44
— Өй‚ жетесiз! Жатыры жаман! Менен туған бала өмiрi бүйтпеушi едi. Жақынын жауға мат
қылған деген не сұмдық! Бүйткенше көзiме көрiнбегенiң жақсы едi ғой! Шық сыртқа! — дедi.
Мереке сыртқа iлбiп шығып кеттi. Батыр қолына жалаң қылышын ала түрегелдi. Қалдыбай оның
қолына жармасып:
— Ата‚ бiр ашуыңызды берiңiз! Осы да жетедi ғой‚ — деп едi‚ батыр оның қолын қағып тастады:
— Тарт қолыңды! Сенiң асқан қайратыңа ырза боп‚ мына баламды қалың малсыз өзiм берiп ем!
Халықтың қамын жейтiн батыр таба ма деп берiп ем! Ендi оның бөдене жеген түрiкменге сенi
сатқанын қалай кешiрем? Мен кешiргенмен‚ мына ел-жұрт кешiре ме? Байына тимейiм деген не
сұмдық? — Ол қап-қара боп‚ тұла бойы селкiлдеп кеттi. — Бұ да бiр шiрiген жұмыртқа‚ азған ұрық
болды. Оны ертең кiм көрiнген бетiме баспай ма? Онан да... — Батыр сыртқа жындана жүгiрiп шықты.
Қалдыбай мен Шәки оның соңынан қорқасоқтай қарады. Батыр қызын үйден жиырма қадамдай
жердегi ши арасына түйгiштеп отырып апарды да‚ кенет жас кезiндегi шалт қимылмен қылышын сыр
еткiзiп қиялай тартып кеп қалды. Мереке кiлт тоқтай қап‚ қолын бiр рет ербең еткiзiп‚ екi бөлiнген
қалпы жерге шөге бердi...
Шағырай батыр қап-қара боп қайтып кеп‚ қылышына жұққан қанды шүберекпен сүрте сап‚
қынына сарт еткiзiп салды да‚ Қалдыбайға қарады. Екi көзi шапыраштанып кеткен екен. Мынадай
кезде атақты батырға қамалаған қандай да жаудың батып тиiсе алмайтынын ендi сезгендей
Қалдыбайдың тұла бойы тiтiркенiп кеттi.
Шағырай сөздi бiр-ақ кестi:
— Балам‚ айтқаным айтқан! Екiншi қызым бар‚ өзiме ұқсап туғаны сол! Сенiң көсегең ендi
сонымен ғана көгерер. Қалың малыңның керегi жоқ‚ со қызымды алып кет! Әгәр ол да мынадай болса‚
— ол қолымен ши жақты көрсеттi‚ — сұрауы жоқ‚ кәлләсын қағып таста! Ал ендi кiдiрме‚ қосағыңды
ал да‚ ауылыңа тарт!
Қалдыбай мен Шәки орындарынан тұра бердi...
18
Ағлес басына түскен халға нық бекiнiп көнiп алған да едi. Жаңа ғана Мерекенi Қалдыбайдың алып
қашып кеткенiн көрiп‚ iшiнен өзiн iздейтiн кiсiнiң жоқтығына қатты қиналған. Ағасы Қалмырза болса‚
Ережептiң абызына енiп‚ Қырда жүр. Шал күйеуiнiң жағдайы белгiлi. Нияздан екi бастан хабар жоқ.
Бүйтiп күйiнiшпен өткен тiршiлiктен гөрi осының өзi-ақ жақсы шығар деп түйiп‚ ақ сұр жүзi сұрлана
түсiп‚ iштей бiр байлауға нық бекiнiп алған едi.
Күн батып‚ түрiкмендер сексеуiлдi сындырып‚ сүйреп әкеп лаулатып от жақты. Сосын айдап әкеле
жатқан малынан бiр-екi қойды сойып‚ отқа қақтап‚ тамақ iстедi. Мұрны қалақтай бiр түрiкмен жiгiтi
бұған тамақ әкеп бердi. Қараңғыда әппақ тiсi от жарығында жарқырай түсiп:
— Мә‚ же! Тағам ал! — дедi.
