Стр. 5 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

4
— Бәрi де Алланың ырқындағы нәрсе ғой. — Сыздық мырс етiп күлдi. — Кәзiр өзi... замана қызық
боп кеткен жоқ па? Бiз мына Қаратаудың екi етегiн жайлаған қалың елмiз. Осы атырапты Қоңыраттың
он шақты баласы мекендейдi. Көбiсi мына Түркiстан шәһарында жерленiп қалған. Өзбек шатысы да
баршылық. Тек дейiм‚ — ол iрi тiстерiн көрсете күлдi‚ — мына алдияр хан ием келгелi маза табамыз
ба десек‚ тиышымыз кетiп болды.
Тоғанақ Сыздықтың ханға нариза бiр жайы бар екенiн аңғарды. Ендi соны бiлгiсi кеп:
— Сонда... сiздерге ол не дейдi? — дедi ол байға көз қиығын тастап қойып.
— Хан жүрген жерде‚ сыбағасы қатар жүрмей ме? Ол аздай‚ Созақты шабам деп‚ сарбазға
жiгiттердi ала бастады. Бiздiң мұнымызды естiсе... ертең Хұдаяр.. ешкiмдi де аямайды...
Тоғанақ шалдың сөзiнен Қайыптың бұ жерде де онша бөгеле алмайтынын, оның Созақты шабам ба
деген талабын қалың Қоңыраттың қолдамайтындығын айқын аңғарды. Сол арада Елдес сөзге
қыстырылып:
— Бiзге шабар жiбергесiн кеп қалдық. Ояғын... бiз жөндеп бiле бермеймiз ғой‚ — дедi.
— Оған не айып бар. Кәне‚ қымыз алыңыздар. Күн ыссы‚ шөлдеген шығарсыздар.
Күн орнына қона зыр жүгiрген қатындар әйдiк ағаш табаққа сап‚ буы бұрқыраған еттi әкеп‚ жаюлы
дастарханның бiр шетiне қойды. Бүгiн Сыздық кәдiрлi қонағына деп жабағы тайды сойдырған екен.
Жас малдың етi әбден бабына кеп‚ ылжырап пiсiптi. Қызметшi жiгiт оны әлекедей жалаңдаған
пышағымен турап отыр. Сол арада екiншi бiр жiгiт бөлек табаққа сап‚ тайдың жартылай шабылған
басын Тоғанақтың алдына әкеп қойды. Батыр жаңа ғана суға шылаған кездiгiмен:
— Иә‚ бiссiмiллә‚ — деп бастың құйқасынан бiр кесiп алды да‚ аузына салды. Сосын бас салынған
табақты сарбаздарына қарай ысырды. Олар бастың етiнен бiртiндеп кезегiмен дәм татып шығып‚ ең
ақырында табақты есiк жақта тiзе бүгiп отырған жас келiнге бердi. Ол орнына түрегеп‚ алдына табақ
ұстаған екi қолын айқастыра сәлем еттi де‚ сыртқа шығып кеттi.
— Көп жаса! Өркенiң өссiн! — дедi Тоғанақ өзiне сәлем еткен жас келiнге райлана қарап.
Аздан соң қызметшi жiгiт табақ толы еттi бұлардың алдына қарай ысырды. Қонақтардың санына
қарай үш табақ тартылған екен. Елдес батырмен дәмдес болды. Тоғанақ еттi сүйсiне жедi. Елдес те
етке қол салды. Олар жаңа пiскен жас еттi асықпай жеп боп‚ артынан сапар кеселермен ыссы сорпа
iштi. Олар ас қайырып‚ қол жуғасын‚ жатар орынға таман тағы да қымыз iштi. Аздан соң бабына кеп
ашыған қымыз буындарына түсiп‚ сарбаздардың алды қалғып-мүлги бастады. Соны көрген Сыздық
бай төсек салуға ыңғай бiлдiрiп‚ отырған орнынан буын-буыны күтiрлеп тұра бастады.
