19
боп‚ iшiн тарта ұлып‚ жындана соқты. Дем арасында айнала ақ түтек болды да кеттi. Жел мен
қиыршық қар ұйтқи соғып‚ түндiктi жұлып әкетердей боп желпiлдеттi. Ұзын күпiге оранып‚ ортадағы
мосы астында маздап жатқан сексеуiл шоғына күректей қолдарын төсеп отырған Елдес қауiп илеп‚
құм толы шелектi шаңыраққа арқанмен асып байлап қойды. Сосын жабықтан сыртқа сығалап қарап
едi‚ зәресi зәр түбiне кеттi. Кеше ғана жуған көйлектiң өңiрiнше шайдай ашық боп тұрып алған
аспанның түсi әлем-тапырақ боп кеткен екен. Терiскейден жынды жел қуалап‚ ұмар-жұмарлана
долданған қара бұлт тұтасып‚ ұстаса қалыпты. Ауа бұлыңғырланып‚ түтiге бастапты. “Апырмай‚
жылқы ығып кетпесе‚ жарар едi”‚ — деп бұл қатты шошыды. Кешегi ел басына төнген аласапыраннан
кейiн әкесiнiң шолақ дәулет жиып‚ жүз қаралы жылқының басын құрағаны осы едi. Ендi соны
ықтырып ап‚ аш құрсақ қасқырға жем қылса‚ биыл қалың берiп‚ қатын алсам ба деген тәттi қиялының
күлi көкке ұшады. Елдес өзiне не болғанын бiлмей‚ басына етегi мол түлкi тымағын‚ жеңi ұзын қалың
тонын асығыс кидi. Қоржынының екi басына түнде Табынбай баптап асқан бiлем-бiлем қазыны тықты.
Сосын далаға атып шығып‚ жаман жаппаның iшiнде тұрған құла бестiге қалың жабу жауып‚ ер салды.
Таралғысын қатты тартып‚ қолына ұзын құрығын ап‚ жылқы қайдасың деп сызып бердi. Өз ойынша‚
көз ашқаннан мал соңында жүрген Табынбай ыға бастаған жылқыны ықпанасы көп Қарақ тауының бер
жағындағы сусыз арнаға иiруге тиiс. Ол сай бұл арадан едәуiр жер. Елдес қас қараймай тұрып‚ ығы
көп тұсқа жетiп алайын деп‚ атын тебiнiп қап‚ ширақ жүрiп кеттi. Ара-арасында долы боран ұйтқи
соғып‚ қалың тонының шалғайын жындана жұлқылайды. Үйiрiле соғып‚ көзiн аштырмайды. Елдес
түлкi тымағының маңдайын сәл төмен түсiре киiп‚ тон шалғайын тақымына қаттырақ қысып ап‚
қарулы‚ сiңiрлi құла жирендi әулеп соққан боранға көпке дейiн бiр қырын салды да отырды. Қарақ
тауының жалпақ етегiне жете бергесiн‚ ат басын түскей жаққа шұғыл бұрды. Ендi боран арт жағынан
итерiп‚ құла жирен аяғын тез алып‚ емпiлдеп кеттi. Тiрсектi‚ күпшек санды жануардың тер қатқан
мойыны‚ жалы тұтасып ағара қалған. Ыссы демi булана шыққан танауының жан-жағы ақ қырау. Өзi
әлi талмастан‚ әйдiктеу қос құлағының ортасындағы бiр шоқ кекiлi қылтылдап‚ сары аяңмен тартты да
отырды. Шамалыдан соң терең арна басталды. Ойға түскесiн‚ жаңа ғана құтырына соққан боран
ызғары күрт жылып сала бергендей болды. Ақбасқын жерде емес‚ сонау аспанда болып жатқандай.
Елдес ыққа түскесiн‚ тебiндiк жерден әл бермей ыққанда‚ қалың жылқының құлар тұсы осы-ау деп‚
жел орып тастаған кезауыт жерге туралап келдi. Алдағы бөрiкбас төмпешiктен аса бере‚ жүнi тықыр
тымақ астынан Табынбайдың төбесiн көрiп‚ қуанып кеттi. Келсе‚ – жылқы аман. Биiк тiк жардың
астына паналаған мал қырбық қар көмген қалың ажырақты теуiп жеп жатыр.
Бұл жақын кеп амандасты. Жылқышы Табынбайдың үсiп домбыққан екi бетi қарақошқылданып
кетiптi. Түрi боп-боз.
