47
Жаңағы сақалды кiсi бұған қарады да‚ ештеңе деген жоқ. Содан кейiн ол қалтасынан бiр дорбаша
алып‚ түрiкменнiң құрбашысына күмiс тiлләларды бiрiндеп отырып санап‚ шығып болғасын‚ дорбаны
оның алдына қойды. Құрбашы оны алып:
— Сауда осымен бiттi! Ал жақсы! — деп‚ қолын ананың қолына шарт еткiзiп соғып қалды.
Сосын жаңағы кiсi орнынан тұрып‚ сыртқа шықты. Қасына ерген жiгiттерi мұны ертiп‚ бiр атқа
мiнгiздi де‚ өздерi аттарына мiнiп‚ ауылдарына қарай алып жүрдi. Ет пiсiрiмдей уақыттан соң бұлар
бiр қышлаққа кеп тоқтады. Өмiрi там көрмеген Ағлес диуалы кiсi бойынан асатын үйге қорқасоқтай
қарады. Iшке кiргесiн әлгi кiсi бұған қарап‚ мейiрлене отырып:
— Қарағым‚ түсiң жылы бала екенсiң. Осы үйдiң шаруасын iстеп жүре бер. Қалғанын көре
жатармыз‚ — дедi. Тiлi бiр түрлi түсiнiктi.
Ағлес сол арада батылданып:
— Жақсы. Осы сiздер кiмдер‚ қай ел боласыздар? — деп сұрады.
— Бiздер қарақалпақтармыз. Ал кәне‚ жайғас‚ — дедi де‚ әлгi кiсi әулiсiне қарай жүре бердi.
Ағлес өзiнiң жататын бөлмесiне келдi. Бiр кәрiлеу кемпiр кеп‚ мұның хал-жайын сұраған болды.
Басын шайқап отырып‚ түрiкмендердi қатал‚ деп бiраз сөктi. Сосын өздерiнiң жағдайларымен
таныстырып өттi. Жаңағы кiсi қарақалпақтардың бегi екен. Балалары тұрмай‚ қамкеуiл боп жүрген
көрiнедi. Мына кемпiрi шаруаға жарамай қапты. Сосын от басына қолғабыс ететiн күң iздеп жүрiп‚
жаңағы түрiкмендерге тап болыпты. Ағлес не дерiн бiлмей‚ бүк түсiп отырып қалды.
Шамалыдан соң үлкен бөлмеде қарақалпақтар жиылып шәй iштi. Әйелдер басқа бөлмеде отырды.
Шәйдiң соңына таман әлгi кiсi мұны шақырып ап‚ хал-жағдайын сұрады. Сосын барып‚ бұған қарап:
— Айналайын‚ бәрi де бiр Алланың жазуы ғой. Гәп былай. Әгәр елiңнен iздеушi келсе‚ қайтарып
берем. Келмесе‚ осында бола бересiң‚ — дедi.
Ағлес үндемей‚ басын идi. Iшiнен қаймана бiр кiсiнiң отымен кiрiп‚ күлiмен шығатынын ойлап
ызасы келдi. Бiрақ басқа қылатын амалы жоқтығын‚ өзiн iзiнен Нияздың iздеп келе алмайтынын бiлiп‚
көзiне ыссы жас мөлтiлдеп құйылып кеттi. Оңаша бөлмеде отырып‚ ол алғаш рет ызақорлығы ұстап‚
өксiп-өксiп... ұза-а-ақ жылады...
19
Тиышбек үйiне түнерiп кiрдi. Түн ортасы болып‚ үй iшi жатып қалған екен. Ол көлденең жатқан
қатынының үстiнен аттап өтiп‚ тез-тез шешiндi де‚ оның көрпесiнiң шетiн ақырындап ашып‚ қойнына
кiре бердi. Ақрәш ұйқылы-ояу:
— Сенбiсiң? — дедi.
— Иә. — Тиышбек қалт тоқтай қалды. “Әй мынаның сенбiсiңi не‚ а? Сонда менен басқа бiреуi бар
болғаны ма?” — деп басына бiр ұры ой шауып‚ оны аш бүйiрiнен шымшып кеп алды.
