52
— Өкпелесе‚ барсын! Қырғыз өзiмiздiң бауырымыз емес пе едi? Ана тоқсан нәрестенiң суға
лақтырардай не жазығы бар едi? Ондай мейiрiмсiз хан ертең менi мен саған да жақсылық жасай ма?
Оның түнде ұйықтап жатқанымызда жасауылдарына мауызда демесiне кiм кепiл? Есiң бар да‚ елiң тап
деген бұрынғылар! Қалсаң‚ өзiң қала бер! Мен елге қайттым! — деп ендi Бұхарбай кiдiрмедi.
Көптен елi-жұртын сағынып жүрген жiгiттер бiрден шуылдасып сала бердi:
— Батырдiкi дұрыс!
— Қайттық елге!
— Ханға қолшоқпар болғанымыз жетер!
— Ал‚ тарттық!
Олар күнi бойы үдере көшкендей боп жүрiп отырды. Бес жүздей сарбаз күннiң ыси бастағанына
қарамастан, салқа жортып келедi. Бұхарбай арттан қуғыншы шығар деп ойлап‚ сарбаздарын дем
алдырмады. Тек бiрт арада ғана тоқтап‚ ат белiн суытып алысты. Сол жерде ғана батыр өзi артына
мiнгестiрiп келе жатқан қырғыз қызына тесiрейе қарады. Шынында да‚ ол қаса сұлу екен. Батыр оған
тамақ берiп жатып:
— Атың кiм? — дедi.
— Шынар‚ — дедi қыз ұялып‚ әзер дегенде тiл қатып.
— Әке-шешең қайда? — дедi де‚ Бұхарбай тiлiн тiстей қойды.
Шынардың қап-қара көзiнен ыссы жас ытып-ытып шықты. Кейiнгi жаққа қарап:
— Ана жақта... сойып салды ғой‚ — дедi де‚ кенеттен екi иығы дiрiлдеп‚ өксiп қоя бердi.
Батыр не дерiн бiлмедi. Сасқанынан күректей қолының алақанымен қыздың шашынан сипап‚
маңдайынан сүйдi де:
— Бәрi Алланың жазуы ғой. Қой‚ жылама. Мен тұрғанда ендi сенi ежкiм де iренжiтпейдi. Сенi...
өзiм қатын ғып алам‚ — дедi.
Шынар ештеңе демедi.
Сол арада Байқадам жетiп кеп‚ бұлардың мына отырыстарын сөкет көргендей мысқылдап:
— Өй‚ өзiң‚ — деп қалды. — Ал‚ iнiм‚ олжа! Мына олжаңды маған бер!
— Аға‚ бұл тiлегiңдi бере алмайым! Қызға өзiм алам деп айтып қойдым. Батырдың екi айтқаны
өлгенi емес пе? Басқа не сұрасаң да‚ берейiн‚ — дедi Бұхарбай орнынан тез түрегелiп.
— Басқаның керегi жоқ. Менiң мына қызға кеуiлiм ауып қалды‚ — дедi Байқадам қитығып.
— Жоқ‚ аға. Буынсыз жерге пышақ ұрма.
Байқадам кiлт етпе мiнездi кiсi едi. Ол тез арада ренжiп‚ атын қатты тебiнiп қап‚ өз жiгiттерiне
қарай кеттi.
Бұхарбай ендi Шынарды басқа бiр жорғаға мiнгiздi. Олар сол беттерiмен келе жатып‚ Фәрғана
алқабында отырған бiр өзбек қышлағына тап болды. Ол жерде үлкен бiр ұлама молла бар екен.
Байқадамның өзiне қатты өкпелеп кеткенiн бiлiп‚ iштей қауiптенген Бұхарбай әлгi моллаға барып‚
Шынар екеуiнiң некесiн қиғызды. Сосын түнде бiрге жатқасын барып‚ кеуiлiн бiрлеп‚ ендi Байқадам
тиылар деп iштей түйдi. Шынар да бұған тигенiне ырза сықылды. Ендi қалған жол бойы бұған
еркелеп‚ қасынан шықпай қойды. Әуелгiде қырғызшасына шала түсiнген бұл келе-келе оған да тез
көндiгiп алды. Шынар да қазақшаны жылдам үйренетiн ыңғай көрсеттi.
Он шақты күннен кейiн Табын қолы Арыс өзенiнiң аңғарына iлiктi. Сол арада өз жұртына әлденеге
өкпелеген Шағай Табын дейтiн ағайынды екi жiгiт көптен жырақталып бөлiне бердi. Олар ешкiмге
жөн-жосығын айтпастан‚ Алтынемел бойындағы Жалайырларға қарай тартып кеттi.
Түркiстаннан өткеннен кейiн ғана Бұхарбай қалған жолға қам жемедi. Ол баяғы жаңғыз баласын
Созақ бегi қинап өлтiрген Құрбан бидiң ауылына бiр қонып‚ ендi ауанымен жүрiп отырып‚ бес-алты
күнде Сыр бойына да құлады. Келгеннен кейiн Байқадам бұлардың тойына құтты болсын да айтпай‚ өз
ауылына тартып бердi. Оны ескерiп жатқан Бұхарбай болмады. Бар аңсары хаса сұлу Шынарға ауып‚
ауылында тырп етпестен жатып алды...
* * *
Ханның тоқсан бесiктi суға лақтырғанын көрген Доғалақ жыраудың иманы ұшып кеткен едi. Ол
дiндарлығы ұстап‚ тез-тез iшiнен кәлимасын қайырды. Сосын мына қырғынға қарауға шыдай алмай
шеттей бердi. Былай ұзап шыққасын барып қарт жырау: “Қой‚ жөнiмдi таппасам болмас”‚ — деп
түйдi. Сол түнi қырғыз ауылын шапқан хан етекке түсiп‚ өз ордасына келгенде‚ жырау онша жырлай
алмады. “Тамағымды суық шалды”‚ — деп баптанып‚ қатығып отырып алды. Мына ханның ерлiгiн
дабырайта жырлап‚ қисса ғып жүрген жыраудың ендi оны iшiнен айыптап отырғаны былайғы жұртқа
айқын байқалып қалған да едi.
Ертесiне Доғалақ жақын арадағы Дулат ауылдарына барып қайтайын деп атына мiндi. Қасына қара
ертпедi. Қайып мұның түпкi ниетiн бiлгендей сәл ғана салқын жымиды да қойды. Сол арада Доғалақ
атын тебiнiп қап‚ ордадан ұзақ шыға бердi. Кең далаға шыққасын көкiрегi жылып‚ көзiне жас кеп
қалды. Сол арада тоқсан бесiкке бөленген сәбилердiң шырылдаған даусы құлағына кеп‚ шыдамай
еңiреп жылап жiбердi. Оның көкiрегiн бiр ащы зар қысты. Жырау ендi кең даланы жаңғыртып‚
әлдеқандай жырды ағыта бердi‚ ағыта бердi...
Аздан соң Доғалақ хан ордасына қайтып келмей‚ атының басын Қаратауға қарап түзеп те алған едi.
Салқар сахараны жыры мен сазына бөлеп таңғалдырған әйдiк жырау осылайша соқа басы сопайып
жортып кете барды...
* * *
... Қайып хан Доғалақтың қайтып келмесiн бiлген едi. Ол кеткен бойда жасауылын жұмсап‚ ананың
басын алыңдар дегiсi кеп тұрды да‚ кенеттен әлденеге iркiле бердi. Iштей ойы сан-саққа жүгiрiп‚