26
боп сайлағанында‚ Сағынай мен Мамырайға бiраз тiзе батырып едi. Ендi соны ұмытып та кеттi.
Шалқасынан жатып ап‚ аспанға қарады. Таң жақындағаны бiлiнiп‚ зеңгiр көк аспан бозамықтана
бастаған екен. Елмырза көзiнiң iлiнiп бара жатқанын байқамай да қалды. Бiр мезгiлде барып оянса‚
басы мыңғы-дыңғы. Iшiне қорғасын құйғандай боп көтертпейдi. Екi қары салдырап қалыпты. Жан-
жағына қараса‚ таң әппақ болып атыпты. Жiгiттер орындарынан тұрып‚ шәй қайнатуға кiрiскен екен.
Сол арада Елмырзаның есiне Хиуа ханы түстi. Оның сарбаздары бүгiнде болған жайдан құлақтанып‚
қуып келе жатқан да шығар. Мұның бiр бiлетiнi‚ хиуалықтар құмнан өлердей қорқады. Жазық далада
олардың түрiкмен шатыс аттарынан қашып құтылу қиын. Сол есiне түстi де‚ Елмырза осы арада қас
қарайғанша демалғанды дұрыс көрдi. Мұны жiгiттер де қолдады. Олар аттарының тартпаларын
босатып‚ тар ғып тұсап‚ анадай жердегi кiшкене жайпақ жерде бүлк-бүлк ағып жатқан кiшкене
бұлақтың жағасындағы отқа жiбердi. Дорбасында сұлысы барлары аттарын жемге қойды.
Күн түске тарта жанып кеттi. Мына жақта күз басталды дегенмен, әлi де ыссы едi. Паналайтын бiр
қарайған жоқ. Елмырза шекпенiн басына жамылып‚ бұлақ басында жатты да қойды. Есiне әр нәрсе
түстi. “Кәзiр Тортай қайда жүр екен“‚ — деп ойлады. Бәрi де соның кесiрiнен болды. Хиуаға жетiсiмен,
бұл базар аралап қана жүрейiк деп едi‚ астамсыған төре жiгiт көнбедi. Бұған: “Ханға барып сәлем бер‚
ау-жайын байқа”‚ — деп отырып алды. Хиуа ханына көптен берi ат iзiн салмай кеткендiктен‚ бұл одан
iштей қорқасоқтап жүретiн.Сол жорамалы шындыққа шықты. Сарайға барып‚ бiр уәзiрге Мұхаммед-
Инаққа сәлем берiп шыққысы барлығын айтып едi‚ анау құнжыңдап‚ басын шұлғыды да қалды. Бұл
содан-ақ кiп ала бастады. Осы кезде бұның жанынан бiрнеше кiсi өте бердi. Бұты сыптиған‚ түрi
сарғыш‚ бiр түрлi ғып сөйлейтiн бiр әскери кiсiнi сарай қызметкерлерi қоршалап алған. “Ә‚
ағылшының осы болды ғой”‚ — деп ойлағанынша болмады‚ әлгi уәзiр бұған кеп‚ ханның күтiп
отырғанын айтты. Елмырза ендi неде болса тәуекел деп‚ аптыққанын басып‚ iшке кiрдi. Тақта отырған
ханға жақын кеп‚ иiлiп сәлем бердi. Рәсiм бойынша ұлықтап бiраз сөз айтты. Сосын барып ханға бiр
қарап едi‚ оның қою сақал-мұртына ақ кiре бастағанын байқады. Өткiр көзi бiр түрлi нұрсыздана
бастағандай. Қасында иiлiп тұрған Сафар би бұған бiр түрлi боп көз тастап‚ ханның құлағына бiрдеме
деп сыбырлап қойды. Хан бұған қарап‚ отыр дегендей ишарат қылды. Бұл кiлем үстiне малдас құрып
отырып болғасын:
— Иә‚ не хабар бар? — дедi хан бұған тура қадалып.
— Хабар әр түрлi ғой‚ — дедi Елмырза өтiрiк күлiмсiреп.
— Соның iшiнде бiзге жағымдысы бар ма?