— Апырмай‚ сендердi жетiп үлгере алмады ма деп қорқып келе жатыр ем‚ — дедi Елдес қаттырақ
самбырлай сөйлеп.
— Күннiң сылайы бұзыла бастағасын-ақ осылай тарттық‚ — дедi орта бойлы‚ дембелше Табынбай
аузы жуыспай сөйлеп. Қалың ернi шыт-шыт‚ жарылып кетiптi. Үстiне киген жылуы қашқан‚ жыртық
көне тонынан суық өте бастаса керек‚ екi бетiнiң ұшы аздап көгере бастапты.
— Жақсы болған. Ал‚ Шабыла қайда?
— Анаяқта‚ — дедi Табынбай қамшысымен кейiнгi жақты сiлтеп.
Бұл жалт қараса‚ қортық‚ төртбақ Шабыла бiр құшақ қу баялышты құшақтап әкеле жатыр.
Қайратты жiгiттiң екi бетi қып-қызыл. Өкшесi жемiрiле бастаған қазақы етiк киген аяғын жеңiл алып‚
ыққа қарай жосып келедi.
— Әй‚ мынау не iстейiн деп жүр? — дедi Елдес кеуiлдене әзiлдеп.
— От жағам дейдi.
Елдес атынан түсiп‚ жабуын дұрыстап жауып‚ құла жирендi аяғын кеңдеу ғып тұсып жiбердi де‚
күйбектеп жатқан Шабыланың қасына келдi. Тамақ салған қоржынын жерге былқ еткiзiп тастай салды.
Сосын Шабыланың добалдай‚ қызарған саусақтарына қарады.
Шабыла қойнынан шақпағын ап‚ от тұтатам деп әуреленiп жатыр. Шақпақтан ұшқан сарғыш
ұшқын жарқ-жұрқ шашыраса да‚ су боп қалған мақта жуық арада тұтана қоймай‚ бықсып барып сөне
бередi. Елдес сол сәт оның шапанының сөгiлiп кеткен қолтық тұсынан бiр тал мақтаны суырып алды
да‚ Шабылаға ұсынды:
— Мә‚ құрғағын ал!
Шабыла бұған қарап‚ iрi сойдақ тiстерiн көрсете күлiп жiбердi.
Аздан соң үшеуi ықтасында лаулап жанған отқа шай қайнатып‚ бойлары жылып‚ жан шақырысты.
Елдес әкелген қазыдан кертiп жеген болды. Жарықтық қазының бiр қасиетi‚ қандай аламат ақбасқын
болса да‚ қатпай‚ майы туырылып‚ сәл-пәл тоңазып тұра бередi.
Лезде қас қарайды. Үшеуi сақтық ойлап‚ қар астынан тырбақ шөптi теуiп жатқан жылқының үш
жағынан лаулатып от жақты. Шабыла шаппашотымен қалың баялышты шауып әкеп жинай бердi.
Елдес те қу жаңғылдың томарын жинады.
Түн ортасы ауа бере жылқыға қасқыр шапты. Жан-жақтан андыздай ұмтылған‚ от шашқан зәрлi
көздерден шошынып‚ жабағы тайлар шыңғырып жiбердi. Мама биелер үркiп‚ бұлардан пана
сұрағандай биiк жардың ығына тығыла түстi. Елдес‚ Табынбай‚ Шабыла үшеуi сойылдарын алып‚
қасқырларға тұра-тұра ұмтылды. Аш құрсақ жыртқыштар ештеңеге қарар емес‚ әп-сәтте екi-үшеуi
шапши атылып‚ сауыры төңкерiлген қазандай бiр биенi тамақтап та үлгердi. Соны көрiп‚ атақты қара
айғыр кiсiнеп кеп‚ сырт айнала бере қос аяқтап‚ әлгi қасқырды теуiп кеп жiбердi. Болат тұяқ атыла
берген арланның қақ қара тұмсығынан тидi. Қаңқ еткен арлан жерге ұшып түстi. Қайта тұруға шамасы
жетпей‚ тұмсығынан қан атып‚ аяғын бiр-ақ серiптi. Сол кезде қара айғырға басқа екi-үш сақа айғыр
көмекке келдi. Барлығы үйiрлерiн жыртқыштардан қорғап‚ қызыл майы шығып‚ тебiнiп жүр.
Қасқырлар алдынан келсе‚ тарпиды‚ артынан келсе‚ тебедi. Түнгi от сәулесiнде алақандай көздерi