Стр. 22 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

21
Жәнiбек Бұхарада көп айналмады. Мекеге барған сапарынан қайтып келе жатқан бетi осы.
Жолшыбай бiраз қиыншылық та көрдi. Әсiресе‚ Һиджаздың шөлiнен өтерде көрген тауқыметi
жетерлiк. Бұлар өздерiмен сапары бiр керуендерге қосылып‚ шашау шықпай жүрiп отырған. Жергiлiктi
жұрттың айтуынша‚ кәзiр шөл даланы жайлайтын бәдәуилердiң қылышынан қан тамып тұрған кезi
екен. Олар кездескен керуендi шауып‚ тонап алатын көрiнедi. Соны бiлетiн‚ бұрындары Мекеге бiр-екi
рет барып қайтқан‚ тiс қаққан керуенбасы қайратты жiгiттердi жасақтап‚ қолдарына сойыл‚ шоқпар
сықылды қару берiп‚ түн баласында мықты күзет қойдырды. Өзi таң ағарып атқанша көз шырымын
алмайды. Таң азаннан ерте тұрып‚ керуендi оятып‚ жiтi жүрiп отырады. Бұлардың бағына қарай жолда
бәдәуилер батып тиiсе қойған жоқ. Тек бiр түнi ғана олар аз ғана қолмен шабуыл жасап көрдi. Өздерi
аттың құлағында ойнайтын ел екен. Керуен құлазыған сахараның бiр жықпылындағы құдық басында
қонып жатыр едi. Жан-жаққа мықты күзет қойылған болатын. Бұлар от жағып‚ тамақ пiсiрiп‚ абыр-
сабыр боп жатқанда:
— Жау шапты! — деген үрейлi айқай шықты.
Жәнiбек қасындағы қадағашты ала түрегелдi. Иманы ұшқан жұрт та қолдарына түскендерiне
жармасып жатыр. Сол арада оң жақтағы құм төбенiң әр жағынан бiрнеше атты кiсi қараң еттi. Олар
найзаларын оңтайлап‚ ат жалына құниып жабысып алыпты. Сiңiрлi аттары мына сусылдаған ақ
шағылды тандырша кепкен ақ тақырдай көретiн сықылды. Алғашқы күзет қойылған жерге жете бере
сарт та сұрт болды да қалды. Он шақты атты бәдәуи әр тұстан тап бергесiн‚ керуеншiлер бөлiне-бөлiне
қорғанды. Қадалар сартылдап‚ кiсiлер боқтасып‚ ырс-ырс етiп жатыр. Түйелердiң жанында қалған он
шақты қайратты жiгiт бәдәуилердi шенiне жолатпады. Сол арада керуенбасы бiр амал ойлап тапты.
Оның тең арасында жасырып ұстап келе жатқан бiлтелi мылтығы бар едi. Ол шақпақты жағып қап‚
осы кезде анадай жерден көлденеңдеп өте берген бiр аттыны көздеп атып кеп қалды. Оқ аттың
сауырына барып тидi. Жануардың құлындағы даусы құраққа шығып‚ қатты шыңғырып жiбергенi
естiлдi. Мылтық даусын естiп‚ үрейi ұшқан бәдәуилер ендi бет-бетiне тым-тырақай қаша жөнелдi.
Заматта олар құм арасына сiңiп жоқ болды. Содан кейiн бұларға бәдәуилер тиiсе қойған жоқ. Бiрақ
Жәнiбек өздерiнiң iздерiмен олардың ұрымтал тұсты күтiп‚ ерiп келе жатқанын аңдады. Ара-арасында
сонау бiр шеттен атты кiсiлердiң қарасы көрiнiп қалып отырды. Керуенбасы:
— Бұларды қой‚ хақтың жолында келе жатқан кiсiлердi де тонайды! — деп кейiп қояды.
Һиджаздың шөлiн аман-есен кесiп өткеннен кейiн‚ бұлар Мекеге де жеттi. Шәһардың бiр шетiнен
жай алғасын‚ Жәнiбек тынығып‚ бiрер күн сыртқа шыққан жоқ. Содан кейiн барып шәһарды аралап
көрдi. Хадж басталғасын‚ атақты зәмзәм суынан iштi‚ Қағбаның қара тасын сүйдi. Сосын Арафат
тауын көрiп‚ Расулаллахтың зиратына барып зиярат қылды. Бұл жолы жер-жаһаннан келiп жатқан
кiсiлер өте көп екен. Барлығы құрбан шалып‚ құдайға құлшылық қылып‚ бiраз күн жатты. Қайтар
кезiнде Жәнiбек мұсылманның бес парызының бiрiн өтегенiне куә ретiнде қажы деген атақты алды.
