Стр. 55 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

54
өзенiне қарай лақтырып кеп жiбердi. Әне‚ бесiк тастан тасқа соғылып‚ бiр-екi аударылып‚ суға барып
шолп еттi. Сонда ғана баланың шар еткен жан даусы шықты. Бесiк суға түсiсiмен‚ құтырынып аққан
асау толқын‚ әлдеқайда төменге қарай ала жөнелдi. Сол арада шырқыраған баланың ащы дауысын ақ
көбiктене аққан мұздай су көмiп сала бердi. Бұл дiр ете түстi. Ендi мiне тағы да тұла бойы дiр ете
қалды. “Апырмай”‚ – деп ол маңдайын қолымен сипады. Қараса‚ маңдайы аздап жiпсиiн дегендей ме
қалай? Бiр қараса‚ нөкерлерi бұған көз сап‚ аңтарылып тұр екен. Хан қысылып‚ атын тебiнiп қап‚
iлгерi жүре бердi.
Олар бiр жерде аттан түсiп демалды. Жасауылдар от жағып‚ шәй қайнатып‚ әлек болды да қалды.
Ал қалғандары аттарды анадай жердегi көгәлға тұсап жiбердi. Хан ендi жерге төселген кiшкене кiлем
үстiнде отырып‚ лаулап жанып жатқан отқа көзiн қыса қарады. Қу тезек шалқи жанып жатыр. Одан бiр
түрлi бұған бала кезден таныс әдемi бiр иiс шығады. Баяғыда күзде‚ әкесiнiң шекпенiн жамылып
бүрсиiп шешесiнiң қасында отырған кезiнде де осы иiс дәл осындай едi. Бiр де өзгермептi! Тек қана
бұл өзгерген! Сонда... со кезде өзiн бiреу бесiгiмен дайраға лақтырса не болар едi? Обал емес пе? Оба-
а-л? Ол дiр ете түстi. Обал? Сонда бұл обал жасаған ба? Ау‚ бұл деген ақ патшамен соғысам дегенiне
көнбей‚ қол жимағаны үшiн қырғыздарды жазалғысы келiп iстеген жоқ па? Бiрақ оған баланың не
жазығы бар? Бибiт жатқан ауылдарды шаба берген өзi емес пе? Қаншама жазықсыз кiсi қаза тапты?
Қаншама ел бүлiнiп‚ ата-бабасы баяғы замандардан бермен қарай жайлап келе жатқан ата қонысынан
астынан су шыққандай түрiле көштi? Ертең ана дүнияға барған кезiнде‚ қыл көпiрден өтерде‚ осы
күнәсiн кiм кешiредi? Ақтың жүзiн бұл қайтып көредi? Мәңкiр‚ Нүңкiр дейтiн екi перiште ертең
мұның бүткiл тiрлiгiнде iстеген қылуасын жазып отырған дәптерiн алға жаймай ма? Сонда бұл не деп
дәлел айта алады? Ақтың досты Мұстафаның дидарын қалай көре алады? Ондағы перiштелер еш
күнәсi жоқ перiштелердi суға лақтырғанын кеше қояр ма екен? Апырмай‚ ә? Ол күңгiрт тартып сала
берген санасында бiр сәуле жылт ете қалғандай боп аз-кем көзiн жұмып отырды. Сәлден соң қап-
қараңғы боп сала берген көз алдында бiр қызғыш‚ сары дөңгелек ұшқындар ойнады да‚ iзiнше зымзия
жоғалып кете барды. Содан соң көз алды көрдей қараңғы тартты. Ертеңгi баратын орның осы дегендей
өзi мүлдем сұп-суық! Хан шошып‚ көзiн ашып алды. Қараса‚ жасауылдар дастархан жайып жатыр
екен.
Ол асты ықылассыз iштi. Бiр рет туралған қазыдан дәм татты да қойды. Бұл алмағасын‚
жасауылдар да батпай iркiле бердi. Дәл осы кезде мұның құлағына бiр түрлi ызың естiлгендей болды.
Сол ызың күшейе келе жорық сарынына ұқсаған бiрдеме сияқты болып кеттi. Сүйткенше болмады‚ бiр
жасауыл:
— Ойбай‚ қырғыздар келiп қалды! — деп айқайлап жiбердi.
