Стр. 39 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

38
Қалдыбайдың жалпақ бетi жайыла түсiп‚ ақ тiстерiн көрсете күлiп:
— Құданың ондайы бар‚ — дедi. — Кешелерi соның ауылына қонғанмын. Қайынатама бара жатқан
жайымды бiлiп‚ жолшыбай айта кет‚ ертең арнайы жiберетiн кiсi де аз‚ деп жатты да жабысты. Содан
сiзге әдейi соққаным.
— Е‚ жөн‚ жөн. Ал қайынатаңның халы қалай екен?
— Пақуатты. Биыл соғымға деп бағып жүрген бiр семiз бием бар едi‚ соны апарып берiп келе
жатқан бетiм осы.
— Өй‚ өзiң адал күйеу болдың ғой. Басқалардың күйеулерi жырғаннан басқа дәнеме де бiлмейдi‚
— дедi Көпжан күлiп. — Ана Қарасақал Шағырай батырдың бағы бар екен. Ал мына түрiкмендер ел
шапты дегеннен хабарың бар ма?
— Сондай хабар шығып жатыр.
— Өз ауылдарың ондайдан аман ғой?
— Аман шығар. Менiң елден шыққаныма бiр жетiдей боп қалды.
Ертеңiне Қалдыбай ауылына қайтатын болды. Ол Шәкидiң қолын қысып тұрып:
— Әй‚ сенiң осы жетiмсiреп тұрған жайың бар-ау! Қатыныңның қасына күнде жатып жүрген
жоқсың ба? Ол түспегiрдi кейде сағындырып та келген дұрыс. Жүр онан да‚ бiздiң ауылға қыдырып
қайт! — дедi әзiл-қалжыңын араластырып.
Шәки тез келiстi. Сол күнi екеуi Қуаңға қарай жүрiп те кеттi.
16
Нияздың келiншек түсiргенi ойда-жоқта болған iс едi. Алпамсадай Сағынай бiр күнi түнде дүзге
желең шығып‚ салқын ұстады да‚ белiнен шойырылып жатып алды. Маңдайынан бұршақ-бұршақ тер
шықты. Қойдың құйрық майын салған ыссы сүттi iшкен сайын тұла бойын тұтып қалған суық шым-
шымдап шығып жатқанын бiлдiргендей‚ жанына жағып барады. Аздан соң тынысы кеңiп‚ жардай шал
қалғып кеттi. Басында қақшиып кемпiрi отыр. Түнiмен көз iлмедi. Таң алдында Сағынайдың қайтадан
тынысы тарыла бастады. Оң жақ бүйiрiн бiрдеме темiр сұққандай ауыртып барады. Өмiрi сырқаттанып
көрмеген кiсi мүлдем шыдамсызданып кеттi. Аһылап‚ уһiлеп болды. Кемпiрi сасқалақтап:
— Шал-ау‚ ендi кәйттiк? Мына жаңғыз ұлды да аяқтандырмадың да. Немереңдi көрмей кете
қалсаң‚ — деп едi‚ Сағынай басын көтерiп ап‚ оған ала көзiмен атып жiбiргендей боп қарады:
— Кет‚ әй‚ қайдағыны соқпай! Менi тiрiлей жерлейiн деп отырсың осы? Суық тигеннен кiсi өле
берсе‚ мына дүнияда тiрi пәндә қала ма?
— Сонда да дегенiм ғой...
Шал ендi үндемедi. Iшiнен жасының келiп қалғанын‚ өмiр бар да‚ қаза барын ойлады. Бiрер күннен
кейiн басын көтергесiн‚ Мамырайды шақырып ап‚ Әбдiраманға жұмсаған...
Әбдiраман қызын той жасап ұзатты. Бүкiл Қазалы‚ Қосқорған төңiрегiндегi бар ауылды шақырып‚
ат шаптырып‚ ұлан-асыр той жасады. Мүше берiлiп‚ көкпар тартылды. Бiр жұмадан соң Нияз бен
шешесi қалыңдығын ауылына әкеп түсiрдi. Қызға Жоламанның әйелi бастаған бiрнеше жеңгесi ерiп
келдi.
