45
жарқырап‚ баранданып жатқан шағыл құмға сүттей сәулесiн аямай құйып тұрған-ды. Айналадан әдемi
бiр жұпар иiс шығады. Шiлделiктер шырылдап‚ көкпеңбек боп жатқан сайын даланы ерекше бiр үнге
толтырып жiберген едi. Бұлар ақсүйек ойнап жатқан түс шағыл құмның қол-аяғын созып жiберiп‚ ана
шетi бұйырғынды алқапқа жайылып барып бiтетiн кезеңi болатын. Жасынан ән-жырға құмар боп өскен
Ағлес бiр сәт мына бiр әдемi түнге елтiп‚ тың тыңдап тұра қалды. Құлағына сиқырлы бiр саз келгендей
болды. Сонау мұнартып жатқан төбелердiң әр жағынан мұның жанына түсiнiксiз бiрдеме‚ аңсаған бiр
нәрсесi осы кәзiр жетiп келетiндей. Жанына тосын бiр нұр‚ саз құйылып‚ әсершiл қыз өз өзiнен
ыңылдап‚ бiр әннiң қайырмасын есiне алды. Дәл осы кезде қасына Нияз жетiп кеп:
— Ау‚ құрбым‚ ақсүйек ойнаудың орнына‚ жападан жаңғыз тұрып қалыпсыз ғой‚ — дедi.
Жаңа ғана жырау аты жайылып келе жатқан‚ қияқ мұртты‚ әдемiше келген жiгiттiң даусы биязы
екен. Ағлес ыңғайсызданып қап‚ алғаш рет өзiнiң қыз екенi есiне түскендей ұялып:
— Мен‚ тек... жәй‚ — дедi.
— Жәй болғанда... өзiңiз шайырсыз ғой дейiм‚ — дедi Низя ендi мұның жанына жақындай түсiп.
— Қайдағы‚ — дедi де‚ еркелiгi есiне түсiп‚ Ағлес оның жүзiне жалт қарап‚ сақылдап күлiп кеп
жiбердi. Сосын жiгiттiң түрiне анықтап қарады.
Нияз ыңғайсызданып қап‚ бiр түрлi қысылып:
— Мына тұрысыңыз... соған келiңкiрейдi‚ — деген болды.
Оның қысылып қалғанын қызық көрген ерке қыз:
— Келгенде немене... менiң өлеңiмдi жаттап ап‚ айтайын деп жүрсiз бе? — дедi.
— Ондай боп жатса... айтамыз ғой.
— Қайдам! Бай ауылының бағлан мырзасы төмен етектi қыздың өлеңiн нағылсын.
— Құрбым‚ неге үйдейсiз? Жақсы өлең болса‚ жаттау деген оп-оңай. Оның үстiне сiз сықылды
перизаттың өлеңiн...
— Перизат дейсiз бе?
— Иә. Одан сiздiң неңiз кем?
— Перизат болғанда‚ мен ана ұжымақтағыдаймын ба? — деп Ағлес сықылықтап күлдi.
— Одан да артықсыз‚ — дедi Нияз ендi батылданып. Жақын кеп‚ мұның қолынан батылсыздау
ұстады.
Ағлес қолын тартып ала қойды:
— Әдептi жiгiт бiр көргеннен кiсiге жабыса ма екен?
— Мен тек... былай... қатар болғасын...
— Қатардың ретi бар емес пе?
Сол арада мұның ту сыртынан айқайлап‚ жүгiрiп келе жатқан жақын жеңгесi көрiндi. Ол ентiгiн
баса алмай‚ келген бойда сампылдап:
— Ерке қыз-ау‚ қайда құрып кеттiң?! Сенi iздемеген жерiм жоқ‚ — дедi де‚ қасында тұрған Ниязды
көрiп: — А‚ мына қайным оңашасын тауып... өзi... былай‚ — деп мұның бүйiрiнен шымшып алды.
— Кетшi‚ әй! — деп Ағлес керi ысырылды.