Хан сонда ғана басын көтерiп алды. Дүбiр шыққан жаққа жалт етiп қараса‚ ертеден бұларды
сырттарынан бақылап жүрсе керек‚ ең бiр жайбарақат тартқан кезiнде тұтқиылдан бас салуды ойлаған
қырғыздар берi қарай құйғытып келе жатыр. Шамасы бес жүзге жуық. Қолдарындағы найзалары
шошайып‚ қылыштарының жүзi күн сәулесiне шағылысып‚ қаһарлана жарқылдап келедi. Хан жаңағы
бiр қолайсыз ойдан тез арылып‚ жасауылдарына қарап:
— Атты әкел! — деп айқайлады.
Жасауылдар онсыз да анадай жерде жайылып жүрген аттарына қарай далбалақтап жүгiрiп бара
жатқан едi. Қырғыздардың бiр тобы осыны байқап қалса керек‚ дереу жайылып жүрген ат жаққа қарай
құйғыта жөнелдi. Олар жайылып жүрген аттарға жаяулардан гөрi бұрынырақ жеттi. Келген бойда сарт
та сұрт болды да қалды. Қара жаяу қалған жасауылдар аттылы қырғыздардың тегеурiнiне шыдай
алмай‚ керi шегiнiп‚ еш қайрат көрсетпестен‚ ұйлығыса түстi. Олардың бiр-екеуiн қырғыздар найзамен
түйреп те тастады. Сол арада мұның жасауылдарының бiр-екеуi аттарына мiнiп те үлгерген едi. Ендi
олар ешкiмге қайрылмай‚ әлдене деп боқтасып‚ бет ашыққа қарай қаша жөнелдi. Оларды қырғыздар
iздерiнен қуа жөнелдi.
Соны көрiп тұрған Қайып хан қап-қара боп кеттi:
— Әй‚ иттер-ай!
Оны кiмге айтқаны белгiсiз. Әшейiнде ана жасауылдар аттарын бұған кесе-көлденең тартып
жылмаңдап болар едi. Ендi, мiне, олар бас сауғалап қашып бара жатыр!
Сол арада аттарына мiнiп үлгермеген жасауылдар найзаларымен қорғанып‚ керi жүгiрiп кеп‚
мұның жанына топтаса бастады. Бәрi де ханды айнала қоршап қап‚ өлмей берiспеймiз дегендей
қатуланып алған. Хан қолына екi жүздi қанжарын ұстап тұрып‚ аздап мырс еткендей болды. Iшiнен:
“Бұ да құданың бұйрығы шығар”‚ — дедi. Ендi аттылармен жаяу арпалысып көрелiк!
Сол арада қырғыздар ұрандаған қалпы бұлар тұрған жерге жетiп те келген едi. Келген бойда бiр
қырғыз жiгiтi бұған қарай айбалтасын сiлтеп кеп қалды. Хан ерiксiз бұқты. Сол арада айбалта мұның
алдына қарай қарағай сапты ұзын найзасын тоса берген жасауылға тайып тиiп‚ оның оң құлағын
түбiнен кесiп түстi. Лезде қан-қан болған жасауыл қатты бақырып жiбердi. Екiншi рет сiлтеген айбалта
оның дулығасына шақ етiп тидi. Сол екен қатты соққыдан басы айналып кеткен жасауыл‚ мұның
жеңiне жармасқан қалпы құлай бердi.
Бұ кезде қырғыздар жан-жақтан қамап алып‚ бiр сойқанды бастап та жiберген едi. Жасауылдар көп
кiсiге ештеңе iстей алмады. Бәрi де тұтқын болса да‚ болмаса да өлетiнiн сезгендей‚ арыстанша
арпалысып жатыр. Әне‚ мұның бас жасауылы бiр месқарын қырғызды қара саннан найзамен түйреп‚
ат үстiнен аударып түсiрдi де‚ найзасын қайтадан суырып ап‚ екiншiсiне қарай ұмтылды. Қалған
жасауылдар да қырғыздарды найзаларымен түйреп‚ қылыштарын бастарынан аса көтере‚ жалаңдатып‚
боқтасып‚ шайқасып жатыр. Бiрақ қырғыздар көптiгiн iстедi. Аздан соң жасауылдардың бәрiн жусатып
салды. Әсiресе‚ ұзын ырғай сапты айбалталар шыдатпады‚ олар тиген жерiн шауып түсiрiп‚
арпалысқан жасауылдарды қызыл қанға бояды да тастады. Қолы‚ мұрны‚ басы кесiлген жасауылдар
жерде қансырап құлап жатыр. Бұл болса сол ортада не iстерiн бiлмей дағдара қарап тұр. Бiр қызығы‚
қырғыздар бұған тиген жоқ. Не балта сiлтеген жоқ. Қанжарын оңтайлай ұстап‚ бұл бәрiне қаһарлана