Стр. 56 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

55
қарап тұр. Мiне‚ соңғы жасауыл да құлап барады. Дәл осы кезде мұның сыртын айнала берген бiр
қырғыз бұғалықты дәл лақтырып‚ қылша мойнына дәл түсiрдi де‚ атын тебiнiп қап‚ тарта жөнелдi. Бұл
тамағына қыл арқанның тақалғанын сезiп‚ одан шап берiп ұстай ап‚ оны қанжарымен кескiлей бердi.
Бiрақ қыл арқан бiрден кесiле қоймады. Қанжарын жан дәрмен деп изелеп жатқанында... бiрдеңе дың
ете қалғандай болды. Құлақ шекеден тиген ауыр бiрдемеден соң мұның көз алды қарауытып сала
бердi. Сол екен аспан жерге қарай құлап бара жатқандай боп көрiндi. Одан әр жағындағысы есiнде
қалмапты. У-шу‚ боқтасқан кiсiлердiң дауысы‚ әлдекiмдердiң үстiне мiнiп ап‚ былш-былш ұрып
жатқаны‚ бiреулердiң қайта-қайта тепкiлегенi санасында көрген түстей бiрдеме‚ алабажақ. Ол бiрде
есiн жиса‚ киiз үстiнде жатыр екен. Қол-аяғы байлаулы. Басына қорғасын құйып тастағандай ап-ауыр!
Ол қол-аяғын қозғалтып көрiп едi‚ сүйегi аман екен. Соған iштей қуанды. Сол арада қырғыздардың
өзара сөйлесiп отырғанын байқады. Олардың дауыстары түу алыстан жеткендей бiр түрлi күңгiрлеп‚
талып‚ үзiк-үзiк боп естiледi.
— Менiңше‚ мұны тез өлтiрiп‚ басын ақ патшаға жiберу керек‚ — дейдi бiр қырғыз.
Екiншiсi манабы болса керек‚ даусы байсалды‚ тамағын кенеп:
— Жарайды‚ сүйтейiк. Бiрақ мұның артында iнiсi бар емес пе? Ертең ол қалың қолмен кеп‚
бәрiмiздi түгелдей қырып кетер‚ — дейдi.
— О да мүмкiн‚ — дейдi үшiншi бiр қартаңдау кiсi.
— Сонда... не қыламыз?
Олардың дауысы ендi бұған анық естiлмей кеттi. Бұл ақ патшаның өз басы үшiн пәленбай мың
алтын‚ күмiс тiккенiн баяғыдан бiлетiн. Ендi сол қырғыз ағайынға бұйырса‚ Алла iсiне не жорық?
Әлгiлердiң сөздерi шамалыдан соң қайта естiлдi:
— Менiңше‚ осы берген азабымыз да жетедi. Қанша дегенмен арқар ұранды төре тұқымы едi ғой‚
босатып жiберейiк. Құдай сазасын берсiн дейiк. Босатардың алдында ендi бiздi шаппаймыз деген
антын алайық.
— Өй‚ ол болбойд‚ — дедi жастау бiр қырғыз. — Бұларды қой‚ иә дейдi де‚ артынан антынан
айнып шыға келедi. Одан да босатар болсақ‚ айылды түгелiмен Шарқы Түркiстан жаққа өткiзiп
болғасын барып босатайық.
— Бұ да жөн сөз.
— Сүйтсек‚ сүйтейiк. — Қырғыздардың манабы осы арада аз-кем тоқталды. — Осы арада маған
бiр ой түсiп отыр. Осы қызды жау да алады ғой. Қанша дегенмен мынау Абылайдың тұқымы емес пе?
Осыдан тұқым алып қалсақ қайтедi‚ а?
— Тұқым дейсiз бе?
— Иә.
— О да жөн.
— Шынында да мынау дұрыс әңгiме ғой...
