5
— Теке Табын ғой.
— Е‚ ана Бұхарбай‚ Байқадамдардың жақыны болды ғой.
— Иә‚ солай. — Шатай төренiң оны неге сұрап келе жатқан себебiн онша түсiне алмай‚ аз-маз
дағдарып қалды.
— Осы... соларды мына iшкi жаққа қарай ауған дей ме?
— Солай деп дүйiм ел айтып жүр ғой. Ана Қайып хан Сырдан ауғанда‚ олар сонымен бiрге кетiптi.
— Онысы несi екен‚ ә? — Елмырза қысықтау көзiн онан әрман сығырайта түсiп‚ қулана күлдi.
— Ояғын... итiм бiлiп пе? — Шатай екi иығын қиқаң еткiздi.
Елмырза ендi одан әрi iндетiп сұрамады. Бойын тез тiктеп ап‚ астындағы атын жәйiмен қамшылап
қойып‚ бiр сәт iштей Захватиннiң өзiн шұғыл шақыртқанына таңғалды. “Неге?” – деп қанша басын
қатырса да‚ сол дүдәмалының ұштығына жете алмады. Сүйтiп келе жа-тып оның ойы бiр жәйтке қарай
ауа бердi. Аздан соң сонысы бiр қисынға саятындай боп көрiнiп те кеттi. Оның себебi де жоқ емес. Ана
жолғы жиында бұл ақ патшаның Сыр бойына табан тiреп‚ бiр жылдай демалғасын‚ iлгерi қарай сұғына
түсетiн ыңғайын Захваткиннiң бiр сөзiнен аңғарған-ды. Содан берi бiр жылдың жүзi болса да‚
Қазалыға орнығып алған әскерлер дарияның жайпауыт тұсындағы қолайлы қоныс жерлердi тартып ап‚
там соғудан басқа харекетке көшпей қойды. Ата қонысынан айрылған Қаракесектер мен
Төртқаралардың айтқан арыздарын орыс ұлығы құлағына да қыстырмады. Атты казактар болса
паңайына жақындаған қазақтарды мылтық атып қорқытып‚ елдiң үрейi ұшырып бiттi. Ол аздай‚
кейiнгi кездерi мұздай қаруланған әскерлер атқа мiнiп ап‚ жақын маңдағы қазақ ауылдарын шауып‚
азыққа деп малдарын тартып алып кетудi әдетке айналдырып та жүр. Соны бiлген Әлiмдер кәзiр
Қазалы кезiнен аулақтағы күзеуде отыр.
Бұл мезгiл күз деңдеп ене бастаған кез едi. Мизам әлi ұша қоймаған. Сыр бойының тас төбеден
шақырайып‚ бар нұрын құйып тұрған ыссы күнi дала төсiндегi шөп бiткендi әбден сарғайтып жiберген.
Дала жүдеу‚ ажарсыз. Қыс келе жатқанынан хабар бергендей, терiскейден аздап соғып тұрған ызғырық
кеуiлдi одан әрмен жүдете түседi. Соны жан-тәнiмен сезгендей Елмырза бiр түрлi боп‚ аздап күрсiнiп
қойды. Сосын үстiне киген жеңiл түйе жүн шекпенiнiң далақтап шығып кете берген екi етегiн
тақымына қысты. Ол бүгiн үйден шығарда екi оқты боп‚ мұндай кезде құбылғыш ауа райының күрт
өзгере салатынын ойлап‚ жылы киiмдерiн қоржынның бiр басына салып алған-ды. Оның себебi де бар-
тын. Ол көптен берi өзi бiраздан берi әмпәй боп жүрген Хиуа жағына ат iзiн салмай кеткен едi. Ендi
орыстармен жақындаса бастаған сайын iшкi бiр есеппен‚ өзiнiң Хиуа ханынан бiрден ат құйрығын
шорт кесiп кеткенiн қолай көрмедi. Ол соны ойлап‚ көптен берi Бесқала жақтан келетiн кiрешiлерден
суыртпақтап сөз тартып та жүр. Бiрақ олардың әр түрлi айтқан әңгiмесiнен бұл жарытып хабар-ошар
ала алмай-ақ қойды. Оны азырқанып жүрiп‚ Хиуа жаққа бiр жiгiтiн жiберiп алсам деп оқталып тұрып‚
ақыры сабыр айлағанды хош көрдi. Ендi бiраздан берi сол жаққа осы өзiм барып қайтсам ба деп
ауаланып та жүр.
