Стр. 57 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

56
— Мына қаншықтарыңды алып кетiңдер! Мен қырғыздарға тұқым бермеймiн!
* * *
Екi жасауыл қоршаудан шаққа қашып шығып жеткен бойда Нақып бiрден атқа қонған едi. Бұл
жетем дегенше қырғыздар iзiн жасырып та үлгерiптi. Бұл қасына әлгi екi жасауылды ғана ертiп
шыққан едi. Қолына найзасын ғана ұстап үлгерген. Ол көзiне қан толып‚ көп аттының iзiмен жүрдi де
отырды. Нақып бiр арада тар шатқалға кездесiп‚ ат iзi жоғалып‚ аңтарылып тұрып қалды. Содан олар
бiраз сандалды. Олардың шарламаған жерi‚ iз кеспеген тұсы қалмады. Ақыры олар шақа дегенде бiр
топ аттының iзiн тапты. Олар бiр жерде сумен өрлесе керек‚ тағы да iздерiн жоғалтты. Сол арада түн
болды. Нақып сол арада бiр жасауылын ордаға барып‚ әскер жина деп жiбердi де‚ жолдасы екеуi бiр
қарағайдың түбiне қонды. Түн салқын екен. Қатты жаурап‚ тiстерi тiстерiне тимей сақылдап кеттi. Таң
ата олар кiшкене өзендi өрлеп‚ әлгi iзге қайта кездестi. Сонымен жүрiп келе жатып‚ тағы да шатасып‚
түн болғасын‚ тау арасында екiншi күнi және қонды. Үшiншi күнi барып‚ әлгi iздерiнiң жайлауға қарай
беттегенiн байқады. Түс ауа iзбен жүрiп отырып‚ баяғы Қайып жатқан ауылға да келген едi.
Кейiнгiлердi күтейiк деген жасауылының сөзiн Нақып тыңдамады. Шынында да‚ олар бұ жаққа жол
тауып келе алмайды. Олар жетем дегенше қырғыздардың басқа жаққа тайып тұруы да мүмкiн. Онан да
не болса да‚ жауменен жеке шайқасып көргенi жөн! Осы алас-қапаста басына сарт етiп түсе қалған ой
қамшы боп‚ мұның арт жағының неге ұрындырарын ойлапта жатпастан‚ сол арада Нақып найзасын
бiлеп‚ ұран тастап‚ жабындыдан шауып шыға келдi. Мұны көрген қатын-қалаш бажылдап‚ тым-
тырақай қаша жөнелдi. Ол жеткен бойда қарсы шыққан бiр-екi жiгiттi қызыласықтан найзамен түйреп
тастай сап‚ шамасы дәу де болса осы үйде ғой деп‚ ақ үзiктi отауға келдi де‚ найзамен шаңырағын
түйрептұрып‚ айғай салды:
— Ағамды босатыңдар! Ағамды босатыңдар!
Қырғыздар осы кезде мына шаруаның арт жағын ойлап‚ Қайыпты босатамыз ба кәйтемiз деп
кеңесiп отырған едi. Мына дауысты естiгенде бойда ер мiнездi жiгiттер сыртқа қарай тұра-тұра
ұмтылысты. Сыртқа шыға бере олар Нақыптың жаңғыз екенiн көрiп: “Е‚ мұны аранға құдайдың өзi
айдап әкелдi”‚ — деп‚ барлығы оны жан-жағынан қамалады. Нақып атының басын бұрамын дегенше‚
қайратты қырғыз жiгiттерi жетiп кеп‚ қанжармен атының тартпасын кесiп те үлгерген едi. Шошыған ат
жалт бердi. Сол кезде Нақып ер үстiнен ауып құлай бердi. Қырғыздар бас салып‚ дем арасында оның
қол-аяғын байлап тастады. Мұны тепкiлеп‚ сабап‚ Қайыптың қасына әкелдi. Нақып ағасының да қол-
аяғы байлаулы екенiн көрiп‚ алғаш рет еңкiлдеп жылап жiбердi...
