33
Атты казактарды көргенде, Нарман ауылының қыздары күрке iшiне кiрiп-кiрiп кеттi. Иттер абалап
үрiп‚ қатын‚ бала-шаға шуылдасып‚ бiр демде тиыш жатқан ауыл айғай-ұйғайға толды да қалды.
Сасқалақтаған Нарман көйлекшең қалпы сыртқа шығып‚ бұлар жаққа одырая қарап тұр. Ережеп
iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Сосын қасында келе жатқан татар тiлмәшқа:
— Мынау менiң туысқанымның ауылы. Ана казактарыңа айтып қой‚ — бұзақылық жасап
жүрмесiн‚ — дедi.
— Яқши‚ яқши‚ — дедi де‚ татар тiлмәш атты казактарды басқарып келе жатқан‚ жез мұрты
едiрейген‚ қапсағай денелi Нахаевқа орысшалап сөйлей жөнелдi. Анау едiрейiп тұрып‚ мұның сөзiн
тыңдаған болды.
Ережеп соған көз қиығын салып тұрып‚ iшiнен кiп алып қалды. Сол арада: “Асылы бұлардан
аулақтау болған жөн екен”‚ — деген ой басына сап ете түстi. Ендi ол осы жолы сыр бермеуге
тырысып‚ әскердiң алдына түсiп ап‚ атының әдемi бiр жорғасына салып‚ бiр ауанмен жүрiп отырды.
Мұны таныған Нарман:
— Апырмай‚ бұ кiм деп тұрсам‚ өзiң екенсiң ғой. Болмаса мына кәпiрлерiң кiмдi тiрiдей
таламайды. Құдай оның бетiн әрман қылсын‚ — деп дәудiрледi де қалды.
Ережеп осы кезде татар тiлмәштiң кейiнде келе жатқанын көрiп‚ тездеп Нарманға:
— Нареке‚ бiз көп алмаймыз. Жүз бас қой бердiм дей сал. Оны Қалмырза менiң отарымнан алады‚
— деп сыбырлап үлгердi.
— Айтқаның болсын‚ — дедi Нарман да сыбырлай сөйлеп. Оның жүзi дем арасында қуқыл тартып
кеттi.
Жаңа тамақ жеп шыққан атты казактар қоңторғай ауылға онша сұғанақтана қоймады. Өздерiнiң
алып шыққан қарын-қажағын азық қып‚ өз алдына топ боп‚ шәй қайнатып жатты. Нарман үйiне
Ережеп‚ тiлмәш‚ атты казактардың басшысы Нахаев үшеуi түстi. Ережеп әңгiменi тездетiп‚ көзiмен
жер шұқылап отырған Нарманға:
— Нареке‚ мен ақ патшаның бұйрығымен жүрiп келе атырмын‚ — деп бiр көтерiлiп қойды. —
Патша ағзам айтқасын амал жоқ‚ болмаса‚ кәзiр менiң тырп етуге лажым бар ма? Мына Қазалыдағы
атты казактарға азыққа аздап мал керек екен. Соны ел iшiнен жинап‚ бiзге жәрдем етiңiз деп сондағы
ұлықтың өзi қиылып қоймады. Сосын лажсыздан жолға шықтым. Соған сiздiң берер қандай көмегiңiз
бар?
Нарман қипақтап‚ көзiн жерден алмай:
— Ояғын... қайдам. Қолдағы азын-аулақ мал бала-шағаның жеуiнен ауыспайды‚ — деп жаңағы
сөздi тарса ұмытып кетiп‚ өзiнiң үйреншiктi гөй-гөйiне басты.
— Ендi‚ Нареке‚ — дедi Ережеп оған қадала қарап.
Әккi тiлмәш екеуiнен тұздай көзiн айырмай қадалып қалған. Өңiнде осылар қулық ойлап отырған
жоқ па деген бiр күдiк бар.
— Құда‚ ендi... қалай десең де... — Сасқан Нарман ақырын мiңгiрледi.
— Нареке‚ ендi бiр ылажын табыңыз... — Ережеп оны өзiне қарай ма деп едi‚ малжанды Нарман
жерден көзiн алар емес.
— Қалай десең де‚ бұ деген өзi... — деп келе жатыр едi‚ шыдамаған Ережеп:
— Туһ‚ сiз де бiр! — деп кейiп қалды.
Сонда барып Нарман жерден басын көтерiп алды. Есiне жаңағы айтқан сөз сап етiп түссе керек‚
дем арасында жүзiне жылу кiрiп‚ жымың ете түстi. Татар тiлмәш аң-таң.
— Е‚ ендi... — Нарман даусын қаттырақ шығарып сөйледi. — Бiз деген бiр мал жиған шаруамыз
ғой. Малдың өсiмi десе өлiмiмiздi саламыз. Сiз келiп қалғасын‚ не амал бар‚ ана сiздiң отарыңызға
қанаттас жатқа жақта азын-аулақ мал бар едi. Содан жүзiн алыңыз.
— Е‚ бәрекәлә! Баяғыдан берi солай демейсiң бе? — деп Ережеп көтерiле түсiп.
Татар тiлмәш сол арада шүлдiрлеп:
— Бик яқши‚ бик яқши‚ — деп‚ басын шұлғыды да қалды.
Ережеп iшiнен тыжырынды: “Мынау иттiң қулығына найза бойламайды екен ғой!”
Сол арада iшке малай қатын кiрiп‚ сабаны күрпiлдете пiсiп‚ әйдiк тостағандарға қымыз құя
бастады. Алғашқы тостағанды Ережеп құрметпен Нахаевқа ұсынды. Ол бұ не дегендей татар тiлмәшқа
қарады. Көкшiл көзiнде күдiк бар.
— Не отрава ли это?
— Неге? Бұ деген дәмдi сусын. Кiсiге қуат бередi‚ — деп тiлмәш мақтай жөнелдi.
Нахаев сонда да сенбей‚ тостағанды Ережепке ұсынды:
— Мына мырза дәм татып көрсiн.
Ережеп таңғалып‚ тостағанды аларын да‚ алмасын да бiлмей:
— Немене‚ мына кiсi iшпейiм дей ме? — дедi.
— Жоқ‚ сiз бiр ұрттасын дейдi‚ — дедi тiлмәш әлденеге қызарақтап.
Ережеп жымия күлдi де:
— Мақұл‚ — деп тостағаннан бiр ұрттады‚ сосын оны Нахаевқа қайтадан ұсынды.
Соны көргесiн барып‚ Нахаев тостағанды қолына ұстап‚ азырақ iшкен болды. Қышқыл дәмнен
басын шайқап‚ ашырқанып‚ шамалы iштi де‚ қалған қымызды iрге жақтағы топыраққа төге салды.
— Қап‚ — дедi Ережеп ыңғайсызданып.
Сол арада тiлмәш Нахаевқа шүлдiрлей жөнелдi. Шамасы‚ қазақтардың ақты жерге төкпейтiнiн
айтып жатқан болуы керек. Ол сөйлеген сайын Нахаевтың көзi мөлиiп барады. Аздан соң ол сүтке
тиген мысықтай боп‚ үй iшiнде отырғандарға мүлдем мөлие қарады.
Ережеп паңқиып отыр. Iшiнен: “Мыналар маған сенбейдi екен ғой. Ұлықтың оң қабағын алам деп‚
әлi талай тыртаңдауым керек болды ғой”‚ — деп ойлап қояды.