Олар арада бiр қонып‚ ертесiне зауал ауа Қазалы кезiне жеттi. Биiк төбеден ойға қарай астындағы
атын сары аяңға салып келе жатып‚ Елмырза алға қарай көз жiбердi. Дайраның жиделi тоғайына
бөксесiн тiрей орналасқан бекiнiстiң қарамы едәуiр ұлғайып қапты. Ағаш тақтайдан биiктеу етiп
жасалынған қорғанның төрт бұрышында крналасқан зеңбiрiктердiң мойындары сорайып көрiнедi.
Оның жанында бiрнеше әскер қараңдап жүр.
Елмырза ашылған қақпадан кiрiп‚ Захваткин орналасқан үйге жақындай бергенде‚ iштен мұны
көрiп‚ Тортай шыға келдi. Жас төре сары ала киiмдi қатырып киiнiптi. Оның иығындағы күн сәулесi
түскен эполетi жылтырап‚ жылт-жылт етедi. Ол бұған қарап‚ қос қолын созып:
— Ассалаумағалайкүм‚ — дедi.
— Уағалайкүмассалам‚ — деп Елмырза күле түсiп‚ атының тiзгiнiн тартты. Iшiнен мына төренiң
қазақша сөзiнде құлаққа тосын естiлетiн бiрдеңе барын байқады. Ол атынан түсiп‚ тiзгiнiн Шатайға
ұстата салды да‚ онымен жөн сұрасуға көштi.
Тортай жақында ғана Орынбор жағында болып қайтыпты. Онда бұрынғы губернатор басқа
қызметке ауысып‚ оның орнына Перонскийдiң келiптi.
— Ау‚ оның баяғы... Ақмешiтке... — деп барып‚ сөзiнiң аяғын жұтып, Елмырза iркiле түстi.
— Дәл өзi. — Тортай қоюланып бiткен қара мұртын керi қарай жиыра ыржиды. Бiр сәт жан-жағына
жалтақтап қарап қойып мұның ойын түсiнгенiн көзiмен ұқтырды.
— Сонда... патша ағзам‚ оны баяғы қалетiн жөндесiн деп...
— Елеке‚ жау жоқ деме жер астында деген. — Тортай тағы да жан-жағына жалтақтап қойды.
— Өй‚ бiздiң сөзiмiздi бұл арада кiм түсiнедi? Сен де бiр! — деп, Елмырза кейiстiк бiлдiрiп‚ қолын
бiр сiлтедi.
— Неге? Мына әскерлердiң арасында шоқынған‚ крешөн татарлар көп. Өздерi сары‚ көздерi көк
боп келедi‚ сырт пiшiнi орыстан аумайды. Оларды... әдейi осында әкелгенде...
— Немене? Оларың... жансыз ба? — дедi Елмырза шошынып.
— Ендi... ояғын... — Тортай екi иығын қиқаң еткiзiп‚ кiнәлi кiсiше бiр түрлi боп күлiмсiредi. —
Былайша... оны айтпаса да болады. Айтпақшы‚ мырза‚ сiздi ұлық асыға күтiп отыр. Кәнеки‚ жүрiңiз.
Бiр жылдай тыныққасын ба‚ Захваткиннiң едiрейген мұрты бұрынғыдан едiрейе түскендей екен.
Денесi сәл-пәл толысып‚ жүрiсi салмақты тартқандай. Ол мұның қолын алып‚ пүлiш жапқан креслоға
құрметтеп әкеп отырғызды. Өзi сосын қарсы беттегi креслоға сұлай түстi. Сол арада аяғын мамырлай
басып әйелi Мария Ивановна төргi бөлмеден шыға келдi. Елмырза бұл елдiң үрдiсiн сақтап‚ орнынан
буындары күтiрлей түрегелiп‚ оған қарап басын иген болды. Сол арада кiрпiгi қайқиған‚ бетi бояудан
бiр түрлi боп бозамықтанып тұрған қылықты қатын бұған жақын кеп‚ борықтай ақ саусағын iлгерi
созды. Елмырза оны добалдай қолымен ұстап тұрып‚ әрi қарай не iстеу керек екенiн бiлмей‚ Тортайға
қарады. Тортай сыбырлап:
— Қолынан сүймесеңiз ренжiп қалады‚ — дедi.