32
Сүйтiп дәрiс бергенiн алданыш қылып жүргенiнде, Ережептiң тосын хабары жеттi. Оның ел
арасынан орыс әскерiне азыққа деп мал жинауға шыққанын естiгенде‚ әуелгiде бiр түрлi боп кеттi.
Әккi жiгiттiң мұнысы тегiн еместiгiн бiлдi. Оның артында не жатыр деп ойланып‚ күнi ұзақ басы
қатты. Шамасы‚ орыс ұлығына жағайын деген ғой. Кешелерi ол Хиуа ханының да оң қабағын алып‚
бұлардың алдын орап өтiп кетiп‚ бiраз төбесiне секiрген едi. Ендi Хиуа ханынан бақ тая бастағанда,
мына жаққа зып берiп өте шықты. Сонда орам ала бастаған орыстың ықпалы өрлемек пе? Ақ
патшаның бұяққа аяқ салғаны тегiн емес болды ғой? Соны сезбесе‚ Ережеп өлдi Хиуадан қол үзбейдi.
Егер ертең ақ патшаның ұлықтары мына Сыр бойын сұрай қалса‚ сөз жоқ‚ ол мұны Хиуаның оң қолы
деп көрсетедi. Сосын басыңа зобалаң туды дей бер. Егер соның алдын алса ше? Сонда орыс ұлығына
барып‚ мұның да құйрығын бұлғаңдатқан түлкiше жылмиып‚ жағымпаздануы керек пе? Онда Хиуа
бектерi бұған қалай қарайды? Соны ойлап‚ Жәнiбек әрi-сәрi болды.
Сол үстiне бiр топ қонақ сау ете қалды. Қалдыбай‚ Қасқырбай‚ Қожақ‚ Нияз барлығы мұның
кеуiлiн көтерелiк десе керек‚ келген беттен-ақ дабырласа сөйлесiп‚ үй iшiн әзiл-қалжыңға қарық
қылды да тастады. Аздан соң Нияз домбырасын қолына алып‚ әр түрлi терменiң басын шалып айтып
отырды. Анада Жәнiбек iнiсiн желөкпе‚ шаруаға қыры жоқ деп құстаналап жүрушi едi. Ендi мынадай
кiсiнiң сағы сынған тұста өлең-жырдың бiр түрлi медеу болатынын айқын аңғарды. Ақылға‚ өсиетке
толы термелер қанша тыңдасаң да дүр гәуһарша құбылып‚ бiр түрлi жаңа боп көрiнедi екен. Содан
кейiн бойыңа сабыр енгендей болады. Әр нәрсенi ақылға сап‚ алды-артыңды болжап байқайсың. Оның
үстiне Нияз жырлауға жақсы төселiп қапты. Даусы құлаққа өте жағымды естiледi. Қатты бақырмай‚
тамақтан майдалап‚ жұмсақ қып айтады. Соны тыңдап отырған жiгiттер:
— Өй‚ деген-ай!
— Сiлте!
— Кәне‚ бүлкiлдет! — десiп ырза болысып қалды.
Нияз қайтадан жырлай жөнелдi. Оның даусына ынтық ауыл кiсiлерi тегiс жиналған. Сыйғандары
iште‚ сыймағандары сыртта иiн тiресiп тұр. Соны көрген Нияз ендi еркiн сiлтедi. Ол бiрде демалып
отырғанда‚ жiгiттер еру әңгiмеге көштi. Жәнiбек iнiсiне күле қарап:
— Сен осы саяқ жүре бересiң бе? Құсыңды қашан қолыңа қондырасың? — дедi.
— Қайдам‚ — дедi Нияз қып-қызыл боп.
— Соны тездетсейшi. Кешелерi Әбдiраман келiп кеттi. Ол деген құлағы түрiк кiсi ғой. Мына
түрiкмен ағайын мен Әлiмдердiң арасында дау туған дей ме қалай‚ — дедi Жәнiбек сәл абыржыған түр
көрсетiп.
