Стр. 32 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

31
төрде паңқиып отыр. Атты казактар анадай жерде жерошақ қазып‚ мұның биыл құйрығы төңкерiлiп
өскен бағлан қозысын отқа қақтап жатыр. Сасқанынан Тиышбектiң аузына сөз түспей қалды.
Жылмиып Ережепке қарап:
— Ереке‚ хош келiпсiз‚ — деп оң жаққа жалп етiп отыра кеттi.
Татар тiлмәш бұған шүйiле қарады. Көк көзi өңменiнен өтiп барады:
— Шули ми? Сиз не қилап жүрсiз‚ а?
— Онда сенiң не әкеңнiң ақысы бар? — деп терiсi тарылып отырған Тиышбек тарс ете қалды.
Iшiнен: “Татар бар да‚ кәтер бар деген осы-ау”‚ — деп асығыс ойлап қойды.
— Не‚ не? — Тiлмәш Ережепке бұрылды. — Мен сiзге айтпап па едiм мынаны жансыз деп.
Форттан шыққанымызға бiр жетi болды‚ бiр ауылды кездестiрмедiк. Соларды көшiрiп жiберген мынау.
— Ол сұқ саусағын безеп‚ Тиышбекке атып жiберердей боп қарады.
Тиышбек дөңайбайт жасаса да‚ ендi iшiнен аздап қорқайын дедi. Тез ақылға кеп:
— Сiз‚ тақсыр‚ үйдемеңiз‚ — дедi жорғалай сөйлеп. — Жансызың не? Мына мен бе? Менiң
сендерде шаруам жоқ. Мен бiр ел арқасында күн көрiп жүрген әтеберлi азаматпын. Елден жылу жинап
қайттым...
— Жылу? О не? — Тiлмәш Ережепке қарады.
Шыдамай отырған Ережеп қарқылдап күлiп жiбердi:
— Жылу дейдi? Ойбай‚ iшегiм!
Дымға түсiнбеген татар тiлмәш екеуiне жалтақтап қарай бердi. Соны арқаланған Тиышбек
Ережепке қарай құйрығымен ысырылып отырып:
— Мырза-ау‚ мына пәлеңе айтсайшы. Өзiнiң көзi ана Сортүбектiң түбiнде қыстай ойылмай жатқан
тұздай екен. Елге үкiт тарататындай менi немене би әлде молла дей ме? — дедi. Сосын iшке кiре
берген Ақрәшқа жалт қарады да‚ тез адырайып: — Қатын‚ тамағыңды тездеп болдыр‚ мырза кетем деп
асығып отыр! — дедi.
— Ау‚ жаңа... олар...
— Әй‚ сiптiр‚ жап аузыңды! Осы үйдiң байы мен бе әлде сен бе? — дедi Тиышбек қоқиланып.
Ақрәш та көгереңдеп шыға келдi. Жұқа бетi түтiгiп:
— Е‚ немене соны мына кәдiрмендi мимандарыңның алдына ашып алғың келдi ме? Олар маған
емес‚ саған келiп отыр. Сенi азамат деп келiп отыр. О несi-ай түге! — дедi.
— Әй‚ осы сенiң көзiңнiң етi өсейiн деген-ау‚ ә?
— Е‚ өссе несi бар? Кiсi қарамайтын үйiңе сандат ертiп мырза келiп отқанда‚ көзiм түгел к....нiң етi
де өсер‚— деп былапыт әйел бiр артық сөздi қойып қалды.
— Әй‚ не дейсiң а? Өй‚ мынауың нағыз сайқал ғой! — деп ызадан жарыла жаздап отырған
Тиышбек орнынан тез атып түрегелдi де‚ қолындағы қамшымен әйелiн қыр арқадан бiр тартты. Сосын
даусы барқыраған қатынын бұрымынан ұстап‚ томпылдатып сабай жөнелдi.
Мұны көрген Ережептiң құты қашып кеттi. Ара түскенге Тиышбек болмады. Қайта өрши түстi.
