23
Сол арада Жәнiбек бойын жиды. Жiгiттерге қарап:
— Болар iс болды‚ бояуы сiңдi. Ендi тұрмалық. Үш-төртеуiң ағамның денесiн елге алып қайта
берiңдер. Бiз Хиуаға тартамыз‚ — дедi.
Сол арада олар екi айрылды.
9
Жәнiбек ендi iзбен жүрiп әуре болмады. Ол Хиуаға апаратын тура жолға түсiп ап‚ аңыратып
тартты да отырды. Күн бұл кезде еңкейiп қалған да болатын. Iшкерiлеп енген сайын мына жақтың
топырағы да‚ шөбi де өзгерiп сала бердi. Қызылдың нағыз қып-қызыл боп жататын құмы басталды.
Кейбiр бұйрат тұстарда бастары дөңгеленiп‚ жиналған шаштай боп кеуректер кездеседi. Алыстан
қарағанда барлығы тұтасып‚ бiр түрлi ормандай боп көрiнедi. Жәнiбек асығыс жүрiп келе жатып‚
анада естiген бiр әңгiмесiн есiне алды. Осы аралықта ұрлық жасап‚ елдiң бәрiнiң үрейiн ұшырып
болған Шаһарбек дейтiн ұры бiр күнi Аспан елiнiң бiр байының жылқысын олжа қылмақ болады.
Түннiң бiр уағында‚ жылқылар оттап жатқанда‚ күзетшi қалғыды-ау деп есептеп‚ Шаһарбек ат жалына
қарай еңкейе түсiп‚ iлгерi қарай жүредi. Әбден ұрының қулығына үйренiп алған аты оқыранып қойып‚
өз малындай боп‚ үйiрдiң ортасына кiре бередi. Сол екен‚ Шаһарбек дымын бiлдiрместен он шақты
жылқыны үйiрден бөлiп ап‚ жырылып шығады. Сосын оларды қуалап айдай жөнелгенде‚ оны күзетшi
байқап қалады. Ол құр қол екен. Дереу қараңғыда айқай салған даусы ауаны жаңғырықтырып‚
Шаһарбектiң iзiнен қуа жөнеледi. Шауып келе жатып ол өзiнiң құр қол екенiн бiледi. Бiр арада басына
қулық шауып‚ селтитiп тұрған кеуректiң бiрiн тамырымен қопарып жұлып ап‚ Шаһарбектiң iзiнен
салады. Оны көрiп ұрының зәресi зәр түбiне кетедi. Қараңғыда шауып келе жатқанында оған әлгi
кеурек биiк теректей боп көрiнедi. Оны тамырымен қопара жұлып ап‚ төбесiнде таяқ құрлым көрмей
бұлғалап келе жатқан жылқышыны көрiп: “Ә‚ ажалым жеткен шығар”‚ — деп жылқыны тастай сап‚ өз
бетiнше безiп бередi. Жылқышы да қу екен‚ оған жете бере кеурекпен бiр салады. Кеурек тайып
барып‚ аттың сауырына тиедi. Соны көрген Шаһарбек зыта бередi. Сүйтiп ол тегiн олжасынан
айырылып қалады. Ертеңiне одан не болды деп басқа ұрылар сұрағанда‚ құты қашқан Шаһарбек:
“Бала‚ айтпа. Ояқта әйдiк-әйдiк кiсi бойы терек өседi екен. Әлгi жылқышы соның бiрiн жұлып ап‚
ұмтылғанда‚ құдай сақтап‚ шаққа дегенде құтылдым. Болмағанда бiткен едiм”‚ — дептi. Сол жағдай ел
арасында әлге дейiн қызық әңгiме боп тарап жүр едi.
Олар күн батып‚ қас қарайғасын‚ Қызылдың бiр тұсына кеп ат шалдырды. Қалдыбай от жағып‚
тамақ iстедi. Кешкi асты iшiп отырып‚ Жәнiбек өздерiнiң Ерлер тауының баурайына жақындап кеп
тынығып отырғанын байқады. Ертеректе мына Бұхара әмiрiнiң қысымына шыдамаған бiр құл шәрiден
шыға кеп қашады. Содан жаяу-жалпылап жүрiп отырып‚ арып-ашып‚ осы таудың етегiне келедi. Бұл
арада жылып ағатын майда бұлақ бар екен. Содан су iшiп‚ демалып отырғанында‚ арт жақтан шаңы
бұрқырап келе жатқан қуғыншыларды көредi. Сасқан құл таудың басына шығып пана iздейдi. Қараса‚
бiр жерде үңгiр бар екен. Амалы қалмаған ол соған кiрiп кетедi. Қуғыншылар келiп‚ құлды әрi iздейдi‚
берi iздейдi. Ақыры таба алмай‚ керi қайтады. Содан бастап әлгi құл осы жердi мекендейдi.
