29
— А‚ не дейдi? — Ережеп шынымен таңғалды. Iшiнен: “Бұлардың күбiрнатырлары-ақ түсе бередi
екен”‚ — деп қойды.
— Сосын... ұлы жорыққа шығамыз. — Ол сұқ саусағын аузына апарып‚ ешкiмге айтпа дегендi
бiлдiрiп: — Бұ сөз осы жерде қалатын болсын‚ — дедi.
— Оған не сөз бар‚ — дедi Ережеп қызарып бара жатқанын сезiп.
— Ендiгi мiндет — соған жақсылап дайындалу. Негiзгi көмекшi сiз боласыз. Патша ол қызметiңiздi
артығымен өтейдi. — Ол бөлме iшiнде әрлi-берлi қаздаңдап жүре бастады. — Мына Тоғанақ батыр...
қалай бiзге көмектеспес пе екен?
— Ояғын... қайдан бiлейiн. Кiсi жiберiп көрiңiз. — Ережеп оны өзiнен қашырта сөйледi.
Захваткин мұның iшкi ойын түсiнгендей жымысқыланып күле қарады:
— Дұрыс екен. Ал ана Жәнiбек сардар қайда?
— Ол ауылында. Жақында қажыға барып қайтты‚ — дедi Ережеп сол арада өзiн өзi тежей алмай.
— Демек... Түркияда болған ғой.
— Болған шығар. Ояғын сұрамадым.
— Значит‚ оның... арнайы тапсырма алып келуi мүмкiн. — Ол басын шайқап қойды. — Оның
ауылы алыста ғой?
— Қызылқұмның iшiнде. Аттылы кiсiге бiраз жер.
— Сол жақта тыныш жата берсiн‚ — дедi ол қолын бiр сiлтеп. — Сiздi шақырған себебiм‚
губернатор жақын арада осында келмекшi. Сол кезге лайықтап‚ оны тарту-таралғымен қарсы
алғаныңыз жөн. Бiздi ана ағылшындар қазақтарды зорлап басып алып жатыр деп бүткiл дүниенi
шулатып жүр. Соның өтiрiк екенiн көрсетiп‚ ақ патшаға өз ықтиярларыңмен қосылғандарыңды
дәлелдеңдер.
— Өз ықтиярыңмен?
— Иә‚ солай. — Ол кiлт бұрылды. — Әлде... бұл өтiрiк пе?
— Неге? Жоға! — дедi Ережеп шошынып. “Басым пәлеге қалып жүрер!”
Оны қорқытқанына ырза болғандай Захваткин қайтадан мұртынан күлiп:
— Ә‚ солай деңiз. А то... Сонымен‚ бүкiл ақсақал‚ қарасақалдарың боп встречайте его достойно!
Ал әзiрге киргиздардан әскерге жейтiн мал керек‚ — дедi.
— Тақсыр‚ жақында ғана мал жинап едiк қой. Ел наразы боп жүрмесе‚ — дедi Ережеп қорқа
сөйлеп. “Бұлардың да араны ашыла бастады”.
— Ничего. Әлi талай жинаймыз! Соны... жақын арада әкелiңiз.
— Ел көнбей жүрсе‚ кәйтем?
— Көнбей көрсiн! Қасыңызға жүз қаралы атты казакты қосып берем. Ертең жолға шығасыз. — Ол
сөз бiттi дегендей, осы кезде iшке кiре берген әйелiнiң қолына жармасты.
“Осылар-ақ қатынжанды екен”‚ — деп Ережеп орнынан тұра бердi. Сыртқа шығып‚ Қалмырза
тамақ iшiп жатқан жерге келдi. Ол екеуi ымдасып сөйлесiп отыр. Қазақы жiгiт қызарақтап‚ орысша
бiлмегенiне кiнәлiдей боп отыр екен. Ережеп кеп‚ ағаш орындыққа отырды. Борщтан дәм татпай‚ бiр
кружка қара шәй iштi де‚ Қалмырзаны ертiп тысқа шықты. Қазалы бекiнiсiнен ұзағасын барып жақын
маңдағы Кiшкене Шектi Жиенейлердiң ауылдарында түнемекшi болды. Бұл төңiректiң дихандары
атты казактар шұрайлы жерлерiн тартып алғасын‚ кәзiр Сырдан қашықтап‚ аударыла көшiп қоныс
тепкен-дi. Көбiсi Сырдан әрi өтiп‚ Жаңақала жатқағы жерлердi мекендеп отыр. Төртқара руы Басықара
жағына қарай ауыса түскен. Асан‚ Қайдауыл‚ Ардана‚ Татыран рулары Сырдың Аралға құя берiс
тұсына қарай аударыла қонған. Ол сол жаққа беттеп келе жатып‚ әр саққа ой жүгiртiп қарады.
