Стр. 23 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

22
Базарлықтарын артқан қосақтағы атты жетектеген күйi алдымен үлкен отауына кеп түстi. Айжамал
бұрынғыдан күрт өзгерiптi. Үнемi қабағын ашпайтын бәйбiшесi осы жолы мұны жайраңдап қарсы
алды. Төсек салып‚ малай қатындарға шәй қойдырып‚ бәйек боп жүр. Артынша бiр баланы жiберiп‚
кiшi отаудан Ақкербездi шақыртып алдырды. Ақкербез iшке кiргенде‚ Жәнiбектiң бiрден байқағаны —
келiншегiнiң жүзiнiң бұрынғыдан гөрi ажарлана түскенi болды. Екi бетiне iз салып‚ әлдеқандай кiреуке
қона қалыпты. Айы-күнi жетiп қалғасын ба‚ Ақкербездiң отырып-тұруы қиындай түсiптi. Жәнiбек екi
әйелiмен амандық-саулық сұрасып отырып‚ әлденеге елеңдей бердi. Бұл ауылда Әлжанның жоқтығын
бағана бiрден аңғарған. “Неге”‚ — деп ойлап әлi отыр. Сол арада Айжамал кебежеден кесе алып
жатып:
— Қайнағаның хабарын естiмеген екенсiң ғой‚ — деп қалды.
— О не хабар? — Жәнiбек басын көтердi.
— Айтуға аузым бармайды. — Айжамалдың қара торы жүзi қызара бастады.
— О не соншалық? — дедi Жәнiбек әлден тiксiнiп.
— Ана.... тоқалы... құлмен... қашып...
— Не дейдi? Сонда... ағамның өзi қайда?
— Соларды қуып кеткенiне екi күн болды. Әлi хабар жоқ. Қайным бағана сол ауылға кеткен...
— Мәс-саған‚ — деп‚ Жәнiбек санын бiр-ақ ұрды. Ағасының жаңғыз қуып кеткенiн естiгенде‚
тағат қып отыра алмады. Бiр тостаған қымызды басына көтердi де‚ тездеп атына мiндi. Жақын
кiсiлерiн жiберiп‚ Қасқырбай мен Қалдыбай тезiрек жетсiн дедi де‚ өзi әкесiнiң ауылына келдi. Сәлем
бердi. Мамырай қартая бастапты. Аяғы ауырлаған Балқия ұялып‚ сыртқа шығып кеттi. Мамырай
ыңырана отырып:
— Баяғыда-ақ сол құлдың көзiн құрт деп ем‚ тыңдамады. Кәпiрдiң көзiнде от бар едi. Жазым
қылмаса нағылсын! — дедi.
— Құдай сақтасын‚ үйтпес‚ — десе де‚ Жәнiбек тықыршып болды.
Сол күнi кешке қарай Қалдыбай мен Қасқырбай да жеттi. Жандарында жиырма шақты жiгiтi бар.
Ендi Жәнiбек айналмады. Қосарына ат алып‚ азық-түлiктерiн қамдап‚ кешке таман жолға шықты.
Елдестiң ауылына соғып‚ жеңгелерiмен сәлемдескеннен кейiн‚ iзге түсiп ап‚ сылқытып тартты да
отырды. Сол арада қас қарая бастады. Ызғырық жел соғып‚ аспан қарауытып‚ айнала түксие бастады.
Ендi iздi көру қиындыққа соқты. Сосын бiр шамаға келгесiн‚ Жәнiбек аттан түсiп‚ тынығып алғанды
жөн көрдi. Жiгiттер лаулатып от жағып‚ қоржындарына салған қазы-қартаны шығарып‚ дастархан
жайып‚ тамақ жедi. Қасқырбай құманға су құйып‚ мосыға асып‚ шәй қайнатты. Шәй iшiп болғасын‚
аттарын отқа жiберiп‚ барлығы да ерлерiн жастанып‚ киiмшең қалпы жатқан-жатқан жерлерiнде қисая
кеттi.
Жәнiбек көпке дейiн ұйықтай алмады. Ойы қайта-қайта бiр жаманшылыққа ауа бердi. Сүйтiп
жатып түн ортасы ауа бере көзi iлiнiп кетiптi. Бiр кезде байғыздың тарғыл даусынан шошып оянды.