Қуғыншыдан сақтанып‚ әлгi үңгiрдi одан әрмен тереңдете қазып‚ басқа бiр жақтан саңылау шығарып
қояды. Дәл осы таудың қасында Ерлер әулиенiң зираты бар. Содан бастап осы төңiректегi ел Ерлер
әулиеге кеп‚ құран оқып‚ зиярат қып жүредi екен.
Жәнiбек ет пiсiрiмдей уақыт тақым созып‚ демалғасын‚ қайтадан атқа қонды. Ендi олар Хиуаға
тура тартты. Түн ортасы ауғанша жүрiп отырып‚ бiр қарақалпақ ауылына жетiп ат шалдырды. Ертесiне
таң азаннан жолға шықты. Хиуа шәһарына жете бере iз кесiп едi‚ баяғы үш аттың iзiне қайтадан
кездестi. “Ә‚ бәлем”‚ — деп‚ түс әлетiнде олар шаһарға да жеттi. Iшке кiргесiн‚ Жәнiбек Ядгарбектiң
үйiне барды. Оның әулiсiнде отырып‚ болған жайды толық айтып шықты. Ядгарбек бас уәзiрлiктен
түскеннен кейiн қызметтен бас тартып‚ үйде отырып қалыпты. Сақалы ағарып кетiптi. Мұның қажыға
барып қайтқанын естiп‚ қатты қуанды. Сосын сақалын тарамдап отырып:
— Бұ жайында ханға айтпай-ақ қоялық. Кәзiр ол өте ашулы. Анадағы Дадабек бектiң сойқанынан
кейiн қазақларға қатты қаһары кеп жүр‚ — дедi.
— Оған кiнәлi... Дадабектiң өзi ғой.
— Солайы солай‚ ғой Бiрақ оны... хан өзi... — Ядгарбек артық сөз айтпады. — Ақ патша болса‚
Сыр бойына табан тiреп те үлгердi. Қайдам‚ мұсылман қауымының басына бiр зор тумаса... — Ол ендi
өткiр көзiн бұған қадап: — Жаңағы құлды табудың жолы былай. Хиуаның миршабы — менiң
қатынымның туысқаны. Соған барып айтайық. Ол жансыздарын жiберiп‚ тауып алады‚ — дедi.
— О да жөн.
Ядгарбек сол арада хат жазып‚ оны қызметшiсiнен миршабқа берiп жiбердi. Ол бiраздан соң
қайтып кеп‚ хатты миршабқа өз қолына табыс еткенiн‚ оның мақұл дегенiн айтып келдi. Жәнiбек ендi
тақат қылып отыра алмады. Ядгарбектiң мазасын алмайын деп‚ жiгiттерi орналасқан керуенсарайға
келдi. Сосын кеуiл көтерейiн‚ аздап сергиiн деп‚ Қасқырбай мен Қалдыбайды ертiп базарға барды.
Жұма болмаса да‚ базарда кiсi-қара көп екен. Бiр жерде кәрнәй тартып‚ рубаб шалып‚ бiр өзбек кiсi
әшулә айтып жатыр. Даусы әдемi екен‚ ол үнiн бiр түрлi тамақтан қылғындырып шығарады. Анадай
жерде шайхананың жанында ұнамды иiсi аңқыған палау пiсiп жатыр. Қатар-қатар отырған саудагерлер
әшейiн беретiндей: “Алың‚ ә‚ алың‚ ә”‚ — деп жанынан өтiп бара жатқан кiсiнiң шалғайына жармасып
болады. Сүйтiп келе жатқанында Қалдыбай мұны бүйiрiнен түртiп қалды. Жалт қараса‚ ол сыбырлап:
— Анда қараш! Анау... осы Тортай емес пе? — дедi.
Бұл қарап едi‚ шынында да‚ — Тортай! Өзi қазақша киiнiп апты. Қасындағы бiр-екi кiсiсiмен
бiрдеменi саудалап жатыр. Жәнiбек таңғалып:
— Бұл... мұнда нағып жүр‚ а? — дедi.