30
Ережеп қарқылдап күлiп жiбердi:
— Қайдағы? Ол Тиышбек қой!
— Сиз уни биләсиз мә? — дедi ат үстiнде отыра алмай келе жатқан татар тiлмәш.
— Бiлгенде қандай! Қумаңдар! Кете берсiн. Одан келер зиян жоқ!
Ережеп атын тебiне бердi.
12
— Ойбай‚ орыс кеп қалды!
Тиышбек бақырып‚ жаман атын үстi-үстiне сабалап‚ Басықара‚ Алпар‚ Құмжиекте отырған
ауылдарды дүрлiктiрiп бiттi. Мынаның асып-сасқан түрiне қарап‚ әтеберлi ауыл кiсiлерi әуелгiде
сенбей‚ сөзiне онша құлақ түре қоймаған. Сол арада iшкi жақтағы төркiн жұртынан әлдеқандай
шаруамен барып‚ аулына қайтып келе жатқан Шәки кездесiп‚ ол бiр топ атты казактың елге шыққанын
айтқасын барып‚ қазақ ауылдары үрпиiсiп қалды. Әсiресе‚ атты казактардың кез келген ауылдарды
аямай шабатынын‚ ажарлы қыз-келiншектердi масқаралап кететiнiн төменгi жақтағы Байұлына барып
қайтқандар айтып‚ жалпақ жұртты құлақтандырып болған. Соны естiген ауылдар ендi айналмады.
Тездетiп үйлерiн жығып‚ жүктерiн түйелерге артып‚ Хиуа жағына қарай асығыс көше бастады.
Қызылдың iшiнде отырған Шөмекей ауылдарына осы хабар ертесiне-ақ жетiп үлгердi. Олар да жүгiн
ықшамдап‚ тас түйiн отыр. Тиышбек сол шапқаннан шаба отырып‚ Қызылды қыстаймыз деген
Аспандардың бiраз ауылын аралап шықты. Әсiресе‚ iріген-шiрiген бай Есiмдердiң ауылдарына табаны
iлiккесiн‚ онша асықпады. Атты казактардың сырт пiшiнiн құлпырта айтып‚ өзiнiң олардан қалай
қашып құтылғанын‚ оқтың қалай жанап өткенiн бiр түнге жыр қылып‚ тыңдағанның аузынан суын
ағызды. Тосын жаңалықты қызық көрген кiсiлер Тиышбектi кезек-кезек шақырып‚ әшейiнде кәдiрi
жоқ кiсiнi құрметтеп‚ iш-же деп‚ үйме табақ еттi алдына ысырып‚ бәйек болды да қалды. Соны көрген
Тиышбек өз өзiнен қоқиланып: “Осы сұлтан‚ бай мен бидi халық неге құрмет тұтады десем‚
осындайдан екен ғой! Болмаса олардың менен асып бара жатқан несi бар? Көп болса‚ малы көп шығар!
Құдай құрайын десе‚ дәулет деген немене‚ қолдың кiрi емес пе‚ — ол деген бiр күнде бiте қалады
емеспе?”‚ — деп iштей шалқып отырып‚ әбден етке тойды. Жаз бойы тiсi қызылға тимей‚ ағарғаннан
әбден шыққан қасқа әуелгiде өлiп-тiрiлiп жесе де‚ келе-келе кекiрелеп тойып‚ алдына келген табаққа
жас ет болмаса‚ онша ықыластанып қол созбайтынды шығарды. Iшiнен: “Е‚ ендi белгiлi болды. Ана
бай-мырзалар неге паң десем‚ осыдан екен ғой. Қарнының тоқтығынан екен ғой”‚ — деп‚ ендiгi
ауылдарға барғанында көрген-бiлгенiн ерiне айтатын болды. Сүйтiп жүргенiнде ол Сағынайдың
ауылына кез болды. Нияз үйiнде екен. Ол мұның сөзiн күле тыңдап отырып:
— Иә‚ сонымен‚ — деп қойды.
Аздап қитығып қалған Тиышбек:
— Сен соны-поныны қой! Ана атты казактарды Ережеп бастап келеатыр. Оны бiлесiң ғой‚ ол сенiң
ағаңмен бақталас! Ол бар ғой... ол кiсiнi кез келген уақта аш бө-рiдей аунатып жеуден тайынбайды‚—
дедi.