* * *
Қырғыздар қысқа ғана кеңестi. Ақсақалдар қанға қан‚ жанға жан дестi. Күн батып бара жатқан
кезде олар Қайып пен Нақыпты сыртқа сүйрелеп шығарды да екеуiн анадай жерге апарып‚ бiр-бiр
ұрып‚ жерге жалп еткiздi. Қайып хан өлшеулi демiнiң бiтуге тақалғанын сезiп‚ қап-қара боп тұрып‚
iнiсiне қарап:
— Қарағым‚ кiнәм болса кеш! Ана дүнияда кездесуге жазсын‚ — дедi. Оның көзiнде бiр түйiр де
жас жоқ едi. Осы кезде Қайып бетiнен қаны қаша‚бұрланып болар iске болаттай боп‚ аққа мойнын
ұсынып алған да екен.
Ортада тұрған семiз денелi‚ сирек мұртты манапқа бiр қартаң кiсi тақап кеп:
— Иманын үйiрсiн де. Мұсылман баласы ғой‚ — дедi.
— Бұларда иман бар ма? Иманы бар кiсi тоқсан бесiктi суға лақтыра ма? Шалыңдар! — деп әлгi
манап қаһарлана қолын сiлтеп кеп қалды.
Жалаңдап тұрған екi жiгiт жетiп кеп‚ Қайыпты астарына бүгерлеп‚ басын құбылаға қаратып тұрып‚
өткiр қанжармен тамағын орып кеп жiбердi. Қарақошқыл қан бұрқ ете түстi. Қайып тыпырлап
бұлқынып едi‚ қасап жiгiттер оны тырп еткiзбедi. Сол арада қол-аяғы байлаулы жатқан Нақып
ағасының сiңiрi созылып‚ денесiнiң дiр-дiр етiп жатқанын көрiп‚ шыдай алмады‚ тез бетiн әрi бұрып
әкеттi. Содан кейiн барып қараса‚ екi жiгiт Қайыптың басын кесiп ап‚ манаптың аяғына қарай
лақтырып тастаған екен. Нақып кәзiр өзiнiң де басына осы хал түсетiнiн бiлiп‚ қанын сұралана iшiне
тартып ала қойды.
Екi жiгiт мұны да тез арада мауыздап тастады.
Сол күнi қырғыздар екi мүрденi тау арасына жерледi де‚ арнайы шабар шығарып‚ Қайып пен
Нақыптың кесiлген бастарын қоржынның екi басына сап‚ уәделi сыйлықтарын алмақ боп‚ жiгiттерiн
Петерборға шұғыл түрде аттандырып жiбердi...
22
Қазалы төңiрегiнде қыс нышаны бiлiне бастаса да‚ бекiнiстегi гарнизонның әбiгерi жуық арада
бiтпей қойды. Қашаннан темiрдей әскери тәртiпке үйренiп қалған педант‚ пысықай Захваткин құлқын
сәрiден тұрып ап‚ әскерге ағаштан соғылған диуалдың жан-жағын айнадай ғып тазалатты. Содан соң
өңешi сыртқа қарап‚ аузы қарсақтың iнiнше үңiрейiп тұрған зеңбiректердiң мойынын ыстырып‚
жарқыратып қойдырды. Ол бұрын әскерлердiң үстi-бастарына онша қарамайтын едi‚ ендi оларға
қоймадағы бар жаңа киiмдердi үлестiрiп бергiздi. Сосын атты казактарға аттарыңның қоңы
жығылмасын деп қатты тапсырды.
Оның бұл әлегiнiң сыры бар едi. Орынбордың губернаторы боп тағайындалған Перонский жақын
арада осы Райым мен Қазалы фортын өз көзiмен көрiп қайтпақшы едi. Оның қашан келiп қалатынын