57
бұл анық бiлмейдi. Сосын қашанғы пысықтығына басып‚ қапы қалмайын деп‚ алдын ала дайындық
жасап жатқан болатын. Бұл әрi осы маңайдағы қазақтардың әтеберлi деген‚ ел билiгiн уыстарында
ұстап тұрған кiсiлерiне тездеп келiңдер деп шабар жiберiп те қойған-ды. Онда да Ережеппен
ақылдасқан. Ережеп түсiн бермей‚ сәл қиналған боп‚ қабағын шытып тұрып‚ келетiн кiсiлердiң тiзiмiн
айтқан. Олардың арасында Жәнiбек жоқ едi. Захваткин мына молланың өз уысынан жырылып қала
бергенiн онша қош көрмеген. Әрi оны Ережептiң ұнатпайтынын‚ араларында бiрдеме барын бiлетiн.
Сол күдiгiн тағы да бiр сынап байқайын деп:
— Ана Жәнiбек сардарды да шақырайық‚ — деп қалды.
Ережеп бiрден қабағын шытып:
— Шақырып бекер әуре боласыз. Ол бәрi бiр келмейдi‚ — дедi.
— Неге?
— Үйткенi... ол Хиуаның адамы...
— Бiр кезде Хиуаға қызмет еткен... сiз де... — Захваткин мұртынан күлдi.
Ережеп ыңғайсызданып‚ тез арада қызарып сала бердi. Ақырында сол қызаруы қара күреңiткен
бiрдемеге барып ұласты:
— Ол ендi... кезiнде... — Ол бiрдеме деп мiңгiр етiп‚ сөзiнiң аяғын жұтып қойды.
— Жарайды‚ оны кезiнде көрермiз‚ — деп Захваткин зәрлене жымиды да‚ оған шақыратын
кiсiлердiң бiреуiн қалдырма деп қатты тапсырды.
Мiне‚ соған да екi-үш күн боп қалды. Кешелерi Орынбордан келген шабарманнан бұл
Перонскийдiң жолға шыққалы дайындалып жатқанын естiген. Соның қарсаңында бұл қазақтардың
ажарлы деген кiсiлерiнiң бекiнiсте боп‚ губернаторды күтiп алғанын хош көрдi де тұрды. Сол оймен
бүгiн Ережептi тездетiп шақырып алды да‚ келетiн кiсiлердi әкел деп тапсырды. Және де сый-сияпат
жағын ұмытпаңдар дедi.
Ертесiне бекiнiске Қызылға қарай көшiп бара жатқан ауылдардың ақсақалдары жинала бастады.
Араларында Тоғанақ‚ Елмырза‚ Дүзбай‚ Тайпан‚ Қаракесек Ақтан‚ Раманқұл‚ Байбосын‚ Тәбекен‚
Әбдiрмандар бар. Ережеп оларға жақсылап тапсырса керек‚ көбi ұлыққа деп мал айдап әкелiптi.
“Қазақта бұдан басқа не болсын?” — деп ойланып тұрып‚ Захваткин сырын сыртқа жаймай‚ оларды
жақсылап қарсы алды. Мұның алдында ол жақын маңдағы Шектi ауылдарынан жалға деп алған он
шақты киiз үйдi тiктiрiп те тастаған едi. Оларға қазақ жiгiттерi мен келiншектерiн күтушi ретiнде
қойдырған. Ендi қу Захваткин құрметтi меймандарын сол үйлерге түсiрiп‚ қымыз әкелдiрiп‚ аңқау
қазақтарды мәз-мәйрам қылды да тастады. Мұндай болады деп өмiрi ойламаған қазақтар мынадай сый-
сияпатты көрген бойда ауыздарын ашып қалды да‚ iзiнше бiр-бiрiмен жаласа сөйлесiп дәудiрлестi де
қалды:
— Өй‚ мынауың қазақ сықылды ғой!
— Арақтан аузы кеппейтiн неме қымыз да iшедi екен-ау!
— Ойбай‚ үндеме‚ бұл иттiң төбесi тесiк боп келе жатыр‚ сөзiмiздi түсiнiп қалар.
— Әй‚ ол не түсiнiп қарық қылар дейсiң!
— Бала‚ байқа! Осының ымпыл-жымпылы көбейiп кеттi. Мынаның арты ауыр боп жүрмесiн.
— О да мүмкiн.
Сол арада iшке:
— Не мүмкiн‚ — деп Тиышбек кiрiп келдi. Ол келген бойда Тоғанақтан бастап бәрiнiң қолын алып
шықты да: — Ау‚ кiлең жақсылар жиналып ап‚ бiздi ұмытқандарың қалай? Немене мен ұлықтың
қолынан алмастай елдiң азы мен тозы ма едiм? — деп төменгi жақтағы бiр жерге жалп етiп отыра
кеттi.
Тоғанақ ыңғайсызданып:
— Оны... ана Ережептен сұра. Бiздi шақырған сол‚ — дедi.
Батырдың ойында бiр жағынан өзiнiң осы келiсiн ақтау да жоқ емес едi.
— Не дейдi? — Тиышбек көзiн бағжаң еткiздi. — Мен оны бiрге тумаса да‚ бауырымнан артық
көрiп жүрушi ем. Талай рет қызметiн шектiк дегендей... Бұ несi‚ әй‚ оның менi қатардан қалдырып? —
Ол сосын қымыз құйып отырған келiншекке қарады: — Әй‚ қатын‚ тiлiм таңдайыма жабысып қалды‚
қымызыңнан құй!
Қымыз құйылған тостағанды басына бiр көтердi де‚ Тиышбек аузын қолымен сүртiп‚ таңдайын
қақты:
— Нағыз сары қымыз екен! Тағы бiреуiн құя қойшы! Ендi бiраз күннен соң бұ жарықтық та көзден
бiр-бiр ұшады ғой!
— Е‚ онда iшiп ал‚ — дедi Әбдiраман мұртынан күлiп. Ол iшiнен мына келiстерiнiң тегiн еместiгiн
сезген-дi. Ережеп хабар салғаннан кейiн‚ бұл ақ патшаның ендi орам алғаны алған-ау‚ соның ау-жайын
байқайын деген-дi. Сол күнi өз ауылын Қызылдың iшiне‚ онда да Боқан тауына қарай көшiрiп жiберiп‚
өзi соқа басы келген.
— Е‚ iшсе несi бар? — Тиышбек қоқиланып қойды. Сосын Әбдiраманға есемдi жiбермейiн деп: —
Әбеке‚ сiздiң ауылға бармағалы да бiраз болды. Ел-жұрт аман ба? — дедi.
— Аманшылық. — Әбдiраман оған құлықсыз жауап бердi.
— Баяғы жерде отсыздар ма?
— Е‚ отырмай‚ қайда барамыз.
— Онда дұрыс екен. Сояқтағы құдамда бiр шаруам бар едi. Бiрге қайтатын болдық.
Әбдiраман кiрпiшешенше жиырылды.
Тиышбек оған қарап жатқан жоқ‚ iзiнше:
— Ау‚ ағайын‚ мына жаңалықты есiттiңдер ме? — деп көзiн тағы да бағжаң еткiздi.
Мына қыдырауықтың естiмейтiн әңгiмесi жер асында екенiн бiлетiн жұрт оған күле қарады: