3
өздерімен бiрге алып шыққан суды үнемдегендi жөн көрдi. Әрине‚ бұлардың жасақ iшiнде қос-қостап
түйеге артқан су толы местерi бар. Бiрақ оған бұл лұқсат етпей келедi. Бүгiн де батыр бiр қараға
жеткенше местiң аузын шешпегендi жөн көрдi.
Олар құбарған даланың ала шаңын ұшыра отырып‚ алдағы бiр төбеге екпiндеп шыға келгенде‚
ойда отырған бiр-екi жаппаны көрдi. Оның әр жағында қалың жылқы жусап жатыр. Бұлардың қарасын
көрген алыпсоқ иттер әлден-ақ әулiгiп‚ әуп-әуп үрiп‚ берi қарай салды. Бiрақ бұлардың ештеңеден
тайынбас түрiн байқаған соң‚ үруiн азайтып‚ берi жақындамай тоқтай қалды. Сосын ендi нағылайын
дегендей, бұларға бiр қарап‚ осы кезде жаппадан шыға берген егесiне екi қарап‚ батпай тоқтады.
Басында көнетоз бөркi бар‚ жасы елулерден асып қалған‚ қапсағай денелi әлгi кiсi бұларға таңырқай
қарады. Ол батыр жақындап келгесiн барып сәлем бердi. Өзi бетi әжiм-әжiм‚ өндiршегi сорайған кiсi
екен. Даусы бiр түрлi барлығып шығады:
— Құдайы қонақ болсаңыздар‚ аттан түсiңiздер!
Елдес демалғанды мақұл көрiп едi‚ Тоғанақ оны қолайламады. Әлгi кiсiге қарап:
— Қай ел боласыздар? — дедi.
— Өзiм бе? Өзiм Қоңыратпын‚ — дедi әлгi кiсi сары тiсiн көрсете ыжиып. — Жылқы бағам.
— Мына мал кiмдiкi? — дедi Тоғанақ екi бүктеп ұстаған қамшысымен анадай жерде жусап жатқан
жылқыны көрсетiп.
— Сыздық деген байдiкi.
— Оның аулы осы арадан қашық па?
— Онша қашық емес. — Әлгi кiсi керi бұрылып‚ төбе жаққа қарай қолын сiлтедi: — Әнеу қара
төбеден асқасын‚ оңға қарай бұрылсаңыздар‚ алдарыңнан кiшкене көл шығады. Сыздық бай со көлдiң
арғы басында отыр.
— Алларазы болсын‚ — дедi Тоғанақ ендi райланып. — Сенiң от басыңа түссек‚ мына қол қаяғыңа
қонады? Әрi байдың малын өз бетiңше сойып бере алмайсың. Онан да сол ауылға жетiп құлағанымыз
мақұл емес пе?
— Оған не сөз бар‚ — деп әлгi кiсi лып ете қалды. Лезде қарауытып тұрған жүзiне қызыл қан
жүгiрiп‚ әр жағында жатқан қуанышын бүге алмай‚ басын төмен қарай ие бердi.
“Мынаның қуын-ай!” — деп Тоғанақ ендi тiлге келмей‚ атының басын қоңыр төбеге қарай бұра
бердi.
Шынында да‚ әлгi жылқышының айтқаны рас екен. Көлдiң арғы шетiнде жиырма шақты ақ үй алқа
қотан тiгiлiптi. Бұлар ауыл шетiне кеп‚ хабарлас қып кiдiрдi. Аздан соң ауылдың бұлғақтаған бiр
мырзасы келдi. Басындағы құндыз бөркiнiң түгi күн нұрына шағылысып‚ май жаққандай жылт-жылт
етедi. Өз бетi шарық табақтай‚ қара сұр жiгiт екен. Жөн сұрасқаннан кейiн‚ ол құдайы қонаққа ырза
екенiн айтты. Бұл кезде жiгiттер аттарынан түсiп‚ жабуларын жауып‚ жолдан шаршап келген аттарын
суғаруға кiрiскен де едi. Тоғанақ оларға қарап:
— Суды аздап iшкiзiңдер‚ өкпесi күйiп кетпесiн‚ — дедi. Сосын қасына Елдестi ертiп ап‚ өздернiң
алдына алға түскен бай мырзасының соңынан ердi.
