20
самалаша жарқырап‚ шұрқыраса кiсiнеп‚ қасқырларға тарпи ұмтылып‚ оларды керi қуып тастайды да‚
үйiрден жылқыны шашу шығармай‚ қайта иiрiп‚ керi қайтады.
Елдес жылқы мiнезiне ырза боп кеттi. Мына қалпымен таң атқанша айғырлар болдырады. Ол
Табынбай мен Шабылаға қарай айқайлап:
—Үш жақтан шығайық! Шабыла‚ сен шоқ шаш! Олар оттан қорқады! — деп‚ сойылын қолына
сығымдай ұстап‚ қасқырларға қарсы қатты ақырып ұмтылды. Жанынан арс етiп өте берген бiр
қаншықты күдiрейген белiнен бiр қойды. Қатты тиген сойылдан бел омыртқасы үзiлiп кетсе керек‚
қаншық кирелеңдеп‚ бiрнеше рет ұмтылғанымен‚ орнынан тұрып кете алмады. Оны екiншi рет ұра
берем дегенiнде‚ оң жағынан атқып келiп қалған екi шоқты көрдi. Жалма-жан сойылын көлденең
тосқанша тайыншадай көкжал қасқыр шапшып кеп‚ қалың тонның жағасын дар-дар жыртты. Елдестiң
сойылы қолынан түсiп кеттi. Дереу орнынан тұра сап‚ ендi арандай аузын ашып өзiне қарсы ұмтыла
берген арланның алқымына қарай қол созды. Мұның бағына қарай‚ қолы көкжалдың шықшытының
астына барып тидi. Үлпiлдеген жүнi жабағыланып‚ қалыңдай бастаған екен‚ жуық арада саусағы қыл
кеңiрдекке жете қоймады. Көкжалдың ақсиған сойдақ тiстерiн тигiзбейiн деп‚ қолымен қатты итере
түсiп‚ оны жыға алмай сiресiп тұр. Сол арада арлан керi қарай бұлқына бердi. Ендi босанса‚ өзiне қауiп
екенiн бiлiп‚ Елдес ұйқы-тұйқы бiр қимыл жасады. Арланды көк желкесiнен сол қолымен жүнiнен
бүре ұстады. Сосын оң қолын тамаққа қарай тереңдете сүңгiттi. Жұтқыншақ саусағына тиiсiмен‚ бар
күшiн сап‚ буындыра бастады. Тынысы тарылған көкжал қатты ырылдап‚ керi бұлқынды. Елдестiң
қолынан бiр рет шығып кете де жаздады. Бiрақ қарулы жiгiт барын сала қимылдап‚ қатты
қылғындарды. Кектi уыстан босана алмаған арлан тынысы тарылып‚ аузын арандай ашып‚ алқына
бастады. Өңешiнен өлi‚ шiрiген еттiң сасық иiсi мүңкiдi. Елдестiң құсқысы кеп кеттi. Аздап басы
айналғандай болды. Сонда да көкжалдан айрылған жоқ. Сәлден соң ол қасқырдың бұрынғыша
бұлқынуын қойғанын‚ өне бойына әлдеқандай дiрiл енгенiн сездi. Ендi қыр-қыр еткен тынысы да
тыйыла бастады. Алқымының бүлкiлдегенi де басылды. Тайыншадай көкжал ақырғы рет қатты
бұлқынды да‚ жансыз шүберекше жерге қарай сылқ ете түстi. Қасқырдың ауырлығын Елдес сонда
барып аңғарды. Оны көтерiп тұра алмай‚ өз денесiнен де әл қашып‚ қарысып қалған саусақтарын
жазбастан бiрге құлады.
Осы кезде қасқырларды керi серпiп тастаған Табынбай мен Шабыла да жетiп-жетiп келiскен едi.
Табынбай “Аллалап” жүрiп‚ мұның қарысып қалған саусақтарын уқалап‚ әрең дегенде жазып алды.
Өзi қайта-қайта:
— Бала‚ құдай бiр сақтаған екен‚ — дей бередi.