Былтырғы Уәйiс-Нияздың қырғынынан кейiн мұның ендi Хиуа ханының түрiн көргiсi жоқ. Ақ
патшаның саясында жүрiп‚ бел көтерiп қалам ба деп едi‚ мiне, орыс ұлығы мұны тағы да абырай
әпермейтiн бiр жұмысқа жұмсап отыр. Оның үстiне, өз отбасы да бұрынғы сүттей ұйыған берекесiнен
айрылатындай ыңғай көрсетiп жүр. Анада Мiрәлiнiң жылын бергесiн‚ бұл жеңгесi Мәниғаны әмеңгерi
ретiнде өзiне неке қидырған-ды. Сонан берi қатыны Нағиманың қабағынан қар жауады да жүредi. Ел
арасындағы сөз ұстар азаматтармен де алым-берiмi жақсы емес. Тоғанақ батырдың оң қабағын таба
алмағасын‚ ол ана бiр кезде Дадабек сарттың тұсында ағасы Мiрәлiмен табақтас болған Жаманқұлмен
байланыспаққа бел буған едi‚ ол былтырғы шайқастан кейiн қорқып‚ Қыр жағына бiр ауыл боп көшiп
кеттi. Қарасақал руының батырларымен ендi мына Қалмырзаны арқаланып қарым-қатынас жасасам
дейдi. Сол ниетпен мына қараша жiгiттi қасынан қалдырмай жүр.
Ережеп бiр Жиенейдiң үйiне кеп түстi. Орташа дәулетi бар‚ мал баққан кiсiлер екен. Құдайы
қонақты қабағын шытпай қарсы алды. Үй егесi елулерге келiп қалған‚ қазан бас‚ иықты сары кiсi екен.
Мал соймай‚ өлi ет асып бердi. Оның есесiне шұбаты көп боп шықты. Қою шұбаттан қанып iшкен
Ережеп: “Неде болса‚ тәуекел”‚ — дедi де‚ қас қарая қара үйге төсек салдыртып‚ ұйықтап қалды.
Таңертең бiр кесе шұбат iшiп‚ шәйға қарамай‚ атына мiнiп‚ Қазалыға келдi. Захваткин жүзге жуық
атты казакты дайындап та қойған екен. Шетiнен мылтықты‚ қылыш асынған‚ қаба сақалды бiреулер.
Бәрiнiң бастығы Нахаев дейтiн түрi сүйкiмсiз‚ мұрны қып-қызыл бiреу екен. Бұлардың жауынгер
екенiн Ережеп бiлетiн. Кейде олар Захваткинге де бағынбай‚ бетiмен кетiп қалады. Бұл содан
қорқасоқтаса да‚ ештеңе демедi. Соңын “көрiп алармыз”‚ — деп атына мiндi. Қазалыдан шығысымен
алдымен мал жинауды алыс жерден бастағанды мақұл көрдi. Ертең тағы да осындай тапсырма бола
қалса‚ жақын жердегi елге қол созуым оңай ғой деп түйдi. Бұл осы жолы Шөмекейлерге бiраз ауыз
салып көрмек. Әсiресе‚ Жәнiбекпен қанаттас көшiп-қонып жүрген ауылдарға тiзе батырмақ. Сосын ол
сардарға да мұның құрығы жетер.
Сол арада атты казактар әлденеге дабырласа қалды. Бұл еңсесiн көтерiп‚ жалт қараса‚ анадай
жерде‚ жаман шекпенiнiң екi етегi далпылдап‚ Тиышбек қашып барады! Татар тiлмәш атын тебiнiп
қап‚ жақын кеп:
— Мынау жансыз емес пе? — дедi.