Стр. 54 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

53
алабұрта отырып: “Мүмкiн, қайтып келер”‚ — деп ойлады. Ақыры қалайда артына жаманат
қалдырғысы келмей‚ бұ жайды бiр айтса‚ айтатын Доғалақ жырау екенiн бiлiп‚ соның көзiн құртпаққа
оқталды. Бiрақ қайтып келер деген үмiтi оның қолын байлай бердi.
Екi күн өткеннен кейiн Доғалақтың қайтып келмегенiн көрiп‚ он шақты жасауылды шақырып ап:
— Жердiң жарығына кiрiп кетсе де табыңдар! Кездескен жерде басын алып‚ осында әкелiңдер! —
деп бұйырды.
Жасауылдар оны жиырма күндей iздеп‚ еш жерден таба алмай қайтып келдi. Доғалақ iз-түзсіз
жоғалыпты. Қайып хан iшiнен қатты қиналды. Ертең-ақ ана тоқсан бесiктiң өз бетiне қара күйе боп
жағылатынын‚ оны Доғалақтың қисса ғып исi алашқа жаятынын бiлiп‚ әлден-ақ еңсесi шөге түстi.
Ол тобыры азайып қалған төлеңгiттерiмен ертесiне басқа бiр жерге аударылып қонды. Онысы ендi
көз алдынан кетпей қойған тоқсан бесiктiң елесiнен құтылу едi. Бiрақ болмады. Жаңа жұртта да сол
сәбилердiң көздерi‚ жүздерi қайта-қайта елестеп‚ көз алдынан кетпей қойды. Ол түнде талай рет
бастырылып‚ айқайлап‚ шошып та оянды. Хан ендi өзiнiң нәубет шағы жақындап қалғанын анық
сезгендей болды. Бiрақ баяғы бiр мойындығына басып‚ iшiнен: “Ер үстiнде туылған ерге ер үстiнде
жүрiп мерт болу жайыз”‚ — деп түйдi. Ол ертеңiне сейiлдегiсi кеп‚ алғаш рет жымиып‚ есiк алдында
тұрған жасауылға:
— Атты әкел! — дедi.
Қайып үзеңгiге аяғын сұға берiп‚ кенеттен тiзесiнiң өз-өзiнен безгек буғандай дiрiлдеп сала
бергенiне iштей таңғалды. Бiрақ жанында тұрған жасауылға сыр бергiсi келмей‚ буын-буыны күтiрлеп‚
ерге шаққа дегенде көтерiлiп қонды. Сосын ол бойын тез жинап ала қойып‚ қасына ерткен он шақты
жасауылымен аң қақпақ боп‚ тау жақты бетке алып кете барды...
21
Олар тау аңғарына кiре бергенде алдан бiр түрлi салқын леп соқты. Жаңа ғана жазық далада келе
жатқанда оңтүстiктiң күнi беттi қарып‚ тұла бойды езiп‚ былжыратып жiберген едi. Ендi Қайып қунақ
тартып сала бердi. Дереу атына қамшы сап‚ топ алдына түсiп‚ жiтi жүрiп отырды.
Жасауылдар құс болады-ау деген дәмелi жердiң бәрiне барып‚ даңғыра қағып көрiп едi‚ қас
қылғанда ештеңе жалп етiп ұша қоймады. Не жүгiрген төрт аяқты аңның бiрi де жоқ. Соны көрiп‚
ханның кеуiлi ауырлап‚ жаңағы сергектiгiнен айрыла бастады. Бұл қайда барса да‚ мұның жолын бiр
қырсық шалып алған болды. Ол қатты күрсiндi. Ат үстiнде ұнжырғасы түсiп‚ салбырап келе жатып‚
алдына селқос көз тастады. Шынында да‚ мұның жолы соңғы жылдардың беделiнде болмай жүр.
Баяғыда ата-бабасы хандық құрып‚ жалпақ елдi сұрап тұрғанда‚ үш арыстың баласы мұның алдынан
кесе-келденең өтетiн бе едi? Қайсысы мұның сөзiн қайт қылатын? Ол кездерi ақ патшамен терезесi тең
кiсiше сөйлесетiн-дi. Ол да мұнымен санасып‚ қазақ даласына керуен екеш керуен жiберер болса да‚
өзiңiз бас-көз болыңыз‚ оң қанатыңызға алыңыз‚ сырт жауға қолды боп кетпесiн деп қоңыраулы
күймесiмен шенеунiгiн жiберiп жатушы едi. Бұл болса‚ екi иығы жезге толған‚ қарны қабақтай‚ маң-
маң аяғын баптап‚ басқан ұлықты өз ордасында отырып‚ қызметшiлерiн жұмсап‚ қарсы алатын едi.