Сол түнi қасқырлар таң ағарып атқанша жылқыға әлденеше рет шапты. Тағы да екi жабағы тайды
тамақтап кеттi.
Осы уақиғадан кейiн Елдестiң жаны мүлдем доғалданып кеткен-дi. Әлдiсi әлсiзiн шыжғырып жеп
жатқан мына дүниеге адамдардың мiнезiнен қасқырлардың әрекетiне ұқсас бiр қалыпты көргендей
болған. Сосын өзi де жiгiттiң бөрiсi атануға тырысқан. Дүние жинауды көздеп‚ ат аяғын алысқа сап‚
ұрлап мал алды. Жасақ құрып‚ керуендердi талады. Талай рет жалғыз үй отырған жарлы-жақыбайдың
үйiне қонып‚ аңқау қыздарын жер соқтырып кеттi. Кейiннен шыр бiткесiн‚ үш қатынды қоса қабат
алды. Кәзiр үшеуiнен он шақты бала сүйiп отыр. Бәрi де шеттерiнен өзi құсаған адырақ көз‚ қоңқақ
танау‚ сом тұлғалы ұлдар. Алды әлден-ақ ауыл үйдiң балаларына мәтiби боп‚ айтқанына көнбесе‚
оларды қан қақсатады. Соны көрiп‚ балаларының бөрi боп өсiп келе жатқанына iштей тәубә қылады.
Елдес балаларын ойлап‚ iштей елжiреп кеттi. Күн батып бара жатқан шақ едi. Күз айының ырайы
аздан соң бұзылатын ыңғайын сездiрдi. Батыстан соққан суық жел тұла-бойын бiр сәт тiтiретiп
жiбердi. Ол оған қарап жатпастан, сылқытып тартқан бойы қыстауына жақын жерде қонып отырған
ауылына кеп құлады. Әне‚ сыртта қараңдап жүрген балалары көрiнедi. Елдестi көрiп‚ алақайлап
қуанудың орнына олар бұған қарай состиып тұрып қалған. “Мұнысы несi?” — деп‚ Елдес атын сары
аяңға көшiрiп‚ ауылына келдi. Алдынан жайқаңдап бәйбiшесi шықты. Ерiн аттан түсiрiп жатып:
— Қалай‚ ат-көлiк аман-есен келдiң бе? — дедi. Жүзiнде бiр түрлi мысқыл бар.
— Құдайға шүкiр! — Елдес оған таңырқай қарады. — Неге сен бүйтiп тұрсың?
— Бүйтпей кәйтейiн машқарам шықса?
— Машқарасы несi? — Елдес тiктеле қарады.
— Машқарасы сол‚ ана бауыр етiңнен жаралған қызылбет тоқалың құлағы кесiк құлмен ойнас
екен. Кеше түнде сонымен қашып кеттi!
— Қашып ке-ет-тi?
— Иә‚иә‚ қашып кеттi!
— Сонда... қайда? — дедi Елдес жүзi қап-қара боп.
— Ояғын бiр құдай бiледi...
Елдес бойын бiр белгiсiз ыза буып‚ қалш-қалш еткен қалпы қамшымен етiгiнiң қонышын бiр
тартып жiберiп‚ атына қарғып мiндi.
— Шал-ау‚ тамақ iшiп кетсеңшi‚ — деген бәйбiшесiне де қарамады. Қосарына бiр ат алып‚
ауылдың сыртына шығып iз кестi. Сәлден соң екi аттың саздақ жерде тереңiте қазылып қалған iзiне
кездестi. Iз жас екен. Бағыты — Хиуа. Елдес атын тебiнiп қап‚ сол iзбен сылқытып тартты да отырды.
Асығыста найзасын алуды ұмытып та кеттi. Қолындағы өзегiне қорғасын құйған қамшысын бiлей
ұстап келедi. Ызаланғаннан көзiне жас құйылып кеттi. Қабағы қарс жабылып‚ тынысы жиiлеп‚ қалайда
құл мен тоқалды Хиуа шәһарына жеткiзбей ұстауым керек деп түйдi. Сол ой қамшы боп‚ Елдес iздi
қуалап тарта бердi.
8