Жәнiбек осы тойға амалсыз келдi. Оқытып жатқан балаларын бiр жетiге ауылдарыңа барып
қайтыңдар деп таратты да‚ қасына Қожақ пен Қасқырбайды ертiп жолға шықты. Айжамалдар бүкiл
қатын-қалаш боп бөлек жүрiп отырды.
Жолшыбай Жәнiбек әлденеге кеуiлдене бердi. Бұ кез қараша айының орта кезi едi. Қызылдың iшi
әлi де жылы. Жаманшығанақтың әр жерiне шашырай қонған Есiм ауылдарының арасы онша қашық
емес. Сол себептi бұлар онша асыға қоймады. Күн арқан бойы көтерiле ауылдан шықты. Үшеуi қатар
жүрiп келедi. Бүгiн үп еткен жел болмағандықтан ба‚ дала шiлде айындай болмаса да‚ әжептәуiр ыссы
екен. Барлық бүрiнен айрылып‚ сидиып қалған жусандардың дiңдерi күн сәулесiне жылтырай көрiнедi.
Шоғыр-шоғыр бұталардан әр кеткен. Анадай жерде шабылмаған жантақтар сол баяғы қалпынша
ұйысып тұр. Бiр арада олар сыздауыт жерге өскен қалың шиге тап болды. Оны кешiп өткеннен соң‚
ала жаздай тұрып алған ыссыдан жарылып кеткен ақ тақыр басталды. Жәнiбектер тақырдан өтiп‚ боз
төбеге шыға келгенде‚ алыстан бұлаңытып ауыл қарасы да көрiнген едi.
Қожақ атын тебiнiп қап‚ мұнымен қатарласа берiп:
— Жәке‚ Мәдинәда не көргенiңдi бiзге жөндеп айтпадың ғой‚ — дедi.
— Шынында да‚ — деп оны Қасқырбай да қоштады.
— Е‚ — дедi Жәнiбек оларға күле қарап.— Ол деген таусылмайтын бiр хикая ғой. Жарайды‚
кейiн... бiр ретi болғанда айтармын...
Осы кезде олар той болайын деп жатқан ауылға жақындап та қалған едi. Он шақты ақ үй дөңгелете
тiгiлген екен. Сырттағы желiге байланған ат қарамы көп. Қазан-ошақ маңында зыр жүгiрiп жүрген ақ
жаулықтар көрiнедi. Жәнiбек ауыл қасына жете бере‚ атынан түсiп‚ оны тұсап қоя бердi де‚ үлкен үйге
қарай жаяулап келдi. Сағынайға барып сәлем бердi. Жардай шал аздап азып қалған екен. Оның
қасында Елмырза бастаған төрелердiң бiрi тобы отыр. Оның бер жағында бұл онша жыға танымайтын
әлдеқандай кiсiлер бар екен. Таныса келе‚ олар Сағынайдың нағашылары болып шықты.
Қосқорғанның түскей жағын жайлайтын Құлыс Кетелер екен. Арасында Балқылар да бар.
Мамырай тойды өзi басқарып-текшерiп‚ тоғашы боп жүр. Үш күн бойы ет пен қымызда есеп
болмады. Құтты болсын айтып келiп жатқандарға жаңадан мал сойылып‚ қазан көтерiлiп жатты.
Соңғы күнi барып ат шабылып‚ палуан бәйгiсi бiткеннен кейiн‚ келiннiң бетiн ашты. Кетелердiң
iшiнде бiр жырауы бар екен. Сол бiрден домбырасына жармасты. Жеңгелерi келiндi сыртқа алып
шығып‚ басына ұзын ақ жiбек орамал салыпты. Оның ұшы бiр таяққа байланған. Ортасында түйiлген
бiрдеме бар. Жырау жерге малдасын құрып отырып ап‚ беташарды айта бастады. Көмекшi бiр жiгiт