50
оның қырғыз ауылдарын бiрiнен соң бiрiн шауып‚ мал-мүлкiн талап‚ сұлу қыздары мен келiншектерiн
кәнизәк қылып жүргенiне төрт-бес айдың жүзi боп та қалды. Әуелгiде бұл қарудан қорыққан ел ертең-
ақ жаздық‚ жаңылдық деп алдыма келедi ғой деп ойлап едi. Бiрақ олай болмай шықты. Елдiң бiр
сыпырасы тау асып‚ әрi қарай Шарқы Түркiстанына ығып кеттi. Ендi бiр парасы дүзге үйренген ат
тұяғы жете қоймайтын биiк таудың бiр қойнауындағы жайлауларына барып жасырынды. Етекте
қалған ел аз. Қайып хан жақын отырған өзбек қышлақтарын шабуға Хұдаяр ханнан қаймықты. Сүйтiп
не әрi‚ не берi бола алмай‚ бiр сарсаң тiршiлiк басталып кеткен едi.
Бiр күнi шолғыншылары Алатаудың бiр шатқалында отырған бай ауылы барлығын байқап қайтты.
Сол екен‚ ұрынарға қара таппай отырған хан жасауылдарына тегiс атқа мiнiңдер деп пәрмен бердi.
Орда маңайында күзетшi ретiнде төлеңгiттердiң бiр тобын ғана қалдырды.
Жол өте қиын екен. Тар шатқалмен жүруге тағасы жоқ аттар үйренбеген. Сәлден соң олардың
тұяқтары сынып‚ шемiршектерi қанап‚ ақсап қалды. Бұл сонда да аттары ақсаған жасауылдарын
топтан тыс қалдырмады. Сөйтiп ұбан-шұбаған қалпы ойға түскенде‚ сылдырап ағып жатқан кiшкене
тау өзенiне кездестi. Сол арада сәл демалып‚ аттарды суарып‚ белкөтерме жасады. Осы арада мұның
қасында келе жатқан Бұхарбай батыр ақшыл жүзi күреңiте түсiп:
— Тақсыр‚ бұлай бара берсек‚ ертең аттардың жарымынан айрыламыз. Сосын... — деп кiдiрдi.
— Иә‚ сосын?
— Жау жоқ деме‚ жар астында деген. Ертеңге не көзiмiз жетiп тұр? Ақ патшаның әскерi мына
шығыс жақтан сау ете қалса‚ ұрысқа жарамды ат таба алмай әлек боламыз ғой.
— Сонда не iстейiк?
— Осы... қолдың жартысын ауылға қайтарсақ. Қалғанымыз да жетемiз.
— Қой‚ ол болмайды. Қырғыздардың не ойлап отырғанын кiм бiлген? — Хан қолын бiр-ақ сiлетдi.
Бұхарбай үндемедi. Батырдың жүзiне бiр түрлi қызғыш рең шауып‚ шытқан қабағы сұстанып‚
ұзаққа дейiн өңiн бермей тұрып алды.
Жол бастаушы жiгiттер тағы да жетiп келдi. Жүздерiнде абыржу iзi бар. Хан оларға қарап:
— Тағы да не боп қалды? — дедi.
— Кешегi ауыл көтерiлiп кетiптi. Оларға сонда кiм хабар берген? — дедi кәрi төлеңгiт дәудiрлей
сөйлеп.
— Оны мен қайдан бiлейiн? — дедi Қайып хан ақырып қап.
Төлеңгiт қорқып кеттi:
— Болмаса... олардың көшетiн жөнi жоқ едi?
Хан мырс еттi. “Жөнi жоқ едi? Әлде мына төлеңгiттiң сөзiнiң жаны бар ма? Осы араларында...
жансыз жүрмесiн?” Хан соңғы кездерi қасына ерген қарашыларына сенбей қарайтын бiр әдет
шығарған едi. Iшiнен: “Кiм бiлiптi? Бағы тая бастаған кезде‚ ханға қандай кiсi ерiп жолдас бола алады?
Ол деген жiгiттiң жiгiтi ғой”‚— деп ойлап қоятын. Осы жолы да ол қасында тұрған кiл ығай мен
сығайға қаһарлана көз салып тұрды да:
— Олар көшкенде... қайда барар дейсiң? Iзiне түселiк‚— дедi.
Қол қайта қозғалды. Тау арасына сiңген сайын жүрiс қиындай түстi. Аттар шаршап‚ болдырып
қалды. Бұның келе жатып байқағаны — құдды бiреу бұлардың келе жатқанын алдын ала ескертiп
отырғандай‚ қырғыз ауылдары сыпырылып көшiп кетедi. Бұлар олардың жұртына ғана кездеседi. Бiр
арада хан жерошақта бықсып жатқан отты байқады. Демек‚ қырғыздар мұның келе жатқанынан
хабардар болып отыр. Әйтпесе мұның қол алып шыққанын қайдан бiледi? Күдiгi қалыңдай түскен хан
бiр арада қоналқа жасауға ұйғарды. Қызметшiлерi жүгiрiп жүрiп‚ мұның үнемi алып жүретiн жорық
үйiн тез тiктi. Хан тамақ iшiп‚ әлденiп алғасын‚ Доғалаққа қарап‚ жырла дегендей иек қағып қалды.
Қызмет жасап дағды алып қалған кәнiгi жырау iркiлген жоқ. Ол домбырасын қағып-қағып жiберiп‚
даусын күңiренте созып‚ бiр айғайлап алды да‚ тайпала жөнелдi.
Доғалақ ұзаққа сiлтедi. Неше түрлi хан мен би‚ бай мен бағланның өткенiн‚ олардың да мына
шолақ дүния пәниден береке таппағанын бiр қыдыру жыр етiп‚ сөзiнiң соңында кенеттен иман ойлау
жайына ауысты.
Хан селт ете қалды. Өңiнде: “Мынаның иманы несi? Мен сүйтетiндей қарып отырған жоқпын ғой?
Әлде басқа бiр пәленi мына сұңғыла сезiп отыр ма?” — деп iштей қобалжыды. Бiрақ жанында
отырғандарға сыр берген жоқ.
Осы кезде iшке кiрген Нақып көзi шатынап тұрып:
— Әй‚ қақбас‚ тоқтат қайдағыны соқпай! Жырау-жырау дегенде бұ нең ертеден сарнап! — деп
ақырып кеп қалды.
Доғалақ сөзiн кiлт үздi. Ол тентек төреге ештеңе дей алмай‚ домбырасын алдына өңгерген қалпы
отырып қалды. Жұрт та самсоз.
Хан сол тиыштықты бұзып:
— Астарыңды әкелiңдер! — деп әмiр еттi.
Тамақ жеп болғасын‚ жүзбасылары өз жiгiттерiне кеттi. Хан ендi жататын ыңғай танытып‚
орнынан тұра бердi.
Ертесiне қол қайтадан жолға шықты. Ендi ұтылап қуа отырып‚ бұлар бүкiл қырғыз ауылын таудың
бiр тар шатқалына әкеп тықты. Алда бiр сойқанның боларын бiлгендей Қайып ханның жүзi жайнап
сала бердi. Қашаннан елдi қылышпен қорқытып қалған хан алда төгiлер қан иiсiн сезгендей бiр түрлi
боп кеттi. Сол арада алдыңғы жақтан бiр шолғыншы жiгiт далақтап шауып келдi. Тағы да бiр жаман
хабар айтар деп хан оған қаһарлана қарады:
— Иә‚ не болды?
— Хан ием‚ сұмдық! — дедi ол аптыға сөйлеп.
— Не сұмдық?