Стр. 29 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

28
— Оның айтпағанда... Орыстың орам алғаны ендi орам алған. — Ережеп кенет оған сыбырлай
сөйледi. — Анада ұлықтың бiр сөзiнен‚ жақын арада орыстардың Ақмешiтке жорыққа шығатынын
байқап қалдым.
— Мен де солай ойлап жүрмiн. Оған өзi... Қоқаның төтепкi бере ала ма екен?
— Өй... беру қайда?! – Ережеп қолын түңiле сермедi. — Бұлардың бес қаруы сайлы.
Зеңбiрiктерiмен атқылағанда‚ сарттардың ана қамнан соққан қамалдарының быт-шыты шығады. Соны
да қорған деп... Қой‚ оларды.
— Шынында да солай. — Елмырза оны жеңiнен тартты. — Жақында ана Тоғанақ батыр Созаққа
барып қайтыпты.
— Естiгем. Ана Тама Құрбан бидiң жаңғыз баласын азаптап өлтiргесiн барған ғой...
— Туыс менiкi ғой. Ендi соны жамандайын. Соның қарындасын... Бұ не деген машқара! —
Елмырза шынымен ызаланған кейiп көрсеттi.
Әккi төренiң бұ қулығынан хабардар Ережеп сылқылдап күлдi. Пәлен-түген деп сөз айтпай‚ өтiрiк
күлкiмен құтылған болды.
— Соны айтам-ау. — Елмырза бұның жүзiне сынай қарады. — Олар сол арада да тұрақтамапты.
Тәшкенге де‚ Қоқанға да жолай алмай‚ ана Қайып хан ордасыман қырғыз асып бара жатқан көрiнедi.
— Е‚ ассын!
— Жарайды‚ оны қой. — Елмырза қайтадан баяғы сабырлы қалпына түстi. — Ал‚ ендi саған айтар
бiр сыр‚ менiң осы орыстар жағына шығып‚ қызмет еткiм кеп жүр. Сен соған қандай кеңес бересiң?
— Шынымен бе? — Ережеп оған сенбей қарады.
— Шынымен. Хиуадан бiратола ат құйрығын үзiстiм.
Ережеп оның зынданға түскен жайын ұзынқұлақтан естiген едi. Сол арада өзiн ел-жұрттың:
“Кәпiрдiң сойылын соғып жүр. Дiннен безе бастады”‚ — деп өсектеп жүргенiн есiне алып‚ үзеңгiлес
кiсiлермен қарым-қатынасының жақсы бола бергенiн мақұл көрiп:
— Оның ойланатын несi бар? Ақыр түбi бәрiмiз ақ патшаға қызмет етемiз. Күштi алып та жығады‚
шалып та жығады деген емес пе? Елiңдi‚ жерiңдi басып алғасын‚ қызмет етпей қайда барасың? Одан
да оның алдын алып‚ емпеңдеп жүгiре бергеннен дұрысын көрiп тұрғаным жоқ‚ — дедi.
— Мен де сүйдеп тұрмын. Жаңа ұлыққа барып шықтым. Әрине‚ ол әуелi менiң сөзiме бiрден сене
қоймайды ғой. Сен... соған былай... дұрыстап айтып қоярсың. Қанша дегенмен сен оған менен гөрi бiр
табан жақын жүрсiң ғой.
— Ендi... олай боп жатса‚ қолдан келгенiн аяп қалмаспыз.
— Өй‚ бәрекелле!
Ол кеткесiн‚ Ережеп анадай жерде аттарын байлап боп‚ бұған қарап тұрған Қалмырзаның қасына
келдi. Бiраздан берi бұл күйеу баласын жанынан қалдырмай жүр. Қарулы‚ қайсар жiгiт әзiрге айтқанын
екi етпейдi. Өзi де оның ыңғайын таба қойды. Оңашада: “Өй‚ сен деген Сарбас Шағырай батырдың
тұқымынан емессiң бе?” — деп мақтап‚ аңқау жiгiттi далақтатып жiбередi. Қаншама өз сүйегi болса
да‚ соңғы кездерi Шәкидiң өзгерiп бара жатқанынан кiп алып жүр. Оның үстiне, мұның барлық ымы-
жымын бiлетiн жiгiтке ендiгi қалған жердегi әрекетiн сездiрмегендi жөн көрдi. Кiм бiлiптi‚ ертең
қандай заман туарын? Сондайда... алдын алмаса‚ қиын...
— Ереке‚ не қиын? — дедi Қалмырза бұған таңғала қарап тұрып. Оның қараша жүзi жылтырай
қапты.
— Не‚ не? — дедi де‚ Ережеп күрт серпiлдi. Iшiнен сөйлейтiн бiр әдетiн кейiнгi кезде қоя алмайтын
болып жүр. — Жәй‚ әшейiн. — Ол мұртынан күле қарады. — Бала‚ бiздей жiгiт ағасы болғасын‚ сен де
соған басасың. Ал ендi сен бiр жерден тамақ iшiп ал. — Ол анадай жерде кетiп бара жатқан
Стукаловқа қарай айқайлады. — Әй‚ Ибан‚ мынаған тамақ бер. Жақсы ма?
Стукалов мұны танып‚ емпелеңдей жүгiрiп кеп‚ қос қолын ұсынды:
— Жрать да? Найдем. Пошли‚ пошли!
Өмiрi орыс кiсiсiмен iстес болып көрмеген Қалмырза сасып қалды. Ол екi оқты боп тұрғанда,
Ережеп:
— Бар‚ бар‚ — дедi. Сосын Стукаловқа бұрылып: — Тамыр‚ сен оған доңыздың етiн берiп жүрме‚
— дедi күлiп.
— Конечно‚ не дам. Вы же мусульмане. Кани‚ жур! — дедi ол соңғы кезде үйренген жаңғыз ауыз
қазақшасын сарп қып.
Олар кеткесiн‚ Ережеп Захваткинге келдi. Қасында бiр татар тiлмәшi бар екен. Олар амандасып
боп‚ әр нәрсенi сөз қылды. Бiрде ол бұған көкшiл көзi тесiп кетердей боп қадалып:
— Мына сұлтан қалай өзi? — дедi Елмырза жайлы сыр тарта сөйлеп.
— Қалайы не? — Ережеп күлдi. — Бұрын Хиуа ханына қызмет еткен. Кезiнде Шөмекейлер мен
Кете руларына хан болған.
— Кәзiр...
— Кәзiр... — Ережеп екi иығын қиқаң еткiздi. Мұнысы әр жағын өзi айтсын дегендiк едi.
— Күнi қараң ғой‚ ә?
— Сiз бәрiн алыстан болжайсыз‚ — дедi Ережеп екi көзiн сығырайта күлiп.
— Оған өзi... сенiм бар ма?
— Қайдан бiлейiн. — Ережеп ақырын сөйледi. Үнемi күлiп тұратын көзi салқын сәулеге тола
бастады. — Оның Баймырза дейтiн жақын iнiсi ана Тәшкеннiң күшбегiсiнде қызметте...
— Оны... бiлем.
— Сояғы болмаса‚ — дедi де‚ Ережеп тоқтай қалды. “Бiлсе‚ сұрап несi бар?”
— Оны бiлемiз. — Захваткин орнынан тұрды. Сосын әңгiме бетiн басқа жаққа аударды. —
Жаңалық бар. Өте жақсы жаңалық. Бұрынғы губернатор босап‚ оның орнына Перонский губернатор
болды. Ол жақын арада осында келiп қалмақ.