— Мына менi ме? — Нияз күле түстi. — Сонда не деп?
— Оны ана Ережептен сұра. — Тиышбек шырт ете қалды. — Мен сенi Дөйт ұранды ағайын деп
жаным ашып кеп отырсам‚ сен менi мазақ қыласың. Қой‚ кеттiм! — Ол орнынан тұра бердi.
— Қой‚ Тәке‚ ойнап айтам. Тамақ болып қалды. Тоқты сойып едiк...
Соны естiгенде Тиышбек кәдiрiнен жаңылып‚ тез арада жылмиып‚ елп ете қалды:
— О‚ онда дұрыс екен. Оны бағанадан берi неге айтпай отсың? Осы сен де бiр жырау-жырау
дегенге далиып... — Ол көпшiктi шынтақтап жатты. Сағынайдың көршi ауылдағы бiр шалдың асына
кеткенiн бiлiп‚ Тиышбек елдi еркiнси түстi. Басын сәл көтерiп: — Кәне‚ домбыраңды қолыңа ал да‚
термеден бiраз шалып көршi. Кете-Шөмекейдiң әуенiн тыңдамағалы көп болды‚ — дедi.
Нияз мұны ренжiтiп алмайын дедi ме‚ көп бұлданбай‚ үкi таққан домбырасын қолына алып‚
құлағын келтiрiп бiраз отырды. Күн сәскеге таяп қалған кез едi. Қызылдың iшi жылы. Ол төменгi
сағадан әлдеқандай бiр мұңлылау сазды дыбырлатып‚ жоғары қарай өрлете келдi де‚ бiр қайырып
тастап:
— Әй-й! — деп ұзақ бiр айқайлап алды.
— Өйдөйт! — дедi Тиышбек қышқырып.
Нияз орташа қоңыр дауыспен терме айта бастады. Даусында бiр түрлi зар бар. Ол әлдебiр
жыраусымақтар сықылды дыбырлап‚ быдықтап айтпайды екен. Даусы ашық‚ тынысы кең. Әр сөзi
саңқылдап естiледi. Ара-арасында мұрнынан ыңылдап‚ зарланта қайыратын тұстары да бар екен.
Тиышбек босап‚ көзiне келiп қалған жасты iрке алмады:
— Өй‚ өлме‚ өлсең‚ қайтып келме! — деп‚ терiс қарап дың еткiзiп бiр сiңбiрiп қойды.
Ет келдi. Етке тойып алғасын‚ бiр тостаған шұбат iштi де‚ Тиышбек: “Құдая осы бергенiңнен
айыра көрме”. — деп‚ хош айтысып‚ ауылына қарай бет алды. Келе жатып кеуiлiне бiр күдiк шаба
бердi. Ақыры сонысы өзiне растай көрiнiп кеттi. Бiр сәт көзi атыздай боп тоқтай қалды. “Машқара!
Сүйтiп жүрмесiн”‚ — дедi өзiне-өзi. Сосын шып-шып тер шыққан маңдайын қолының сыртымен
сүртiп тастап: “Осы менiкi не жұрттың қамын жеп? Олар аңсыз отырған өз ауылыма сау етiп келiп
жүрмесiн. Ойбай-ау‚ әуелi кiсi өз басының қамын жемей ме? Мен-ақ осы ел-ел деп екi етегiм далақтап
шапқылаймын да жүрем. Мұның ақыры қайыр болса игi едi”‚ — деп өзiн өзi iштей сыбап‚ iлгерi жүрiп
кеттi. Ауылының iргесiндегi атжал боп үйiлiп жатқан шағыл топыраққа итшiлеп шыға келгенiнде‚ көзi
атыздай болды:
— Қап‚ құдай ұрған екен!
Тиышбек ендi ексiмденiп‚ ауылына қарай жаман атын борбайлатып шаба жөнелдi. Жете бере ер
үстiнен жерге қарғып түстi. Кiлт ете қалған белiне де қараған жоқ. Жүгiрiп үйiне кiрдi. Келсе‚ Ережеп