48
— Ер бала болса бiр сәрi. Қыздың жолы жiңiшке екен. Жiңiшке болғанда‚ қылдай-ау‚ қылдай! Қыз
өскесiн‚ жаласы басындағы шашынан көп деп қайран бұрынғылар бiлiп айтқан ғой! — деп Тиышбек
көзiн жұмып‚ басын шұлғып-шұлғып қойды.
Мақаш дәнеменi аңғарар емес:
— Ол рас.
Осы жерде қымыз құйып отырған семiз сары бәйбiше ернiн сылп еткiзiп:
— Бетiм-ау‚ мынау да бiр‚ — деп қалды.
— Не‚ не? — дедi оған қарай Мақаш бұрылып.
— Құданың сөзiнiң жаны барын айтам да. Құда жөн нәстенi айтып отыр. Бiз болсақ‚ мына бiр
шолақ дүнияны қалай жеткiземiз деп әуре боп жүрмiз. Болмаса құйрық-бауыр жескен құдамызбен
көрiсетiн уақ та болды ғой.
— Құдағай‚ сөзiң орынды. Менiң де бар дедiгiм осы. Ана балаларыңды қанаттыға қақтырмай‚
тұмсықтыға шоқытпай өсiрдiк. Ендiгi жерде‚ әңгiменiң ашығы‚ қолдарыңа алыңдар. Болмаса... күнде
шауып жатқан жау‚ кiм бiледi... Менi айтпады демеңдер‚ — дедi Тиышбек қоқиланып қойып.
— Ендi оған... бiздiң боржамыз жете бере ме‚ — дедi Мақаш мыңқылдай сөйлеп.
Сары бәйбiше қолын сiлтедi:
— Әй‚ шал‚ бұ дүния өлсең де‚ тiрiлсең де жетпейдi. Құданың айтып отқаны әбден дұрыс. Ол бiздi
сынайтын кiсi емес қой. Сөздiң анығы‚ баламызды қолымызға түсiрейiк. Қалғанын көре жатамыз.
Тиышбек қуанып кеттi:
— Әп‚ бәрекелле‚ сөз болғаныңа! Сен өзiң бiр тайпы елге басшы болатын қатынсың ғой. Тек құдай
мынадай артық етiн... — Ол сұқ саусағын шошайтып көрсеттi‚ — қимай қойған...
Ертесiне Тиышбек апыр-топыр етiп құдаларын өз ауылына өзi бастап барды. Асығыс тойын жасай
сап‚ Ұлбосынды ұзатты. Құдағайлары бiр белден асқасын‚ Тиышбек соңынан қарап тұрып:
— Тiпә‚ тiпә‚ алды-артыңа бiр уыс топырақ! — дедi.
Сол арада қасына Күмiсбек келдi. Оның бойы серейiп‚ түрi-түсi өзiнен аумай қалған едi. Ол
ыржиып:
— Көке‚ мен қашан қатын алам? — дедi түйеден түскендей дүңк еткiзiп.
Тиышбек оған жалт қарады:
— Оны... өзiң бiлмейсiң бе? Саған немене жер бетiндегi ұрғашының бәрiн өзiм таңдап алып беруiм
керек пе? Өй‚ жетесiз!
— Сонда... өзiм iздейiн бе?
— Iзде‚ тап! Қалауыңды айт! Сосын мен оған шалқайып барып құда түспейiм бе? Үйтпейтiндей
немене жұрттан менiң басым кем бе? Әлде малым кем бе? — дедi Тиышбек шақырайып.
— Иә‚ саған‚ байсынуын! Малым дейдi ғой. Керек болса менiң мiнетiн атым да жоқ!
Тиышбек қалт тоқтай қалды. “Әй‚ мынау нағыз өзiме тартқан ақылды ғой. Нағыз қасқыр болғалы
тұр! Бұған қалайда бiр ат табу керек екен”‚ — деп‚ шұғыл бiр ойға келдi. Баласын ертiп‚ жаман атына
ер салды. Өзi мiнгесiп‚ оны артына мiнгестiрiп‚ Тұрғалидың ауылына қарай тартты. Серейген екi кiсi
мiнгесiн‚ арқасы жауыр болған жаман ат ауырсынып‚ құмалақ тастап келедi. Жүрiсi де өнер емес.
