34
Аздан соң олар жолға шықты. Ендi Ережеп айналмады‚ тура Қазалыға қарай бетедi. Соны сезген
тiлмәш абыржып‚ мұны шалғайынан тартып:
— Мырза‚ ұлықтың айтқаны әлi орындалған жоқ қой‚ — дедi.
— Оны... орындаймыз‚ — дедi Ережеп жүре сөйлесiп.
— Сонда қалай?
— Ретiне қарай көремiз.
Татар тiлмәш оған кектене қарады. Кекшiл көзiнде салқын сәуле ойнап‚ сары кiрпiгi қайқия
қалыпты. Соны байқаған Ережеп әңгiменi асқындырмайын деп:
— Қалған малды өз туыстарымнан жинап берем‚— дедi.
Сонда барып татар тiлмәштiң бетiне жиған зәрi сынды. Ол содан кейiн Нахаевқа мұның айтқанын
тәржiмалап жатты.
Сырдан өткесiн‚ Ережеп Қалмырзаны тездетiп отар жаққа жiбердi. Тiлмәшқа мән-жайды
түсiндiрiп: “Әскердi Қазалыға қайтар‚ керек малды ертең Қалмырза айдап апарады”‚ — дедi. Сосын
оған: “Өзiң үш-төрт жолдас ертiп‚ үйге қонақ болып қайт”‚ — деп қиылды. Татар тiлмәш оның
айтқанын қайт қылмады.
Тiлмәштi Ережеп үш күн қонақ қылды. Мал сойып‚ әбден құрмет көрсеттi. Ара-арасында Сырдан
әкелiнген қауын-қарбызды да аяған жоқ. Қол-аяғы қысқа тiлмәш төрде шалжиып жатып‚ әбден ырза
болды. Ара-арасында шиық-шиық күлiп‚ қайдағы бiр жоқ ерсi күлдiргi әңгiмелердi айтып қояды.
Төртiншi күнi дегенде Қалмырза келдi. Ол Қазалыға екi жүздей тоқтыны айдап апарып тастағанын
айтты. Тоқты дегенде Ережеп күлiп жiбере жаздады. Оның денi арық-тұрақ‚ кәрi-құртаң қой едi.
“Жатсын қу сiңiрдi қажап”‚ — деп iшiнен сылқ-сылқ күлдi.
Тiлмәш жолға жүрерде бұл оның үстiне шапан жапты. Басына құндыз бөрiк кигiзiп едi‚ көзi
көкшиген тiлмәш сап-сары боп‚ кiсi күлкiсi келетiндей кейiпке ендi. Қалмырза шыдамай терiс айнала
бердi. Сол арада Ережеп оған бiр-екi күннен соң барам деп‚ атына мiнгiзiп‚ бiраз жерге дейiн шығарып
салды. Ырза болған тiлмәш:
— Бик рахмәт! Мен сiздiң бұ яқшилиғыңизды ұлыққа айтам‚ — деп басын шұлғи бердi.
Бұ жолы Ережеп қастарына Шәкидi де ерте шыққан едi. Тiлмәш кеткесiн‚ Қалмырза үшеуi керi
қайтты. Аттарын ауанымен жүргiзiп келе жатып‚ Ережеп бұларға айтатын маңызды бiр шаруасы
бардай онша асықпады. Даусын баптай сөйлеп:
— Мына Теке‚ Жәумiттердiң жылқысы талан-таражға түскен дей ме? — деп қойды.
Шәки үндеген жоқ. Қалмырза тез жауап қатып:
— Сондай хабарды естiгем‚ — дедi.
— Олардың ақалтекелерi жақсы ғой шiркiн! Тұлпар ғой! Баяғыда әкем солардан тұқым алам деп
барып құр қайтқан. Боталы iнген берем дегенiне түрiкмендер көнбей‚ бiздiң қара биеге айғырын
шаптырмай қойған.
— Апырмай‚ ә?
— Олар деген аттың кәдiрiн бiледi. Бiздер ғой далада құр далақтап жүре беретiн. — Ережеп ендi
екеуiне кезек-кезек қарады. — Осындайда бiздiң... бүйтiп мына ақ патшаға жем боп жатқанымыз
қалай‚ ә?
— Шынында да‚ — дедi аңғал ер мiнездi Қалмырза мырзаның алдына әлден жортақтай түсiп.
Ережептiң ненi жақауратып отырғанын алыстан аңдаған Шәки үндеген жоқ. Соны байқаған
Ережеп оған бұрылып:
— Осы сен неге үндемейсiң‚ ә? — дедi қатқыл дауыспен.
— Үндегенде не дейiм. — Шәки мiңгiр ете қалды.
— Сонда... өз ойың қалай? — дедi Ережеп қадала түсiп.
— Менiң iж ойым жоқ. Түрiкмендер жауынгер ел‚ — малын анау-мынауға талата қоймайды. Бiр
рет қапысын тапқанмен‚ арты жақсылыққа соқпайды.
— Е‚ сен қорқақ аша бастаған екенсiң ғой‚ — дедi Ережеп оны сықақтай күлiп.
— Қорқып тұрған түгiм де жоқ. Соңы қиын бола ма деп...
— Оған сенiң басың ауырмасын‚ — деп Ережеп оның сөзiн кiлт үзiп тастады. — Сенi де туысқан
дейдi-ау! Ана жаман қатыныңның сөзiн тыңдап! Мен нағылар екен деп сынап айтып едiм‚ сырың
белгiлi болды. Жiгiт болмай‚ нашармын десең‚ сол қайынатаңа бар да‚ күшiк күйеу атан! Бар соған! —
Ол ызаланып тұрып‚ аузынан қалайша артық сөз шығып кеткенiн байқамай да қалды.
Шәки сол арада батылданып‚ еңсесiн тiктеп:
— Бар десең‚ барам да қоям! Онда тұрған не бар екен! Көп болса‚ кiрме болармын! — дедi.
Шамасы‚ ол бұл ойға көптен берi табан тiреген сықылды.
Ережеп сасып қалды. Қатты ыңғайсызданып:
— Сонда... бұл ел-жұрттан ұят болмай ма? — дедi.
— Iж ұятын көрiп тұрған жоқпын. Қайда жүрсем де күшiк болу менiң маңдайыма әзәлдан
жазылған боп тұр ғой. Сiзге ерiп күшiк болды не‚ қайын жұртына барып күшiк күйеу атандым не‚
айырмасы жоқ қой? — дедi Шәки ендi қитыға сөйлеп.
— Е‚ олай ойласаң... бара ғой. Алладан ұлықсат! — Ережеп қолын бiр-ақ сiлтедi. Соңғы кездерi
айтқанын тыңдамай бара жатқан бұдан қалай құтылудың ретiн таба алмай жүр едi. Ендi сәтi түсе кеттi.
Сол арада ол сақтық ойлап: — Мен сенi сынап көрейiн деп‚ түрiкмендер жайын өтiрiк айтып ем. Өз
қояңды өзiң аштың. Маған ендi өкпең жоқ шығар. Басыңа бас‚ малыңа мал қосылды. Шыныменен‚
соған табан тiресең‚ онда жолың ашық‚ әйдә қайқай! Бiрақ... — ол түсiн суыта қарады‚ — кейiн
қатыншылап әңгiменi бықсытып жүрсең‚ айтпады деме‚ аямайым. Онда ағайыншылықтан мүлдем
кетiсемiз.
Шәки үндемедi. Түрi қап-қара боп‚ ердiң қасынан көзiн алмады. Қалмырза не дерiн бiлмегендей
кейiндей бердi.