27
— Неге? — деп сол арада ыршып түскенiн Елмырза байқамай да қалды.
Хан бұған қаһарлана қарады. Бағанадан берi нұры қашқан сықылды боп отырған көзiнде дем
арасында суық сәуле ойнап шыға келдi. Ол есiк жақта тұрған жасауылға иек қағып қалды:
— Мынаны... зынданға апарып салыңдар. Басын алу қашпас. Байқаңдар‚ қашып кетiп жүрмесiн...
Содан бұл тар зынданда үш күн жатты. Оның iшi сасық екен. Онда бұдан бұрын түскен он шақты
кiсi бар екен. Көбiсi өзбек‚ түрiкмен. Түн баласында әлдеқандай жәндiктер тықырлап‚ ұйықтатпайды.
Бұзаубас дегенiң өрiп жүр. Әшейiнде мамық төсектiң үстiнде көз iлiндiре алмайтын төре ендi тамұққа
түскендей болған. Қалған тiршiлiктен күдер үзiп‚ отырғанында... жiгiттер құтқарып алды.
Оның есiне сол арада анада Нияз жырау жырлаған “Жүсiп-Зылиқа” дейтiн қисса түсе кеттi. Сонда
Жақып пайғамбардың баласы Жүсiп Мысырға құлдыққа сатылып‚ патшаның әйелi Зылиқаға
кездесетiн едi ғой. Қатынның ықыласы ауғанына қарамай‚ жiгiт нәпсiге берiлмей‚ зынданда он екi жыл
жатып азап шегетiн едi. Сырттай тыңдап отырғанда‚ мұның бәрi қызық көрiнетiн. Ендi зынданның не
екенiн көрген бұл: “Қой‚ бiр қатын үшiн қапасқа қамалып кiрiптар боп не бар? Осы жыраулар да
құлпыртып айта бередi”‚ — деп ойлап қойды.
Қас қарайысымен олар тағы да жолға шықты. Шағыл құмды тез арада кесiп өтiп‚ сары далаға
табандары iлiккесiн‚ терiскейдi бетке алып‚ еш жерге соқпастан тартты да отырды. Қаразым
төңiрегiнен ұзап шыға бергесiн-ақ жер ажары өзгере бастады. Қызылдың құмы сусымалы емес‚ шөбi
көп‚ малға жай. Олар бiр араларда биқам отырған Шөмекей ауылдарының үстiнен түстi. Бұлар атақты
Әйбек бидiң жақындары‚ Шөмекейдiң iшiндегi Аспан Кедей аталығынан екен. Бұл әулеттiң әзәлдан
жомарт‚ қолы ашық екенiн бiлетiн Елмырза кеуiлденiп кеттi. Бiр ауылға қонғанында балқып пiскен
жас еттi құмарта жеп отырып‚ үй егесiне Хиуада көргендерiн құлпырта айтып шықты. Тек қана өзiнiң
зынданға түскенiн айтпады. Оның орнына өзiн ханның қалай миман еткенiн‚ онымен бiрге аңға қалай
шыққанын шынымен болғандай етiп тасырта айтып бердi. Әккi жiгiттер үндеместен‚ күлкiлерiн шаққа
тыйып‚ қарындарына еттi тықпалай бердi. Аңқау отағасы:
— Апырмай‚ ә‚ — деп қояды.
Ертесiне Елмырзалар қайтадан жолға шықты. Елге табаны iлiккесiн‚ ендi ол асықпады. Жолшыбай
iшiнен: “Осыдан салып ұрып барсам‚ ана мұрты едiрейген Захваткин айтқаныма сене қояр ма екен?