Қайтарында шөлден гөрi теңiз жолын мақұл көрдi де тұрды. Онысы жақсы да болды. Қызыл теңiз
арқылы Жерорта теңiзiне түсiп‚ Стамбул шаһарына соқты. Атақты Ая софы мешi-тiне барды. Содан
Иран жерi арқылы керуен тартып өтiп‚ Ғират‚ Кабул арқылы Бұхара шәһарынан бiр-ақ шыққан едi.
Бүгiн мұнда келгенiне үшiншi күн. Кеше Мирараб мәдрәсасына барып‚ баяғы ұстазына сәлем берiп
қайтты. Мұның қажыға барғанын естiп‚ қашанда iлтипатшыл‚ сақал-мұртын дөңгелектеп‚ күтiп
ұстайтын арық денелi шарға ұстазы ыразы боп‚ құнжыңдады да қалды:
— Мұныңыз жүдә якши болған екен‚ — деп сәлде салған басын иiп‚ дәудiрлей сөйледi. Сосын ол
қазақ елiнiң хал-жайын сұрады.
— Мен елден кеткелi бiраз болды ғой. Кәзiр қандай екенiн бiлмейiм‚ — дедi Жәнiбек шынын
айтып. Араб жерiнiң аптабы мұның жүзiн бұрынғыдан да қарайта түскен екен.
— Солайын солай. Бiздiң естуiмiзше‚ ақ патшаның әскерi Сырға келiп табан тiрептi. Ендi бұяққа да
аяқ салатын шығар?
— Ол... мүмкiн.
— Дiн исламға зор зиян келетiн болды. Олар... ана жақта қазақ‚ татар‚ башқұрттарды зорлап
шоқындырып жатыр дейдi.
— Қойшы?! Рас па? — дедi Жәнiбек тiксiнiп. Өз ойынша, басқа дiнге кiру деген қазабат боп
көрiнетiн.
— Рас‚ рас. — Ұстазы сәл кiдiрдi. — Мына Бұхарада да... — ол әулiде ешкiм жоқ па дегендей‚ жан-
жағына жалтақтап қарап алды‚ — маза шамалы. Шәһардың базарын құдай атқан яһудилар басып
алған. Сауданы жасайтын да‚ пайдаға белшесiнен бататындар да солар. Ана қассаб соларды арқасынан
қағып отыр. Әдәлатты халифалар бұл адамзаттың аздырушы шайтаны яһудиларды бекер қумаған.
Келешекте олардан мұсылман жұртына келер зор қауiп бар.
— О қандай қауiп? — Жәнiбек сыр бермеуге тырысып‚ жүзiн жылытқан болды.
— Өй‚ олар кiсiнi алдап азғырғанда‚ шайтан жолда қалады. “Тауды-тасты жел бұзар‚ адамзатты сөз
бұзар”‚ — деп тегiн айтылмаған. Исраилдың балалары әзәлдан адамизатты аздырушы болған. Олар еш
елге жақсылық ойламайды.
Жәнiбек iшiнен келiспесе де‚ үндеген жоқ. Тек бiр байқағаны‚ Бұхараның базарында яһудилар‚
шынында да‚ көп екен. Өздерi тәжiкше сөйлейдi. Бiр емшектен ембесе болды‚ немере‚ бөлелерiн ала
беретiн олардың тұқымы аза бастағаны бiр көргеннен-ақ байқалады. Соған қарамастан, өздерi пысық-
ақ! Жергiлiктi өзбек‚ тәжiк саудагерлерiне базарда жол бермейдi. Соған ашуланған жұрттың арасында
талай рет кикiлжiң болғанға ұқсайды.
Жәнiбек ертесiне базарға барып‚ қазақ ауылдарына таңсық базарлық сатып ап‚ қалаға бiр қонды
да‚ ертесiне таң қылаң берiсiмен жолға шықты. Баяғы сүрлеу жолға түсiп ап‚ еш жерге бөгелместен
тартты да отырды. Қарақ тауының шенiне жете бере‚ от жерлердi қаптай жайлап отырған Балқы
ауылдарына кезек-кезек қонып‚ Қызылдағы өз ауылына да жақындай бердi. Жолшыбай қалың
Бозғұлдардан Созақ жақта болған шайқас жайында естiдi. Бiр жетiден кейiн өз ауылына келдi.