39
орамалдың бiр ұшы байланған таяқты ұстап тұрып‚ жырау “бiр сәлем!” дегенде‚ жоғары қарай көтерiп
кеп қалады. Жұрт келiннiң бетiн көремiз деп үңiледi. Бет ашылып болғасын‚ әлгi жiгiт орамалға
түйiлгендi алып‚ жырауға ұсынды. Ол түйiлгендi қасындағы жолдастарына таратып берiп жатты.
Бұл кезде енесi келiп‚ келiннiң басына қызыл орамалын алып‚ ақ салды. Жас келiншек жылап
жiбердi. Оның қызыл орамалын бiр бикешi қуанып алып жатты.
Содан кейiн жұрт сыйғанынша үлкен отауға жиылып‚ жас келiншектiң қолынан шәй iштi. Жас
адамға тiктеп қарамайтын Жәнiбек көзiнiң қиығын салып‚ ақсарылау келген жас келiндi көрiп‚ пысық
па деп қалды. Iшiнен Ниязға осындай болмаса болмайды ғой деп түйдi.
Ертеңiне той тарқады. Жұрттың алды қош-қош айтысып‚ аттарына мiнiп‚ тарап жатқанда‚ қайдан
келгенi белгiсiз‚ жаман атын қос өкпеге тепкiлеп Тиышбек сап ете қалды. Келе жұрттың үрейiн
ұшырып жiбердi:
— Ойбай‚ жау шапты! Жау шапты!
Даусы жаман‚ барлығып шығады. Өзiнiң қайыстай өңi қап-қара боп кеткен. Жәнiбек тiксiнiп
қалды. Оны етегiнен тартып:
— Өй‚ қайдағы жау? О нағылған жау? — дедi.
— Ойбай‚ сұрама‚ қырып кеттi ғой‚ қырып кеттi‚ — деп ендi нәсiлсiз неме атынан жерге томп етiп
түсе сап‚ екi бүйiрiн таянып‚ барқырап жылай бастады.
Жұрттың аза бойы қаза болды. Сағынай сыртқа шығып‚ жуан таяғын безеп:
— Әй‚ ит‚ қуанышымның шырқын бұзған бұ нең? Белiңдi таянып‚ немене әкең өлiп пе едi? Осы
отырған жерiңде басыңды жарайын ба? — дедi қатты ақырып.
— Ағеке-ау‚ жарсаң жар. Сенен аяған басты қалмақ-ақ кесiп алсын! — дедi Тиышбек барқырап.
— Әй‚ мынаған бiрдеңе көрiнген шығар!
— Өзi қайдан келе қалды?
— Бiрдеңенiң шалығы жоқ па? — деп жұрт ендi оған күдiктене қарай бастады.
Сол арада Тиышбек мұрнын дың еткiзiп бiр сiңбiрiп жiберiп:
— Иә‚ саған шалық! — деп шақ ете түстi. — Ауылдарыңды түрiкпендер шапты. Қатын-қалашты
айдап алып кеттi.
— Әй‚ жөнiңдi айтшы‚ кiмнiң ауылын? — дедi Қасқырбай адырайып.
— Кiмдiкi нес мынаның? Қалдыбайдың ауылын шапты! Ана жас тоқалын алып кеттi! Мә‚ саған
керек болса! Мен сол жауды қуам деп шаққа құтылып шықтым! — Сол арада Тиышбек орнынан атып
түрегелiп‚ Сағынайдың қолына жармасты: — Ассалаумағалайкүм‚ Сәке! Қуанышыңды естiп‚ шауып
келе жатқан бетiм осы. Қолымызда өскен бала ғой‚ жаман болмас‚ қосағымен қоса ағарсын!
— Айтсын‚ — дедi шал өңiн сындырып.
— Құр айтсынмен құтылмайсың. Ау‚ бұлардың қазандары суға кетiп қалған ба‚ жейтiн дәнеме де
қалмаған ба? — деп‚ ендi Тиышбек қазан-ошақ жақты жағалап кеттi.
Жұрт самсоз. Мына бәтуасыздың сөзiне сенер-сенбесiн бiлмей аз тұрды да‚ әркiм бет-бетiне тарқай
бастады.
Жәнiбек не iстерiн бiлмедi. Атанияз бектiң қазақтан кек аламыз деп шыққан жәйтiн бұрындары
естiген. Бiрақ оның жаулары Тiлеуқабақтар едi ғой. Олар бұяқта нағып жүр? Осы арада бiр кәкiр
болмасын. Ол басы дал болып‚ бiраз тұрды. Сосын мән-жайды анықтап қайт деп Қожақты
Қалдыбайдың ауылына шапқызды. Ауыл жiгiттерiне Әлжанды басшы ғып‚ құрық‚ сойылдарын
дайындатып‚ аттарын үй iргесiндегi қазыққа байлатып қойдырды. Содан соң барып өзi Қасқырбайды
ертiп‚ ауылына суыт аттанды.
Түн ортасына таман келсе‚ ауылы аман екен. Қойшы-қолаңы малдарын жайғап қойыпты. Аяғы
ауырлаған Ақкербездi тойға бармай-ақ қой дегенi жақсы болыпты. Ендi оның айы-күнi жақындағанын
көрiп‚ Қасқырбайды Елдестiң ауылына жұмсады. Сондағы кемпiр-сампырларды ертеңнен қалдырмай
алып кел деп тапсырды.
Ертесiне күн шағырмақтанып шықты.
17
Қалдыбай кiшi тоқалының ауылына келген бойда аң-таң қалды. Үйлердiң түндiктерi жалпылдап‚
есiктерi ашық тұр. Сыртта қазан-ошақ маңында жүрген әйелдер көрiнбейдi. Салып ұрып жетiп келсе‚
тiрi жан жоқ! Қалдыбайдың тұлы бойы мұздай болды. Атынан түсе сала‚ жүгiрiп үйге кiрдi. Қараса‚
жүктер шашылған‚ кебежелер ақтарылған!
Шәки болған жайды бiрден аңдады:
— Түрiкпендер ел шауып жүр деп едi. Сол болмаса едi?
Қалдыбай қап-қара боп үндемедi. Сол арада ол сыртта жатқан үлкен қара қазанның сәл
қозғалғанын байқап қалды. Жетiп барып көтерiп қап едi‚ астынан үстi-басы ұйпа-тұйпа‚ шашы
дудырап кеткен‚ бетiне баттастырып күйе жағып алған кiшi қарындасы шыға келдi. Әуелгiде қорқып
кетiп‚ ол барқырап‚ ай далаға шығынып қаша жөнелдi. Қалдыбай оған әзер дегенде жетiп бiлегiнен
оны ұстай алды.
— Өй‚ айналайын‚ қорықпа‚ менмiн ғой.
Сонда ғана қара қыз бұған көзi бақырая қарап тұрып‚ кенет солқылдап жылап жiбердi. Бетiн мұның
төсiне басты. Ол солқылын басқанда барып‚ Қалдыбай:
— Не болды? Дұрыстап айтсайшы‚ — дедi.
— Ықы‚ ықы... — деп қыз ықылық атып тұрып‚ екi иегi кемсеңдеп‚ шаққа сөйледi. — Түрiкмендер
келдi... Түрлерi жаман... Жеңгемдi алып кеттi.
— Жең-ң-ге-мдi?