Көзiн ашып жан-жағына қарады. Байғыз даусы анадай жерде төбе басында қарауытып тұрған
төртқұлақ жақтан шығады. Жәнiбек ендi ұйқыдан маза қашқанын бiлiп‚ орнынан тұрып‚ аттарды бiр
шолып шықты. Сосын местен құманға су құйып‚ бетi-қолын жуып‚ таң намазын оқыды. Артынша от
жағып‚ шәй қайнатты. Осы кезде жiгiттер де орындарынан тұра бастаған едi.
Тамақ iшiп‚ әлденiп алғасын‚ олар қайтадан атқа қонды. Iз ендi үшеу боп‚ Боқан тауына қарай
тартыпты. Жәнiбек бiрден-ақ олардың бет алысы Хиуа екенiн аңдай қойды. Iшiнен шәһарға кiрiп
кетсе‚ не iстейтiнiн өлшеп пiштi. Әгер олар шәһарға кiрмей‚ әр жақтағы түркiменге асса‚ мұның құлды
таба қоюы қиын. Бiр есептен үйтуi мүмкiн де емес. Өйтсе‚ жауынгер түрiкмендер құлағы кесiк шұнақ
құлды табанда өлтiрiп‚ тоқалды қатын үстiне ала салады. Олар қалайда Хиуаның маңын паналайды.
Сол оймен келе жатып‚ Жәнiбек Боқан тауына жақындап қалғанын да байқамады. Түс ауа бере аяғы
талғасын‚ олар бiр жерде аз ғана дамыл қылды. Сосын қайтадан атқа қонып‚ iзбен сылқытып тартты да
отырды.
Iшкi жаққа жақындаған сайын жер ажары өзгерейiн дедi. Күн жылы тартып сала бердi. Жалаңқат
шекпен киген Жәнiбек белiне асынған қылышын жөндеп қойып‚ сар желiстен танбады. Жастайынан
кәнiгi тартқасын ба‚ бұл ат үстiнiң жүрiсiне болдырмайтын едi. Басқа жiгiттер де шаршамаған
сықылды. Сүйтiп келе жатқанында Қалдыбай:
— Жәке‚ анау немене? — деп iлгерi жақты қолымен нұсқады.
Батып бара жатқан күнге қарсы жүрiп келе жатқасын‚ әуелгiде Жәнiбек дәнеменi де көре алмады.
Қолымен көзiн күннен көлегейлеп қарағанда барып‚ жол үстiнде жатқан бiрдеменi көрдi. Көргеннен-ақ
бiр түрлi боп‚ тiксiне бастады. Салдыртып желген бойы жетiп келсе‚ өлiп жатқан кiсi екен. Үстiндегi
киiмi бұның көзiне оттай басылды. Шыдамай жылап жiбердi. Атынан дүрс етiп түсе қап‚ аяғын тездеп
басып‚ жанына келсе‚ Елдестiң жүзi қап-қара боп кеткен екен. Өлер алдында бетiн құбылаға қарай
зормен бұрған сияқты. Көзi шыпыраштанып‚ шақшиып жатыр. Жәнiбек жүрелей отыра қап‚ Елдестiң
көзiн алақанымен ұзақ уқалап отырып әзер дегенде жапты. Iзiнше жүрелей отыра қап‚ аңыратып құран
оқыды. Да‚ қолымен бетiн сипап боп‚ орнынан түрегеп‚ бiр жiгiттiң атының жабуын алып‚ мүрденi
соған орады. Сосын Жәнiбек жылап жүрiп‚ жан-жақты шолып қарады. Алысқан кiсiлердiң iзi сайрап
жатыр. Шамасы‚ құл мен екеуi ұзақ алысқанға ұқсайды. Бiр жiгiтке әлi толық жететiн Елдестiң құлдан
мерт болуы қиындау. Сол арада жаңа Жәнiбектiң бiр көргенi есiне түстi. Елдестiң ту сыртында
жарақат бар. Қанжардың iзi сықылды. Алысып жүргенде тоқал сыртынан қанжар салмаса не етсiн?
Қалдыбай қап-қара боп‚ дiр-дiр етiп:
— Осыдан қолыма түс‚ өтiңдi соймай жарып алмасам ба? — дедi.
Жiгiттердiң бәрi де ызадан жарылардай боп тұр екен:
— Көзiмiзге бiр көрiн! Өй‚ бiр...
— Қабырғасын пәршаламасақ па?
— Осыдан...