Кiсiлердiң дауысы тағы да естiлмей кеттi. Аздан кейiн бұл қайтадан есiн жиды. Екi жiгiт кеп мұның
қол-аяғын шештi. Бiр тәуiп кiсi үстi-басын қарап‚ әлдеқандай шөптен жасалған дәрi iшкiздi. Сол екен‚
бiр түрлi мұның асқа тәбетi шапқандай болды. Хан ендi бойын тiктеп отырды да‚ сол арада бiр әйел
әкелген қымызды құмарта iштi. Сосын киiз үстiнде малдас құрып отырып‚ тұла бойындағы жарақатын
ауырсынып қойды. Ендi есiн жиып‚ қалпына келе бастаған кезде‚ өзiнiң ақ үйде жатқанын‚ сыртта
қырғыз жiгiттерiнiң күштi күзет қойып‚ мұнан көзiн алмай бағып отырғанын байқады. Сол арада
бағана зiлбатпандай боп отырған басы қайтадан ауыра бастады. Соны байқаса керек‚ жасы
алпыстардан асып қалған‚ сақалын дөңгелектеп қойған‚ бет-әлпетi өзбектерге ұқсайтын тәуiп қайтадан
бұған дәрi iшкiздi. Сүйттi де мұны жылы орап жатқызып тастады.
Ертесiне бұл бiр түрлi қунақ тартып оянды. Әлдеқандай жағылған майдан жарақаты бұрынғыдай
ауырмайтындай болыпты. Тәуiп мұның тамырын ұстап‚ ұзақ отырды да‚ өзiнше күбiрлей сөйлеп‚ тағы
да бiр дәрi iшкiздi. Бұ жолғысы ащылау екен. Iшке түскен соң ол бiрден өзегiн өртеп сала бердi. Тез
арада маңдайынан қара тер бұрқ ете қалғандай болды. Аздан соң тәбетi ашылып қырғыздардың
нарынын құмарта жедi де‚ артынан екi тостаған қымыз iштi. Сөйтiп жағын ел қонғасын‚ ханның бойы
ауырлап‚ көзi кiлгiрiп сала бердi.
Екi-үш күннен кейiн хан қалпына келгендей болды. Мұнымен қырғыздардың басшысы —
әнеукүнгi манап бетпе-бет келiп сөйлескен жоқ. Шамасы өзiнiң түрiн көрсеткiсi келмейтiндей. Бүгiн
олардың мұны әдеттен тыс қатты күтiп‚ сыйлағанына қарап‚ хан ендi маңызды бiрдеменiң боларын
iштей сездi.
Шынында да‚ солай болды. Түнде бұл жатқан ордаға екi қырғыз жiгiт қол-аяғы түзу‚ денелi‚
дөңгелек жүздi‚ ақша беттi бiр қызды әкелдi. Бұл оған зер сала қарап едi‚ — ақ сазанша бұлтылдап‚
ойнақтап тұрған ажарлы қыздың екi көзi танадай жарқырап тұр екен! Сол арада мұның бiр байқағаны
— тау жайлаған қырғыздарддың қыздарының iшiнде әппақ‚ сұлулары көп болады екен. Олардың екi
беттерi наурыздың ақша қарындай үлбiреп тұрады. Осы арада әлгi қызды көрген мұның бiр сәтте тұла
бойын нәпсi қуып‚ кеуiлi ерiп сала бергендей болды. Екi қырғыз жiгiтi қызды мұның төсегiне әкеп
жақындатып отырғызды да‚ бiреуi бұған қарап:
— Бiздiң байекең сiзге мына қызды алсын‚ қырғызға күйеу бала болып‚ бiзге екiншiгәрi тимесiн
дедi. Сол үшiн мына қызды қойныңа салып тұрмыз. Қалғанын өзiңiз көрiңiз‚ — дедi. Сүйттi де ол
екiншi жiгiттi ертiп‚ тас шамдалды сөндiрiп‚ сыртқа шығып кеттi. Сосын есiктi сыртынан қаттырақ
етiп жапты.
Хан қыздың қысылып отырғанын байқады. Кенеттен бойын буған нәпсiге шыдай алмай‚ хан
қыздың қолына шап берiп‚ ақ бiлегiн қаттырақ қысып‚ оны өзiне қарай тартты. Елiктiң ылағынша
үркектеп тұрды да‚ сәлден соң мұның ып-ыссы қойнына кiре бердi. Сол арада хан селк ете қалды.
Қырғыздардың кеше тұқым алып қалайық деген сөздерi есiне түстi. Сол екен‚ ол кенет жанына
жақындай берген қызды әрi итерiп жiберiп‚ сыртқа қарай айқай салды: