Стр. 36 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

35
Ережеп қайта сөйледi:
— Мен жiгiт кәдiрiн бiлмейтiннен емеспiн. Бiраз жыл абызымда болдың‚ жақсы қызмет атқардың.
Соның өтеуi болсын‚ ана қатынымның төркiнiнен келген жылжыған жорғамды мiне кет! Басы бүтiн
бергенiм!
— Алдыраз болсын‚ — дедi Шәки сәл серпiлiп.
Ауылға келгесiн Ережеп сөзiн жұтпады. Әмiр етiп‚ жорғаны Шәкидiң алдына көлденеңдетiп
тартқызды. Сосын он шақты бас қой бердi. Күн кештетiп қалғанына қарамастан‚ үйлерiн жықтырып‚
жүктерiн үш түйеге теңдетiп‚ Шәкидi ауылынан көшiрiп те жiбердi. Олар бiр қыр асып кеткесiн
барып‚ Ережеп уһ деп дем алғандай болды. Көптен берi жанына тiкенектей қадалып жүрген жәйт осы
едi. Содан сылап-сипап‚ сен жақсы‚ мен жақсы деп құтылғанына қуанды. Ендi мұның уысында мына
Қалмырза бар. Бұл ана Шәки өткендегi ұрлығын айтып‚ күйеу баласын өзiнен шошытып тастай ма деп
қорқып жүрген болатын. Сол себептi Шәкиден құтылудың амалын ойластырып баққан-ды. Бүгiн
соның сәтi өз-өзiнен түсе кеттi. Ережеп кешкiсiн ет астырып‚ Қалмырзаны жанына алып‚ тамақты
оңашалап жедi. Бұ жолы күйеу баласын сыйлап: “Алсайшы”‚— деп асты-үстiне түсiп болды. Аңғал
Қалмырза бiрден аңқ ете қалды. Ережеп бiрде басын шайқап қойып:
— Осы адам деген қызық‚ — дедi. — Жаңағы иттi бала кезiнен бiлем. Әкесi әкемнiң малын бақты.
Өзiн адам қылған мен едiм. Қатын алып бердiм‚ астына ат мiнгiздiм‚ жерiне дегенде малды аяған
жоқпын. Соны бiлмей... мiне‚ кетiп барады. — Ол күрсiнген болды.
Қалмырза ақырын ғана:
— Жақсылық құдайдан қайтады дейдi ғой‚ — дедi.
— Менiң де ойым сол. Бәндәға жақсылық жасағанда‚ кiсi оны қайтсын деп жасамайды‚ ел айтсын
деп жасайды. Менiкi жәй әшиiн... былай ағайын арасындағы сөз ғой. — Ол еңсесiн көтерiп алды. —
Бағанағы сөзiмдi байқадың ба? Шынымен мына түрiкмендердiң жағдайы қиын екен. Ана Адайлар
оларды құмның iшiне дейiн қуалап барып тықты ғой. Оларға Хиуа ханы да онша iш тартпайды. Ақ
патшаң болса‚ түрiкмендердi екi бастан жек көредi.
— Неге?
— Баяғыда ақ патшаның бiр сауда керуенiн түрiкмендер шауып алған. Содан кейiн ақ патшаның
оларға iшi бiр жылымай қойды. Демек‚ олардың сүйенiшi жоқ. Түрiкменнiң бiразы Ауған мен Иранда
босып жүр. Осындай ұрымтал кез деген онша көп бола бермейдi. — Ережеп бұған тiсiн ақситып‚ күле
қарады.
— Шынында да... — Қалмырза дымды да аңғармады.
— Мұндай кезде‚ шiркiн‚ олардың ақалтекесiнiң бiрiн қолға түсiрiп алсақ‚ нағыз қазанат болар едi.
Кәзiр замана ырайы бөлек дегендей. Ертең не боларына кiмнiң көзi жетiп тұр? Мұндай жаугершiлiк
заманда назбедеу аттың көп болғаны мақұл ғой.
— Оған не сөз бар.
— Сен осы... — Ережеп бұған сынай қарады‚ — қайратың бар жiгiтсiң. Қасыңа жолдас ертiп‚
сояққа барып қайтсаң кәйтедi? Сәтi түссе‚ алып қайтарсыңдар. Әгер сәтi түспесе‚ жер көрiп дегендей...
— Ереке‚ ертең оның аяғы...
— Ояғынан қам жеме. Әке-шешеңдi Қазалының маңына көшiрiп ал! Орыстардың бекiнiсi тұрған
жаққа олар өлдi жоламайды.
— Е‚ солай екен ғой!
— Сен‚ асылы‚ сүйт! Көптен берi жау таппай‚ бiздiң ауылдың жiгiттерiнiң iшi пысып кеттi.
Соларға басшы бол да‚ ертең аттан! Сәтi түсе қалса‚ сендер жылқыны Қызылдың үстiмен алып
өтiңдер. Онда да бiздiң жаққа әкелмеңдер. Ана Жаманшығанақ арқылы Қараққа қарай беттеңдер. Әрi
қарай Тау елi басталады. Бұхардың әмiрiне түрiкмендер өмiрi батып тиiсе алмайды. Содан қашан
сыбыс басылғанша күтiңдер. Сосын барып... дайрадан өтiп берi келерсiңдер‚ — деп Ережеп әбден
пысықтап‚ жiгiттiң қол-аяғына бұғауды ақырындап отырып салып та алған едi.
Ертесiне Қалмырза бастаған он шақты жiгiт Қазалыға барып қайтамыз деп қас қарая аттанып та
кеттi.
Ережеп мырс ете түстi. Сосын кешеден берi үйге бiр кiрiп‚ бiр шығып‚ жылтыңдап болған жеңгесi
Мәниғаның отауына барды. Қылықты келiншек мұны асыға күтiп отыр екен. Ережеп ыржаң етiп‚
шешiне бердi...
15
Шәки Ережептен қол үзуiн үзсе де‚ iштей онша қуана қоймады. Қатынының тiлiне ерiп‚ өз
туысынан жырылып шықты деп ертең-ақ дүйiм жұрттың өсек қылатынын ойлап басы қатты. Жол бойы
қабағын түйiп ап‚ ешкiмге тiс жармады. Оның есесiне шешесi сампылдауынан бiр танбады:
— Осының өзi дұрыс. Ана пәленiң айтағына ерем деп жүрiп‚ бiр жерде мерт болуың мүмкiн едi.
Ендi неде болса... ақырын көрермiз. Ер жiгiтке осы да қайғы ма? Екi қолға бiр жұмыс. Ықпал‚ ырыс
қонайын десе‚ әйле-пәйлеге қарай ма?
Шәки мырс ете қалды. Ықпал‚ ырыс? Сол өзi бүгiндерi кiмге қонып жүр? Шынымен халықтың
қамын жеген азаматтарға ма‚ әлде бiр қойдан екi төстiк алатын жырынды қуларға ма? Өзi сықылды
маңдай тер‚ табан ақысына арқа сүйегендерге ол шiркiнiң өмiрi қона қояр ма екен? Қонар болса‚
пәленбай жыл Ережептiң қосын жегiп‚ талай айтағымен басын бәйгiге тiгiп‚ талай рет шұбыртып мал
айдап әкелген жоқ па? Содан тигенi мынау! Оны да Ережеп ертең арты дауға ұшырамасын деп бұған
ауыз бастырық ретiнде берiп отыр. Егер ертең бұл күңкiлдеп әңгiме шығара қалса‚ ол жақсылығымды
бiлмедi деп бүкiл табандағы елге жаяды. Сосын ақталып көр.