— Ояғын‚ тақсыр‚ мен‚ қайдан бiлейiн. Мына Сыр бойына ақ патшаның әскерi келiп те үлгердi.
Қазақтардың билерi мен ақсақал-қарасақалдары сояғына шығып жатыр. Соны сiзге айтып‚ көмек сұрай
келдiм. — Елмырза бiр өтiрiктi соғып кеп жiбердi.
— Сонда не көмек? – Хан бұған көзiн сығырайта қарады.
— Қару берсеңiз екен‚ ұлы хан. Ақ патшаға көнбеймiз дейтiн қазақтар жетерлiк. Соларды
қаруландырсақ‚ ана Қазалы мен Райымдағы бекiнiстi тас-талқан қылар едiк.
— Ә‚ солай ма? — Хан Сафар биге қарады. — Сiз не дейсiз?
— Бұ қазақтардың мылтық бер деп жылай беретiн әдетi. Берсең ертең‚ Дадабектiң кебiн кимеске
кiм кепiл? — дедi ол басын иiп.
— Менiң бас уәзiрiм солай дейдi. Бұ қалай‚ а?
— Хан тақсыр‚ оған Дадабектiң өзi кiнәлi. Ол һарамсарайдың не екенiн бiлмейтiн қазақтарға қыз
бер деп зорлық жасады. Үйтпегенiнде‚ бұлай болмайтын едi... — Елмырза екi қолын екi жаққа жайды.
— Солай ма?
Елмырза үндемедi.
Хан бұған күле қарап:
— Осы сiздi орыс патшасына қызмет етiп жүр деген не сөз? — дедi.
Бұның иманы қара таяқтай болды:
— Қызмет еткен түгiм де жоқ. Ақ патшаның кiсiлерiн көрсем көзiм шықсын!
— Ал бiзде басқа деректер бар. — Ол Сафар биге қарады.
— Ол деректер анық‚ — дедi Сафар би тағы да басын иiп. — Өткен жылы Қазалыда ақ патшаның
әскербасысы той жасағанда‚ бұл төре де сонда болған.
Елмырза қысылғаннан қап-қара боп кеттi. Маңдайына мұздай тер бұрқ етiп шыға келдi. Сол арада
дыбырлап:
— Онда болғаным рас. Шақырғасын‚ барып көрейiн дедiм. Бiрақ мен тойдың аяғына қарамай кетiп
қалдым‚ — дедi.
— Бұның бәрi өтiрiк‚ — дедi Сафар би ендi даусын қатайтып. — Менiңше‚ мына төре жансыз боп
келiп отыр. Ақ патшаның әдетi осы‚ әуелi ел билеген төрелердiң аузын алып‚ жансыз ғып‚ сыр
тартады. Сосын ол төрелердiң өзiн құрта салады. Мынау да соның бiрi. — Ол ендi бұған тура қарады.
— Сiз Хиуаға не себеппен келдiңiз? Кәне‚ соны айтыңыз.
Елмырзаның алдын ала ойластырмаған жәйтi осы едi. Ол аяқ астында сасып қап:
— Астық алсам ба деп ем‚ — дедi даусы солғын тарта шығып.
— Хош. Сонда астық алатын кiсi түйесiз сыбай-салтаң жүре ме?
Елмырзаның аузына сөз түспей қалды. Бұлардың шәһарға кiргеннен-ақ жансыздардың өздерiнен
көз алмай‚ сырттай бақылап жүргендiктерiн сонда барып аңғарды. Сол жерде қапелiмде басына бiр ой
түсiп:
— Оған жауап берейiн‚ — дедi даусын созып‚ сәл ойланып. — Түйенi астық табылып жатса‚
осыяқтан сатып алам ғой деп ойладым...
— Ә‚ түсiнiктi. — Сафар би ханға бұрылды. — Қаразымды сұрап отқан‚ күн сәулеттi ұлығ
падишам‚ мына төреге сенбеңiз. Қазақтарды ақ патшаға бодан қылған осының аталары едi. Ендi өзi де
соған қызмет қылып жүр. Мынау нағыз жансыз. Мұның тездетiп басын алмасақ‚ ертең өкiнемiз.