Ағлес үндемей‚ оған көзiнiң қиығын да салған жоқ. Алдына қойған табаққа қарамады да.
Түрiкмен жiгiтi қасынан кете қоймады. Ол күңата деп:
— Жесеңшi! Әлi алда бiраз жол бар‚ шаршап қаласың‚ — дедi.
— Оған сенiң басың ауырмай-ақ қойсын‚ — дедi Ағлес алғаш оған тiл қатып.
— Ә‚ тiлiң бар екен ғой. Өзiң қандай гөзәлсiң! — дедi түрiкмен жiгiтi мұның тiл қатқанына қуанып
кетiп. — Басым менiң неге ауырмайды? Ауырады. Ана Атанияз бек сiздi қатын қылып алмақшы. Мен
соның жақын iнiсiмiн.
— Е‚ онда қайным болдың ғой‚ — дедi Ағлес кекетiп.
— Иә‚ солай.
— Онда ана ағаңа айта бар‚ менi алатын болса‚ ақ некемдi қиып‚ ауылына барғасын алсын!
Болмаса ырзашылығым жоқ де!
— Мақұл‚ айтайын.
— Айтқанда‚ кәзiр барып айт! Жолда әбiрейiмдi төгем деп жүрмесiн‚ — дедi Ағлес iшiнен бiр
қулық ойлап.
— Жақсы‚ — дедi де‚ түрiкмен жiгiтi бұрылып жүре бердi. Кетiп бара жатып‚ артына бұрылып: —
Сен ана тамағыңды же! Жол ауыр‚ — дедi.
— Айтсаң‚ жеймiн.
— Айтам‚ айтам‚ — дедi де‚ ол әрi қарай кеттi.
Ағлес ойы ауырлап‚ алдындағы табаққа көз салып‚ бiраз отырды. Қойдың күйген етiне бiр түрлi
тәбетi шаппады. Күнi бойы қара судан басқа нәр татпаған бұл қарны ашқанын сол арада ғана барып
бiлдi. Қолын созып‚ күйген еттiң бiр кесегiн алып аузына салып едi‚ өңешiнен әрi қарай жүрмей
қойды. Сосын табақты әрi қарай ысыра салып‚ бүк түсiп отырып қалды.
Есiне қай-қайдағы жағдай түсе бердi. Баяғыда оң жақта отырғанында‚ мына дүния шiркiн сондай
қызықты‚ сондай әсем боп көрiнетiн. Әкесiнiң iрiп-шiрiген байлығының арқасында бұл ешнәрсенi
ойламай өстi. Ұл бала сықылды той-томалаққа еркiн барып‚ еркiн жүрдi. Сүй-тiп жүрiп мына Ниязды
кездестiрдi. Онда да мамыр айына таман бұлардың ауылдары Қырға қарай көшiп бара жатқанда
ұшыратты. Дәл со жылы мал түгел төлдеп‚ ауыл кiсiлерi арқа-жарқа боп‚ Қырға қарай көшiп бара
жатып‚ Егiзқараның шенiне жете бере бiр күн ерулеп отырып қалған-ды. Сол күнi Сағынай ауылының
өздерiне жапсарлас қонып жатқанын ауыл кiсiлерi айтып келдi. Жасы үлкен Сағынайға сәлем берем
деп әкесi бастаған ауыл кiсiлерi ертеңiне аттарына мiнiп кеткен болатын. Сол күнi екi ауылдың
жастары жиналып‚ кiшкене ғана отырыспа жасап‚ күн батысымен ақсүйек ойнаған едi. Ағлес
кiшкентайынан өте қағiлез‚ шымыр боп өскен-дi. Ақсүйек дегенде қыздардың iшiнде бұдан жылдамы‚
бұдан оралымдысы болмай қойды. Дәл сол күнi ай дөңгелене туып‚ зеңгiр аспанның қақ төрiнен