Тоғанақ пен Елдес сыртқа шығып‚ аулақтау жерге барып кiшi дәреттерiн сындырды да‚ ауларына
апарған уыс толы құмды былайырақ шашып жiбердi. Сосын аяқтарын ауыр алып‚ жiгiттерi түскен
үйлерге барып шықты. Олар тынығып‚ тоя тамақ жеп‚ әлденiп қапты. Сарбаздарымен аз-кем
әңгiмелескен соң‚ Тоғанақ Елдестi ертiп өздерi түскен отау үйге келдi. Төсек екеуiне қатар салынған
екен. Олар шешiнген соң‚ төсектерiне қатарласа жатты. Оны-мұныны аз-маз әңгiме ғып жатып‚ олар
жартылай түрулi жабықтан көрiнiп тұрған‚ сонау зеңгiр көктiң төрiнен жарқырап‚ сәт сайын құбыла
берген‚ быжынаған жұлдыздарға көз салды. Олардың жарығы бiр түрлi жылт-жылт етедi. Мына
жақтан ай туып келе жатса керек‚ аспанның ана бiр шетi сарғыш сәулеге бөлене бастаған. Соған қарап
жатып‚ күнi бойы жолсоқты боп келген екеуi де аздан соң қор-р-р ете түстi...
2
Тоғанақтан келген шабарға Елмырза төре жауабын анық қып бермей‚ iшiне тас түсiп кеткендей
қабағын тыржита отырып:
— Ендi... ояғын көрелiк. Батыр қайда болса‚ мен сондамын ғой. Тек биыл... қыстан шаруамыз
күйзелiп шығып едi. Соған байланысты оны-пұны бiр iстiң шығып тұрғаны. Батырға айта бар. Со
шаруаны ай-жай қылғасын‚ хабар өзiмнен болады‚ — дедi.
Шабар үйден шығып кеткесiн‚ Елмырза төре ендi от басында көп айналмады. Қасына қосшы
Шатайды ертiп‚ қосарына сiңiрлi‚ бiр қара мықты атты алды. Сүйттi де‚ үй iшiне шаруасын айтпастан‚
Қазалы жаққа тартып кеттi. Ол жолшыбай келе жатып‚ осыдан бiраз бұрын Арқа жақтағы Қаратай
сұлтаннан келген хаттың мән-жайын ойлады. Онда сұлтан ақ патшаның ниетiн анық аңғартып‚ ендiгi
жолда бұның соған қызмет еткенiн қалайтын ыңғай бiлдiрiптi. Ол қарсы соғысқанмен, патшаны оның
жеңуi мүмкiн емес дептi. Сол жайды бұл қара ақылына салып көрдi де, шамалы сабыр айлағанды
мақұл көрдi. Өзiнiң iшкi есебi бойынша‚ Хиуа ханы әлi де тағынан түсе қойған жоқ. Шындап кетсе‚
оның Сыр бойына құрығы ақ патшадан гөрi бұрынырақ жетедi. Егер бұның пиғылын бiле қалса‚
Мұхаммед-Инақ аямайды. Ал мына Қазалыға кеп‚ табан тiреп жатқан аз ғана қол‚ шындап келгенде‚
Хиуаның сарбаздарына мықтап қарсы тұра алмайды. Осындай алмағайып заманда мұның iшiн
алдырмағаны мақұл. Сүйтiп толғанып‚ әрi-сәрi боп жүргенiнде Тоғанақтан шабар жеттi. Ол кеше ғана
осы өлкеден ығысып кеткен Қайыпқа барып бiрiгiп‚ Құрбан бидiң кегiн алып берелiк дептi. Соны
естiп‚ Елмырза iштей мырс еттi. Сол ханның Сыр бойына ауғанын оу баста мұның iшi алмаған-ды.
Ендi содан құтылдым ба‚ құтылмадым ба деп отырғанында‚ онымен бiрiгiп мұның не жыны бар? Ендi
Елмырзаның оған басы ауырмайды. Ол бiр сәт жанында емпеңдеп‚ жаман атын жортақтатып келе
жатқан Шатайға көз қиығын тастады. Оның үнемi суалып жүретiн жағы iшiне қарай кiре түсiптi.
Соның салдарынан ба‚ Шатайдың ат жақты бетi сопайып сала бергендей боп көрiнедi. Оған қоса ұзын
бойы еңкiш тарта түскендей. Атқосшысының осы қалпын қызықтағандай төре оған қарап‚ жүзiн
жылытып:
— Осы сенiң үйiңдегi жеңгемiз... Табын едi ғой‚ ә? — дедi.
— Иә‚ — дедi Шатай оның не айтқысы келгенiн түсiне алмай.
— Сонда... өзi қайсысы едi?