Тортайды ұстап берiп келiп отырсың десе‚ не дейiм?” — деп қатты абыржыды. Кеше шығарда оған бiр
жапырақ қағаз жаздырып алу ойына да келмептi. Ендi не iстесе екен? Сол арада басына бiр ой түсiп‚
ол кешегi жақын жiгiтiн шақырып алды. Ойындағы сөзiн айтты. Ақыңды жемеймiн‚ дедi. Сүйттi де
оған өз ауылынан үш-төрт сiңiрлi түйе алдыртып‚ кiрекеш қып‚ Хиуаға тездетiп жiбердi. Өзi ешкiмге
көрiнбестен ауылында жатып алды. Соққан кiсiлерге өзiн ауылда жоқ деп айтқызды. Сүйтiп
жатқанында жиырма күн де зулап өте шықты. Ай соңына таман баяғы жiгiт қуанып қайтып келдi.
Оның айтуынша‚ Тортай әлi Хиуада екен. Бұған арнайы хат жазып жiберiптi. Бiр хатты Захваткинге
берсiн дептi. Елмырза қуанып кеттi. Орнынан түрегеле сап‚ атына қонды. Баяғы жiгiт не iстерiн
бiлмей:
— Елеке‚ мен кәйттiм? — дедi.
Сонда барып анада берген уәдесi есiне түсiп‚ Елмырзаның iшi қып ете қалды. “Еңбегiмдi жемейiм
деп нем бар едi?” — деп өзiн өзi iштей сөгiп‚ қашаннан шығымсыз бұл оған күле қарап:
— Ойбай-ау‚ алдыраз болсын. Айтқаным айтқан. Ана Дүзбай өткен жылы соғымға деп менiң бiр
құнанымды алған едi. Соны бар да‚ мен айтты деп ал‚ — дедi. Сосын оған ендi қайрылмай тарта бердi.
Iшiнен: “Дүзбай саған өлдi берер”‚ — дедi.
Қазалыға келгесiн‚ хатты Захваткинге бердi. Ол тездетiп Шатайды босатты. Сосын мұның иығына
қолын салып тұрып:
— Құрметтi төре‚ ендi сiз бiзге қызмет етесiз! Ақ патша әлi сiздi жарылқайды‚ — дедi.
— Құп‚ тақсыр.
Елмырза басын идi.
11
Ережеп өзiне қарсы ұшырасқан төреге ыржия амандасты. Iшiнде: “Бұ нағып жүр?” – деген күдiгi
болса да‚ сырын сыртқа шығармады. Оның бұжыр бетiнен қуаныш табын көрiп тұрып:
— Елеке‚ жол түсiп келiп қалыпсыңыз‚ — дедi.
— Иә‚ бiр шаруамен. — Елмырза селқос айта салды. Қасында дағдарып тұрған Шатайға ат жаққа
бара бер дегендей иегiн қағып қалды. Ол кеткесiн‚ тез қимылдап‚ мұны қолынан ұстап: — Берi жүршi.
Саған бiр айтар сөзiм бар едi‚ — деп‚ оңашаланып шыға бердi.
Ережеп iштей таңғалды. Аяғын ақырын алып‚ төренiң соңына ере бердi.
Елмырза бiр арада тоқтай қап‚ бұған бұрылып‚ алдыңғы екi күрек тiсiн көрсете күлiп:
— Осы сен мына орыстармен әмпәй боп жүрсiң ғой. Олардың iшкi сырын бiлесiң бе дегендей‚ —
дедi. — Сенен бiр кеңес сұрағалы тұрмын. Жалпы... өздерi қалай осы‚ а?
— Елеке‚ оның не қалайы бар? Оны өзiңiз де менен артық бiлесiз ғой‚ — деп Ережеп оның өзiне
салмақ сала сөйледi.
— Оны бiлем ғой‚ — дедi Елмырза даусын нықтай сөйлеп. — Менiң айтпағым... бұлардың ертеңi
қалай екен‚ сол ғой қинайтыны.
— Ертеңi дейсiз бе? Ол ендi... ақ патша алған бетiнен қайтпайтын сылқылды. Мына Хиуаң мен
Қоқаныңда күш қалмады. Олар өзара қырқысып-ақ шаршап бiттi.
— Оның рас.