Олар түске таман шаққа дегенде жатақтардың ауылына жеттi. Баласына көрiп ал дегендей бүйiрiнен
нұқып қойды. Зәуреш шай қойып‚ сыртта жүр екен. Бiр аяғының сiңiрi тартылып қалғандықтан‚ сылти
басады. Ол бұларды көрiп‚ ұялып‚ iшке кiрiп кеттi.
— Қалай? — дедi Тиышбек баласын аттан түсiрiп жатып.
— Не қалай? — дедi Күмiсбек дәнемеге түсiнбей.
— Жаңағыны айтам.
— Әй‚ ақсақ қой‚ — дедi Күмiсбек ернiн бұртитып.
— Қасқа-ау‚ ақсағың не? Немене оның аяғына ас құйып iшесiң бе? Саған табақтай бетi‚ лапардай
к....i болса жарамай ма? — деп Тиышбек бiр боғауызды қойып кеп қалды. — Қайта мұндайлар бар ғой
жақсы болады. Айтқаныңды екi етпейдi. — Сосын ол баласының құлағына сыбырлады: — Қасқа-ау‚
бұйырғанын ала бер. Келсабыңмен түнi бойы алысып жатқанша‚ мынаны ермек ете тұрсайшы. Кейiн
ретi келсе‚ жас иiс ала саласың...
Күмiсбек ыржаң ете түстi.
Сол күнi Тиышбек Тұрғалидың үйiнде кешке дейiн айналды. Дихан кiсi тарысын орып болуға
жақындап қалған екен. Тиышбек сол арада дыбырлап жүрiп‚ Тұрғалиға баламды көмек беруге алып
келдiм дедi. Тұрғали бұған таңырқай қарап тұрып:
— Тәке‚ сонда бұ қалай? Менiң кiсi жалдайтындай не боржам бар? Ертең ыңғайсыз боп жүрмесiн‚
— дедi.
— Өй‚ оны сен қой! Сенен ақы сұрап отқан мен жоқ. Мына бала болса да ауылда қарап жатыр.
Онан да сенен диханшылық кәсiбiн үйренсiн деп отырмын. Сүйегi менiкi‚ етi сенiкi‚ жұмсай бер!
— Сонда... өзi... — Дихан кiсi дағдарды.
— Әй‚ мәнтәй-шәнтайды қой. Баламды саған көмекке бергенiм. Үйiңе кеп‚ талай рет дәмiңдi
таттым. Көп болса‚ бұл соның өтеуi болар берген. Ол үшiн сенен ақы сұрамайым‚ — деп Тиышбек
ендi оны тыңдамай‚ баласына қарап көзiн қысып қойып‚ қолына орақты ұстата бердi.
Сонан кешке дейiн Тиышбектiң аузы тыным таппады. Бiр атыздың шетiне жете бере‚ орақты
тастай сап: “Ойбай‚ белiм-ай!” — деп екi бүктетiлiп отыра кеттi. Содан кешке дейiн тырп етпедi. Кеш
болысымен барлығы жертөлеге қайтты. Бүгiн Тұрғалидың қатыны меке жүгерiден көже iстеген екен.
Тұрғали ала көзiмен қарап:
— Ет аспадың ба? — деп күңк етiп едi‚ Тиышбек оның алдын алып‚ желдей есiп:
— Ойбай‚ сол етiңдi жей-жей қажыдым. Онан да мына меке жүгерiң мың есе артық! Жарықтық‚
Мекеден келген‚ пайғамбар жеген ас қой! Кәне‚ бiссiмiллә! — деп‚ қомағайлана ағаш қасықты
толтырып‚ асап қап едi‚ аузы күйiп‚ көзiнен жас ытып шыға келдi.