Сосын Ережеп пәледен аулақ деген болар‚ тез ым қағысып‚ пiсiп жатқан тамаққа қарамай‚ аттарына
қонды. Атты казактар да үйтiлiп жатқан қозының етiне қимай қарап‚ Ережептiң соңынан кете барды.
Олар ауылдан ұзап шыққанда барып‚ Тиышбек кенет сабағанын қойып‚ Ақрәшты белiнен қапсыра
құшақтап‚ маңдайынан шөпiтiп сүйiп-сүйiп алды:
— Өй‚ ақылыңнан айналайын‚ ақ қатыным! Қалай дер кезiнде тиiстiң‚ а? Сенi сабамағанда ғой... —
ол кiжiне сөйледi‚ — анау иттер бұл үйде бiр жапырақ ет те қалдырмайтын едi. Мiне‚ көрдiң бе‚ ет
өзiмiзге қалды. — Ол сол арада кiлт тоқтап‚ ойланып‚ көзiн қыса қарады. — Ә‚ жаңа таптым‚ мынау
бiр ақыл екен. Үйiңе келген қонақты қондырмаудың бiр айласы осы екен ғой. Ол ит үйге кiре бергенде
қатыныңды шырқыратып сабай жөнел! Араша берме! Сосын ол шiркiн қонып көрсiн!
Тиышбек ыржаң ете қалды.
13
Ағасының қайтқаны Жәнiбектi есеңгiретiп кеткен едi. Ештеңеге зауқы соқпай‚ үйiнде жатып алды.
Ара-арасында аяғы ауырлаған Ақкербезге қарап қояды. Онда да жарытып ештеңе демейдi. Түнде
қасында пыс-пыс етiп жатқан келiншегiнiң бiр бүйiрiне алақанын басқанда бүлк-бүлк етiп қалатын жас
құрсақты бүкiл болмысымен сезiп‚ iштей қуанады. Соны қашан мына жарық дүниәға шығады екен деп
асығады. Сонысын аңдағанда‚ Ақкербез баяу қозғалып‚ нәзiк қолымен мұның қолын ұстап жатып
ұйықтап кетедi. Жәнiбекке мына тiршiлiкте бұдан асқан бақыт та‚ рахат та жоқ сықылды.
Бiр күнi мұның ауылына Дүзбай келдi. Қасында ондардан асқан ұлы бар. Ол мыңқылдап отырып‚
осы баласын мұсылманша оқытқысы келетiнiн айтты. Жәнiбек шәкiрттерiн ел орныға отыра бере
оқыта бастаймын дедi. Ол кеткесiн‚ жақын маңдағы қыстауларына көшiп келiп жатқан басқа
ауылдардан да бала оқытам деушiлер көбейдi. Соны дәтке қуат қылып‚ Жәнiбек ертеңiне орнынан
тұрып‚ мектебiне келдi. Жыл бойы күтiмi болмағандықтан‚ тамның кей жерiнiң сылағы түсе бастапты.
Iшiн өрмекшiнiң торы қаптап кетiптi. Соны көрiп‚ ол тез арада ауыл жiгiттерiн жауып‚ мектептi бiр
аптада қайтадан жөндеттi. Iшiн тазартты. Сосын қыс түскенше бала оқытайын деп‚ дәрiстi бастап та
кеттi.
Жақын маңдағы ауылдың балалары тайларына мiнiп келетiн. Жәнiбек оларды түстен кейiн
сабақтан ертерек босатып жiбередi. Өйткенi қасқырдан қорқады. Биыл Қырдан ауған ба‚ Қызылда
қасқыр көбейiп кеттi. Пәлен ауылдың бiр үйiр жылқысын тартып кетiптi‚ пәленбай байдың қойын
жарып кетiптi деген алып-қаштысы көп әңгiме күн санап үдеп барады. Содан шошынған Жәнiбек
балаларды желтоқсанға дейiн оқытып‚ қыс бойы шаруамен айналыспақшы болды.