Ағраш ауырсынып:
— Әй‚ шал‚ қойшы қыдықтамай. Жұрттан қалған-құтқаның болса‚ әкелсейшi‚ — дедi.
“Мә саған керек болса!” — деп ойлап‚ Тиышбек ыржалақтай күлiп‚ оны құшақтай алды...
Суға түсiп‚ шалқасынан жатып‚ Тиышбек Қалдыбайдың бүгiн қайтадан жас тоқал алған жайын
ойлады. “Осы кiсiлердiң аузының салуы бар. Бiреуiн өлтiре сап‚ екiншiсiн ала қояды. Мен болсам...
баяғы кәрi мәстекпен жатырмын. Құр шандырға алданып...” — Ол қалт тоқтай қалды. Қолымен бiр
талы жоқ иегiн сипап жатып: “Әй‚ осы мен неге тоқал алмайым‚ а? Үйтпейтiндей немене менiң
бiрдемем кем бе? Әлде көзiм соқыр ма? Мына қатынға ерегескенде бар ғой‚ сүйтiп бiр қатырайын”‚ —
деп өз ойына өзi ырза боп жатып‚ қор ете түстi...
Таңертең ерте тұрды. Ұйқысы қанбай‚ шеке тамыры тырысып‚ жан-жағына түксие қарады. Сүйттi
де... жағасын ұстады. Ортаншы баласы Күмiсбектiң көрпесi аяқ жағына сырылып кетiптi. Балтырының
жүнi қап-қалың. “Мәссаған! Мынау да айғыр боп‚ үйiрге қосуға жарап қалыпты ғой. Менiң тоқалым
не‚ әй‚ осы? Онан да мынау иттiң мойнына қарғы тағайын”‚ — деп ойлап‚ орнынан атып тұрды. Бетi-
қолын асығыс жуды. Таңғы шәйдi апыл-ғұпыл iштi де‚ манаурап есiнеп отырған қатынына қарап‚
өзiне-өзi ырза болды. “Қой‚ бұл ұрғашыны! Олардың кеуiлiнiң сұрағанын тапсаң‚ басыңды патшадан
артық көредi. Мынаның есiнеп отқанын қараш!” — деп iшiнен шиқылдай күлiп‚ орнынан түрегелдi:
— Қой‚ мен құдаларға барып қайтайын. Мына түрiкмендердiң бетi жаман. Бұлдап жүргенде‚
әбiрейiмiзден айрылып...
Ол сыртқа шықты. Жаман атына мiнiп‚ құдасының ауылына тартып бердi. Тиышбек ана бiр жылы
жұт болғанда‚ Мақаш деген бiр кiсiнiң баласына қызын атастыруға көнген-дi. Содан берi бiраз
жылдың беделi болды. Құдалары үн-түнсiз. Ендi соның ау-жайын байқайын деп бара жатыр. Қызы
Ұлбосын болса бұғағынан үзiлiп отыр. Соны құтты жерiне қондырса‚ Күмiсбегiнiң де бiр сыласы
табылар едi.
Құдасы Мақаш қоңторғай шаруасы бар кiсi едi. Мұны жалпылдап қарсы алды. Олар отырған
Байқожаның кезi малға жайлы‚ ықпанасы көп жер екен. Қараүйдiң iшi жылы. Мал сойылып‚ қазан
көтерiлiп жатқанын сезген Тиышбек кеуiлденiп:
— Әй‚ құда‚ солай де! Бiз де дiн аман жүрiп жатырмыз. Мына Хиуаң мен түрiкменiң орыстың
кезенген оғынан да бетер боп тұр ғой. Кейде соны ойлап‚ қорқам‚ — деп бiр бүйiрлеп қойды.
Мақаш бұжыр-бұжыр қара бетiнен дәнеменi сездiрмей‚ жалпақ ернiн кере:
— Ол айтып отқаның дұрыс‚ құда. Жаугершiлiк заманда не болмайды‚ — дедi.
— Кейде түн баласында ұйқы көрмейiм. Қызы өскесiн‚ ата-ананың қарауылы күшейедi дегенде
баяғыда күлушi ем. Ендi сол басыма келдi де қойды.
— Ол рас.