— Сiз үндемеңiз. Менiң келген бойым осы ғана‚— дедi Нияз қысыла тiл қатып.
— Бiлемiз қашан келгенiңдi‚ — дедi жеңгесi тағы да сампылдап‚ — Мырза жiгiт‚ бұ
қайынсiңлiмнiң құны қымбат. Құм арасында кездесiп‚ кеуiл қоса беретiн битбалақ кiсiнiң қызы емес.
— Қойшы‚ әй‚ сен қатын‚ — деп Ағлес ендi жеңгесiн бүйiрiнен түрттi.
— Е‚ оның қоятын несi бар? Жiгiтпен оңашада жолыққанда жақсысың. Ендi дым көрмегендей ұяла
қалғанын қараш! Бiлемiз сендей ұялғыштарды!
— Қой‚ саған дауа жоқ шығар‚ — дедi Ағлес iлгерi жүре бердi. Кетiп бара жатып‚ Ниязға көз
қиығын тастап қойды.
Содан олар түн ортасына дейiн ақсүйек ойнады. Ағлес ақсүйектi ала қашқанда‚ Нияз дұрыстап
жүгiре де алмай‚ талай рет артта қалып қойды. Ағлес зымырап жүгiрiп келе жатып‚ көкте күлiмдей
қарап‚ әдемi нұрын себездей төгiп тұрған айға‚ самсаған жұлдыздарға‚ мына керiлiп жатқан кең далаға
сүйсiне қарайды. Мынадай аса бiр бақытты шақ оған өмiрi таусылмастай боп көрiнедi. Кеуiлi алып-
ұшып‚ екi көзi жарқырап‚ өзi аса сұлуланып кеткен. Өзiнде сақ-сақ күлiп‚ қатар-құрбыларын ойынға
елiктiрiп‚ дүнияның ең бiр рахат сәтiн басынан кешiрiп жатқанына ырза адамның кейпi бар.
Ойыннан кейiн жiгiт-қыздар алақотан отырып‚ “жолдас-жолдас” ойынын ойнады. Бұл бiр рет
Ниязбен жолдас боп қалды. Бұған қасақана басқа жақта отырған Кеңесбай дейтiн жiгiт мұны сұрап
қоймады. Нияз оған мұны бермей қойды. Сол арада ортада отырған “хан” Ниязға қарап‚ қолын жоғары
көтерiп:
— Кәне‚ бiр жақсы терме айтып бер‚ — дедi.
— Е‚ о болса‚ жарасы жеңiл‚ — деп Нияз сол арада киiз қабынан домбырасын алып‚ құлағын
келтiрдi де‚ әдемi бiр сазды күмбiрлетiп тартып шықты. Сосын басын кеңгитiп ап‚ әдемi жүзiн айға
қарай бұрып‚ кең жатқан жалпақ даланы жаңғырықтырып: “Ау”‚ — деп бiр рет айқайлап алды. Iзiнше
Сыр бойына таныс әсем бiр мақаммен жастық шақ‚ оның қызығы туралы бiр терменi аңырата жөнелдi.
Жас жiгiттiң әсем даусы бiр түрлi сыңғырлап шығады екен. Көмейiнен күмiс үн төгiлiп‚ ай нұрының
астында керiлiп‚ бой созып жатқан құба даланың қойын-қолтығын тiнтiп‚ сонау алыс жақтарға
таралып жатыр.
Барында оралыңның ойна да күл‚
өткесiн жастық дәурен бiр келмейдi‚ —
деген кезiнде бозбаланың көкiрегiнен бiр түрлi күрсiнiс шыққандай болды. Мына шолақ дүнияның дер
кезiнде қызығын көрiп‚ балдай дәмiн татып қалмасаң‚ ертең өкiнесiң‚ опық жейсiң‚ сосын қартайған
кезiңде есiне алатын ештеңе де болмай‚ бостан-босқа жүнжисiң дейтiндей. Ағлес өз қиялына өзi