қаншық та күтiп жатыр екен. Келе бас салды. Сосын... ойдәй!
— Паһ‚ паһ! — деп Дүзбай ырза боп‚ алақанын құшырлана уқалап қойды. — Иә‚ содан...
— Өй‚ не соданы бар. — Тиышбек бiр көтерiлiп қойды. — Бiр кезде әлгi қазанбас баланың оянып
кетпесi бар ма? Тұра кеп‚ жағама бас салды. “Мынауыңды көкеме айтам”‚ — деп айқайды бастасын
кеп. Оған олай жалындым‚ былай жалындым‚ болмағасын насыбай шақшамды берiп құтылдым. Ол өзi
сүйек шаптырған бiр қаралық шақша едi‚ ылаж жоқ, абырай керек дегендей...
— Өй‚ өзiң мықты екенсiң ғой!
— Дүзеке‚ сенiң қасыңда бiздiкi деген‚ жәй ойыншық қой. Жасың жетпiстен асса да, жас
жеңгемiзге бала таптырып отсың...
Осы кезде iшке бiр құшақ баялышты көтерiп‚ жас тоқал кiрiп келдi. Тиышбай оған iшiп-жей
қарады. Соны байқаған Дүзбай қабағын шытып‚ тымырая қалды. Тоқалына жақтырмай қарап:
— Сенiң қазаныңның iшiне немене тас түсiп кеткен бе? Болсайшы былай‚ — деп күңк ете қалды.
— Ендi... пiсiп жатыр ғой‚ — дедi тоқал сыңқылдай сөйлеп.
— Мына Тиышбек болса‚ асығып отыр кетем деп...
— Ойбай‚ Дүзеке‚ асығуды айтпаңыз. Бүгiн осында қона кетсем бе деп отырмын. Жол бойы екi
тақымым талып қалыпты. Аздап тынығып алмаса‚ — деп‚ Тиышбай мұртынан күлiп‚ қоқилана қарады.
— Е‚ солай де... — Дүзбайдың жүзi қарауытып кеттi. — Сен онан да жаңағы әңгiменiң аяғын
айтсайшы...
— Айтсам несi бар‚ айта қоям. — Тиышбек Дүзбайды түртiп қойды. Айтпақшы‚ мына сұмдықты
есiттiңiз бе?
— О не?
— Ана Жәмилә бар емес пе едi? Иә‚ ана Қайып хан тоқалдыққа алған ше? Иә‚ сол. Жақында хан
соны тұлдапты.
— Е‚ неге? — дедi Дүзбай екi көзi алақандай боп.
— Өй‚ оның себебiн сен де сұрап? Жас тоқал болғасын‚ кәрi шалды нағылсын? Жылуы қашқан
шандыр мен балғын‚ ыссы дене қабыса кете ме? Қалай десең де‚ жастың аты жас‚ — дедi Тиышбек
отты қалап жатқан жас тоқалға естiрте сөйлеп.
Дүзбай оны жақтырмады:
— Сен де соға бересiң-ау! Қайраты қайтпаса‚ не бiр шалдарың да... жастан кем түспейдi.
Тиышбек жас тоқалдың жүзiне барлай қарады. Соны сезген тоқалдың қызыл бетiне лып етiп қан
жүгiргендей болды. “Өй‚ мына қасқа сусап жүр екен ғой”‚— деп ойлап‚ Тиышбек әрi қарай сөйлеп
кеттi:
— Қалай десең де‚ құданың берген қайраты қайтпай ма? Сосын көрген күнiң күн емес қой! Қолдан
келсе‚ жастық шағыңда сайраңды салып қалу керек қой!
Дүзбай әңгiменiң ыңғайын жаратпай:
— Әй‚ қатын‚ тамағыңды болдыр! — дедi.
Аздан кейiн жүгерi көже келдi. Iшiне құйылған қышқылтым айран тiлдi үйiредi екен. Тиышбай
мақтап отырып‚ көженi сылқитып iшiп алды. Сосын төр алдына көлбеп жатып:
— Уһ‚ жаным-ай‚ бүйiрiм жаңа ғана бiр шықты-ау! — деп саусағымен қарнын шертiп қойды.
Төсек салып жатқасын‚ Тиышбек түнiмен масахана iшiнде жатқан Дүзбайды аңдыды. Ұйқысы
қашқан шал қақырынып-түкiрiнiп жатыр. Әр жағында‚ iрге жақта жатқан тоқалдың бiр қалыпты
пысылдағаны естiледi. Қасында бесiгi тұр. Жас тоқал биыл мамыр айында босанып‚ ұл тапқан едi.
Дүзбай соған ауыл-үйдi шақырып‚ ат шаптырып‚ той жасаған-ды. Тиышбек сол тойға келе алмай
қалған едi. Содан ат басын арнайы бұрып‚ соғып отырғаны осы. Құтты болсын айта салайын‚ нем
кетiп бара жатыр‚ деп‚ әдейi соққан. Ендi мына шалдың шамасын байқайын деп‚ өтiрiк қор ете қалды.
Шалдың күңкiлдегенiн естiп жатып‚ қорылды күшейте түстi. Сөйтiп жатып‚ Тиышбек шынымен
ұйықтап кеткенiн байқамады. Бiр оянып қараса‚ шалдың алқына шыққан тынысын анық естiдi. Iшiнен:
“Бiр қызық ендi болды”‚ — деп‚ құлағын тоса қойды. Тыңдаған сайын iшiнен рахаттанып күлдi.
Сүйтiп жатып тағы да көзi iлiнiп кеткенiн аңғармады. Содан таң алдында бiр оянып қараса‚ тоқалдың;