25
жанында жатқан басқа кiсiлерге қарамастан‚ арқаннан шап берiп ұстай алды. Оны тездетiп белiне
байлады. Сосын жоғарғы жаққа қарап:
— Кәне‚ тарт! — деп айқайлап жiбердi.
Жанында сексиiп тұрған өзбек ұламасы:
— Жора‚ жәймен‚ — деп қалды.
Сонда барып Елмырзаның ойына сақтық түстi. Мына кiсiлердiң мұны ұрланып шығарып алмақ
жайын ойлады. Сол арада жоғары жақта тұрған кiсiлер арқанды тарта бастады. “Иә‚ Алла”‚ — деп
Елмырза да зынданның екi жағына аяғын тiреп‚ тырбаңдап көтерiле бердi. Қарулы қолымен iлiккен
әлдеқандай түйiртпектерден ұстап келедi. Онысы саз топырақ боп шығып‚ дем арасында үгiтiлiп сала
бередi. Ығал тартқан зынданның қабырғасы бос екен‚ — бұл аяғын тiрей бергенде бiрден омырылып
кетедi. Соған қарамастан, Елмырза жаны қалмай қимыл жасады. Мына сәтте қалайда қапастан
құтылып қалудың керектiгiн пәмледi. Болмаса‚ күнi қараң. Бұған қаһары келген Мұхаммед-Әминнiң
ертең өзiн көп алдында дарға аса салуы оп-оңай. Кеше де мұны ұстағанда... “Қой‚ онан да мынадан
шығып алайық”. Жоғары жақта тұрған жiгiттер ендi қаттырақ тарта бастады. Елмырза ернеу сыдырып
кеткен жерлерiне қарамады. Сасық зынданның жоғарғы ернеуiне жете бергенде, уһ деп таза ауадан бiр
жұтты. Айы жарқырап‚ бау-бақшасы тамылжып тұрған мына кең дүнияны көргенде, басы айналып
кеткендей болды. Дереу есiн жиып‚ зынданның ернеуiнен ұстай алып‚ сыртқа атып шықты. Өз
жiгiттерiн танып‚ бiрдеме деп сыбырлап сөйледi де‚ бұл арадан тезiрек тайып тұрғанды мақұл көрдi.
Жiгiттер де асығып тұр екен. Олар ендi арқанды тез-тез жиып ап‚ тамылжып тұрған қалың бау-
бақшаның арасымен зытып бердi. Елмырза да өкпесi өше жүгiрiп келедi. Толыса бастаған денесi iрк-
iрк етiп‚ сәлден соң алқына бастады. Бiрақ шыбын жанын ойлағанда‚ қалай ышқына түскенiн өзi де
байқамады. Биiк тақалы етiгi борбас құмға кiрiп кетедi. Итiңдеп‚ бiраз ит-әуреге де түстi. Олар
зынданның маңайынан ұзадық-ау дегенде барып Елмырза:
— Ендiгi барыс қалай? — деп сұрады.
— Елеке‚ ояғын да ойластырып қойдық‚ — дедi өз жiгiтi сыбыр етiп. — Аттарды бағана сыртқа
шығарып қойғанбыз. Кәзiр мына диуалдың аласа бiр тұсы бар. Соған барып...
Елмырза түсiне қойды:
— Тез‚ кеттiк!
Шынында да‚ жiгiттер қапысыз ойластырған екен. Қорғанның мына тұсында iш жағынан ат жал
ғып үйiлген саз топырақ бар екен. Оны неге үйгенiн кiм бiлсiн. Соған шығып‚ бiр жiгiт ұшында әйдiк
қармағы бар арқанды диуалдың қыр арқасына iлiп үлгердi. Сосын өзi лып етiп‚ мысықша өрмелей
бердi. Диуалдың үстiне шығып‚ iлгешектi мықтап iлдi де‚ екiншi арқанның бiр ұшын жерге тастады.