— Сонда қалай? — десiп‚ жiгiттер еңсерiле қарады.
— Оның iж қалайы жоқ. Мына Борсыққұм‚ Сағыз жақтағы Тiлеуқабақтардың бiр батыры сояқтан
мал айдап алған дей ме? Содан түрiкмендер қазақтан кек аламыз деп атқа мiнген дейдi.
— Рас болса‚ мынау... қиын екен‚ — дедi Қалдыбай қозғалақтап қойып. Ол биыл қыста Қарасақал
Шағырай батырдың қызын алған едi. Алғанда‚ қалыңсыз алған. Со жылы жазда Қарасақалдардың бiр
тойында Қалдыбай бiраз палуанды сыпыра жыққан. Әсiресе‚ Хиуадан келген түйе палуанды жығып‚
атақ-даңқы шыққан-ды.Соны көрген қарт Шағырай батыр мұның күшiне ырза боп: “Тәрбияттап
өсiрген қызым бар‚ соны алып‚ күйеу бол”‚ — деген. Бұл атақты батырдың айтқанын бұл қайт етпеген.
Мынадай жаугершiлiк заман туа қалса‚ ең алдымен‚ әйелдердiң сорлайтынын бұл үлкендерден талай
естiген.
— Теке‚ Жәумiт iшiнде Атанияз дейтiн бiр бегi бар екен‚ Тiлеуқабақтар соның жылқысын айдап
әкетiптi дейдi. Сол бек қол жинап‚ Борсыққұмындағы бiраз ауылды шауыпты дейдi. — Жәнiбек Ниязға
қадала қарады. — Ана атаңның айтып отырғаны ал деп жақауратқаны-ау. Сен‚ бала‚ түбi алатын
нәстең ғой‚ қалыңы берiлген қыз‚ тездетiп алып ал!
— Шынында да‚ алсайшы тездетiп!
— Сосын жырлай бересiң ғой! — десiп‚ жiгiттер ендi сөздiң аяғын әзiл-қалжыңға айналдырып
жiбердi.
Сол күнi жiгiттер Жәнiбектiң аулында қонып қалды. Олар ертеңiне ұйқыларын қандырып‚ күн
арқан бойы көтерiлгенде барып тұрды. Таңғы шәйдi iшкеннен кейiн‚ олар жүретiн ыңғай көрсеттi.
Өзiнiң серпiлiп қалғанын сезген Жәнiбек оларды жiбермей‚ тағы да бiр күн қондырды. Үшiншi күнi
барып‚ жiгiттердi аттарына мiнгiзiп тұрып:
— Ауылдарыңды бiзге жақындатып‚ аударып қондырыңдар. Кiм бiледi‚ не боларын. Мына қауесет
басылғанша‚ жақын отырған мақұл ғой‚ — дедi.
— О да жөн.
— Хабардас боп тұрамыз ғой‚ — десiп‚ жiгiттер тұс-тұсқа тарқай бастады.
Жәнiбек шекпенiнiң етегiн жөндеп қойып‚ мектебiне қарай беттедi.
14
Ережеп Тиышбектiң ауылынан аттанған бойда‚ мына iсiнiң өрге баспасын бiрден-ақ сездi. “Ендi не
iстедiм”‚ — деп ат үстiнде келе жатып ұзақ ойланды. Ақыры ниетi бiр шаруаға қарай ауа бердi. Сол
қамшы боп‚ атын қаттырақ тебiнiп қалды. Қасында салпақтап ерiп келе жатқан Қалмырзаны адам екен
деген де жоқ.
Олар Моншақтың кезiне жақындап қалғанда‚ Қалмырза әлденеден сасқалақтап‚ атын тебiнiп‚
мұнымен қатарласа бердi:
— Ереке‚ мынау... бiздiң...
— Бiлiп келем. — Ережеп самарқау тiл қатты.
— Сонда... өзiмiздi өзiмiз...
— Iждеме етпес. Бiр орайын келтiрермiз.