Ауыл егесi жетпiстi алқымдап қалған жардай шал екен. Үстiне киген жалаңқат шекпенiн
алпамсадай екi иығы шiрей теуiп тұр. Тоғанақ төрге барып отырғасын барып‚ онымен жөн сұрасты.
Бұлар Орта жүз Қоңыраттың Саңғылынан тарайтын Сыздық деген байдың ауылы екен. Шалдың төрт
қатыннан тараған он екi баласының алды жеке-жеке ауыл боп‚ бұларға қапталдаса көшiп-қонып
жүретiн көрiнедi. Сыздық жас тоқалдан дөреген балаларымен олардың бөлек ауыл боп жеке қалыпты.
Сол арада Тоғанақтың бiр байқағаны‚ бұл елдiң жiгiттерi шеттерiнен етжеңдi‚ беттерi толық‚ екi
шықшыты шығыңқы боп келедi екен. Мына кiсi де толық денелi‚ аздап ырқылдай дем алып отыр.
Бұлар жөнiн айтқасын‚ ол ойланып отырып:
— Е‚ солай де. Бұрыннан дыбылыңды естушi ек. Ендi дидар ғайып боп‚ жүзiңдi де көрiп отырмыз.
Сендей миман маған күнде келiп жатыр ма! Әй‚ қайсың барасыңдар? — деп‚ бағанағы баласына иегiн
көтердi.
Бай мырзасы сөзге келмей сыртқа ата жөнелдi. Аздан соң ауыл үстiн бiр қарбалас қимыл басты да
кеттi. Дем арасында мал сойылып‚ қазан көтерiлiп‚ қатын-қалаш жаң-жұң болды да қалды. Ендi бiр
жiгiттер қолға арнаған малды бөлек сойып жатыр.
Әңгiме үстiнде Сыздық бурыл сақалын тарамдап отырып:
— Қайып ханның жайынан хабардармыз. Мына Қоқан беглерi де қоқаңдап болды. Ақыры қайыр
болса еттi‚ — деп үнсiз қалды.
Осы кезде iшке малай қатын кiрiп‚ төрге көлдей ақ дастарханды жайды да‚ мәсi киген аяғын
дыбысын шығармастан жәймен басып барып‚ есiк жақта тұрған үлкен сабаны гүрпiлдетiп пiсе
бастады. Ол қымыздың пiсуi қанды-ау деген соң барып сабаның астыңғы жақтағы пұшпағын шешiп‚
әйдiк ағаш тостағандарға ашқылтым ұнамды исi әлден-ақ танауларды қыдықтай бастаған‚ қазы салып
ашытқан сары қымызды бiртiндеп құя бастады. Сол арада iшке бiр қызметшi жiгiт кiрiп кеп‚ қымыз
құйылған тостағандарды кәдiрлi қонақтардың алдына әкеп қойды. Қымызға:
— Иә‚ биссмилла‚ — деп Тоғанақ бiрiншi боп қол созды.
Сол екен‚ жолдан әбден қаталап келген жiгiттер тостағандарға бас балды. Олар бабы қатты сары
қымызды сүйсiне iшiп жатыр. Тоғанақ болса‚ екi тостаған қымызды сiмiрiп салды да‚ осы кезде
маңдайынан бұрқ ете қалған ащы терiн орамалымен сүртiп отырып‚ үй егесiмен еру әңгiмеге көштi. Ол
Сыздықтың гүжбандай мойнына бiр-бiр көз тастап қойып:
— Осындай бiр шаруамен жол түсiп кеп қалдық‚ — дедi.
Сыздық самарқау тiл қатты:
— Е‚ дегендей. Адамның басы Алланың добы емес пе? Құдай қалай қарай тепсе‚ ол шiркiн солай
қарай домалай жөнелмей ме? Оның үстiне... тататын тұз-дәм деген де тартпай қоймайды...
— Сол ып-ырас. Болмаса бұяқты көрем деген ойым бар ма едi?