Сүйтiп жүргенде басына кейiнiнен бұ жағдайым өзгередi-ау‚ ақ патша iшке кiрiп алғасын‚ iштен ел-
жұртымды iрiтедi-ау деген ой қаперiне де кiрмейтiн. Жоқ‚ ондай ой бiр рет кiрген. Бiрақ бұл о жолы ақ
патшаның бұ да бiр кiрпияз мiнезi шығар деген де қойған. Терiскей жақты аузына қаратқасын‚ орам
алған ақ патша қазақ даласындағы патшалықтың үрдiсi жөнiнде бiрнеше рет тәртiп шығарғанда‚
мұның iшi кiп алған. Бiрақ ол тәртiптi iштей талқыға сала келе‚ одан өзiне тиер зиян таппай‚ кеуiлi
марғау тартқан. Ақыры сол марғаулығы мұның түбiне жеттi. Қаптаған әскерiн әкеп‚ бекiнiсiн соғып‚
табан тiреп алғасын‚ ақ патша ендi бұған да жүген салуды ойлады. Бұрынғыдай сiз-бiз дегендi қойды.
Оның сөз iләмiнде бұған бұйрық қылатындай ыңғай байқалды. Сол екен‚ бұл алданғанын бiр-ақ бiлдi.
Қап деп бармақ тiстедi. Аурудың алдын алмай‚ асқынып кеткесiн барып‚ қазақ даласына жегi құрттай
боп түскен бiр кеселдi қылыштың жүзiмен сылып тастаймын деп ұран тастап‚ атқа мiндi. Әуелгiде
елаты мұның ұранына қызып желiгiп едi‚ келе-келе ақ патшаның оңайлықпен бұл жерден кете
қоймайтынын бiлiп‚ басқа салғанға баспақшы болып‚ Орта жүздiң көп жұрты мұның паңайынан
сыпырылып шыға келдi. Жаңғыз ол емес‚ арқар ұранды төрелердiң өз iшiнде де алауыздық пайда
болды. Бұрын мұның ата-бабасы тұсында таққа мiне алмай жүрген төрелер ендi ақ патшаның ығын
алып‚ шет-пұшпақтап болса да билiктiң дәмiн татып қалғысы кеп‚ айнып шыға келдi. Көбi балаларын
орыс оқуына берiп‚ иығына шен таққан әкiм қылды. Ақ патша осындай азғақтарды жансыз ретiнде
пайдаланып‚ мына сайын даланың қуыс-қолтығында жатқан жасырын сырдың бәрiн бiлiп те болды.
Әлгi азғақтар иығына таққан шенге‚ екi бұты сидиып шалбар кигенге мәз боп‚ исi Шарқы жұртының
құпиясын жариялап та үлгердi. Соны көрiп‚ бiлiп отырған ақ патша ендi төрелердi кәйтсiн? Ханның
оған не керегi бар? Қазақты жеке дара билеймiн деген кiсiге жарлығына ортақ болар басқа бiреудiң
қажетi қанша? Сол себептi ақ патша мұның iзiне сұғын қадап түсiп алды. Оны талқан қылуға қауқары
жетпегесiн бұл басқа iстейтiн амалы қалмай‚ лажсыздан Сырға қарай ауды. Онда барып та тиыштық
таба алған жоқ. Ендi мiне‚ қырғыз асып жүргенi. Қайып кенет көз алдының тұманданып сала бергенiн
байқады. Бiр түрлi басы айналып сала бергендей. Аздап құсқысы келген сықылды. Қанша қанды көрсе
де‚ әзәлден қан шеңгелдеп туылған ұрпақтан дөреген бұған кiсi өлiмi деген қозыны жәй мауыздай
салғанмен бiрдей боп көрiнетiн. Ендi кеп кешегi жазықсыз сәбилердiң барқыраған дауысы... құлағында
шың-шың етiп тұрып алды. Қанша ұмытайын деп тырысса да болмайды. Әсiресе‚ бiр бетi жалпақтау
нәрестенiң мөлдiреген көзi көз алдынан кетпейдi. Басқа сәбилер барқырай жылап жатқанда‚ бұл үн-
түнсiз‚ көзi мөлдiреп‚ мұның қаһарлы түсiне шошына қарап қалған. Әдетте кiсiнi соярда хан
тұқымдары адамның көзiне қарамайтын. Бұ жолы мұның сол әдеттi бұзып алғаны. Iштей аздап тiксiнiп
қалса да‚ алған бетiнен қайтпай‚ әлгi сәбидi бесiгiмен көтерiп ап‚ төменде сарқырап ағып жатқан тау