Елмырза сол арқаннан ұстап ап‚ iшiнен құдайына сыйынып‚ өрмелей бастады. Алғашқыда бiр-екi
құлаштай жерге көтерiлуi оңай сықылды көрiнсе де‚ кейiннен денесi ауыр тартып‚ екi қары салдырап
қоя бердi. Бiрақ қалайда шығуы керектiгiн ойлағанында‚ қайраттанып сала бергендей болды. Аяғымен
диуалды тынымсыз жырғыштап‚ iлгерi қарай өрлей бердi. Мiне‚ диуалдың нар өркеш басына да жақын
қалды. Ол ендi бiр әуп деп‚ қарулы қолымен сол арқадан ұстай алды. Қалған жағы қиын болған жоқ‚
ендi бiр сәтте Елмырза диуалдың үстiне шығып та алған едi. Сол арада бiрдеңе деген жiгiтке
қарамастан‚ диуалдың басынан әрi қарай секiрiп кеттi. Алғашқыда аласалау көрiнсе де‚ диуал биiк
екен. Құлдилап келiп‚ сәтi болып‚ аяғымен құмаққа томп ете түстi. Басын жерде жатқан бiр тасқа
соғып та алды. Оған қарап жатқан Елмырза болмады. Анадай жердегi селдiрлеу өскен жиде тоғайдың
iшiнде тұрған бiр-екi аттыны көзi шалып қалған ол iште қалған жiгiттерiне қарамастан‚ солай қарай
емпеңдей жөнелдi. Келе өз атына қарғып мiнiп те алды. Сосын барып ана жақта қалған жiгiттерiн күту
керектiгi есiне түстi. Өз-өзiнен ыңғайсызданып‚ ендi батылданып‚ атын тебiнiп қап‚ iлгерi қарай жүре
бердi.
— Ойбай‚ Елеке‚ көрiп қалар‚ — деген жiгiттердiң сөзiн тыңдаған да жоқ.
Бұл кезде жiгiттер қорған iшiнен шығып та үлгерген едi. Елмырза өз ұятын жуғысы келгендей‚
оларды қарсы шығып қарсы алды. Оны елеп жатқан жiгiттер болмады. Барлығы аттарына қонғасын‚
Елмырза ел қайдасың деп тартып бердi. Он шақты жаңасы болып қалған айды оң қол жағында ұстап
отырып‚ кебiртегi шығып жатқан даламен тартты да отырды. Қуғыншы шығып қалар деп қауiп илеп‚
бiр арада олар тереңдiгi ат тiзесiнен аспайтын майда көлдi кешiп өттi. Сосын қуғыншыны адастырайын
деп‚ қалың жиденiң арасымен жүрiп отырып‚ өзiне баяғыдан таныс ақ шағылға бiр-ақ шықты. Бұ
шағылдың арғы шетi ұзақ-тын. Елмырзаға керегi де осы. Олар құмды кешiп келедi. Аттар жүре алмай‚
аяқтарын қадап басу қиынға түсiп‚ әлмәһәл тайғанақтап кете бередi. Елмырза оған қараған жоқ. Өз
болжауынша‚ таң алдында терiскейден самал соғады. Сол екен‚ мына құм бұрқырай қозғалып‚
бұлардың iздерiн көмiп тастайды. Сосын шыққан қуғыншы бұларды тауып көрсiн.
Таң алды жақындаған сайын шаршаған жiгiттердi ұйқы жеңе бастады. Кейбiрi бойы ауырлап‚ ер
үстiнде қалғып кете бередi. Соны байқаған Елмырза бiр арада демалғанды жөн көрдi. Аттардың
шылбырын бiлектерiне байлап‚ оларды онша ұзатып жiбермей‚ құм арасына жата-жата кетiстi. Сол
арада Елмырза өзiнiң қарны ашып‚ бұрлыға бастағанын бiр-ақ сездi. Атқосшысына қарап:
— Бiрдеңе бар ма? — дедi.
Ол бiр пысық жiгiт едi. Әнеукүнi Шатайды аманатқа алып қалғанда‚ бұлар тартып келе жатқанда‚
ол кездейсоқ жолығысып қалған болатын. Оны жолды жақсы бiледi деп Тортайды көндiрiп‚ ертiп
алған-ды. Сонысы жақсы бопты. Әйтпесе мұның тар зынданнан шығуы екi талай едi.
Елмырза жiгiт ұсынған салқын еттi қомағайлана жедi. Алғашқыда түйiлiп қап‚ жұта алмай бiраз
отырды. Көзiнен бiрер тамшы жас ытқып та шықты. Соны сезген жiгiт дереу местен бiр кесе су құйып
әкелдi. Суды iшкеннен кейiн барып‚ Елмырза уһ деп демiн бiр-ақ алды. Қолымен дөрекiленiп кеткен
қара бұжыр бетiн сипап қойды. Iшiне ел қондырғасын барып‚ әлгi жiгiттен болған жайды сұрастырды.
Оны Жәнiбектiң миршабпен қалай таныстырғанын естiгенде‚ бiр түрлi iшi жылып сала бердi. “Қанша
дегенмен ағайын емеспiз бе?” — деп кеуiлденiп қойды. Өзi ана бiр жылы Шөмекей мен Кетелерге хан