58
— О не соншалық? — деп кейбiреуi жайбарақат отыр едi‚ Тиышбек жаман тарғыл дауысымен барқ
етiп:
— Абылайдан қалған жаңғыз тұқым едi. Оның ақ дiңгегi құлады‚ ала тауы сұлады‚ ойбай‚— дедi.
Жұрт шошып қалды:
— Әй‚ сен не деп отсың осы‚ а?
— Оның кiм?
— Өй‚ дұрыстап айтшы!
— Ойбай‚ айтатын iждемесi жоқ‚ ана Қайып пен Нақып сұлтандар бар емес пе? Соларды
қырғыздар өлтiрiп‚ бастарын ақ патшаға жiберiптi‚ — деп Тиышбек қойып кеп қалды.
— Астапыралла‚ не дейдi? — деп Тоғанақ қисайып жатқан жерiнен қалай басын көтерiп алғанын
байқамай да қалды.
— Шынымен рас па? — дедi Жаманқұл сұп-сұр боп.
— Рас болмай немене менi өтiрiк айтады дейсiң бе? — деп Тиышбек шақ ете қалды.
— Рас болса‚ мынау... сұмдық екен!
— Пақырлар иманды болсын! — деп сол арада Дүзбай қысқа ғана дұға оқып‚ қолымен бетiн
сипады.
Елмырза бұ хабарды бұрынырақ естiсе де‚ үндемей отырған едi. Ендi басын көтерiп:
— Тиышбектiң айтуында қалет жоқ. Бәрi ырас‚ — дедi.
Жұрт жағаларын ұстады. Тиышбек бұларды одан әрмен шошытқысы келгендей‚ көзiн бақырайта
түсiп:
— Өй‚ аңқаулар‚ осы өздерiңнiң мұнда неге келiп отырғандарыңды бiлесiңдер ме? — дедi.
— Иә‚ неге? Бiлсең өзiң айта қойшы? — дедi Байбосын көзiн қулана қысып.
— Сендер ана Перонскийдi қарсылап отырмыз дейсiңдер ғой. Атасының басы‚— дедi Тиышбек
даусын көтере сөйлеп. — Ол күбiрнәтiр мына Ырғыз‚ Торғай жақтағы елге Қайып пен Нақыптың
басын ағашқа iлiп‚ көрсетiп келе жатқан көрiнедi. “Мiне‚ сендердiң сенген хандарың өлдi. Ендi ақ
патшаға ың-шыңсыз берiлiңдер”‚ — деп жүр дейдi. Оның мұнда келатқан сәбәбы да осы. Ертең сол
ханның басын мына алдарыңа әкеп тастайды.
— Қойшы‚ әй! Сұбханалла! — деп аңқау Дүзбай жаман шошып қалды.
Тоғанақ сенбей:
— Өй‚ сен де бiр‚ — дедi.
— Мұның қылаудай өтiрiгi жоқ. Нанбасаңдар‚ көресiңдер! — деп Тиышбек орнынан дереу тұра
бердi. — Ойбай‚ сегiзкөзiм-ай‚ сәл салқын тисе болды‚ сырқырап қоя бередi. Мынау иттердiң
қазандарына тас түсiп кеткен бе өзi? Қой сояққа өзiм барып‚ қайтпасам болмас. Өзi... бұлардын
тамақтары жуық арада пiсетiн емес қой‚ — деп‚ ол аяғын сүйрете басып‚ сыртқа шығып кеттi.
Жұрт үнсiз. Үй iшiнде қолайсыз бiр тыныштық орнаған. Сол арада осы қолайсыздықты бұзып‚
iшке Ережеп асып-сасып кiрiп келдi:
— Ойбай‚ күбiрнәтiр келiп қалды! Ұлық далаға тез шықсын деп атыр!
Тоғанақ кiрпiкшешенше жиырылды:
— Ау‚ сыртқа шығып не iстеймiз?
— Нәке‚ осы жолы сол ұлықтың-ақ айтқаны болсыншы. Шық десе‚ шыға салайық. Одан бiздiң
iждемемiз кете қоймас‚ — дедi Ережеп жалынғандай боп.
Тоғанақ орнынан тұра бердi. Оны көрген басқа жұрт та жыпырласа түрегелiп‚ сыртқа қарай
шықты.
Күн әжептәуiр көтерiлiп қалғасын ба‚ ауа аздап жылиын деген екен. Таңертең түсiп қалған
бозқырау ерiп кетiптi. Жүзiн шық шалған тырбық шөптер жылтырай қалыпты. Ауадан ығалдың иiсi
шығады. Бiр әскери киiнген жiгiт дәудiрлеп жүрiп‚ бұларды қамалдың шыға берiсiне қарай алып келдi.
Аздан соң сонау батыс жақтағы Ақирек тарапынан бұрқыраған бiр шаң көрiнедi. Алдында келе жатқан
атты кiсiлердiң тұлғалары қылаңытады. Захваткин соны көрген бойда шәңкiлдеп‚ қолдарына
жарқыраған мыс тұрбалар ұстаған он шақты әскердi қаз-қатар тiздiрiп қойды. Сосын бiр әскер көтерiп
әкелген‚ дөңгелектеп пiсiрiлген әйдiк нанды Тоғанаққа нұсқап бiрдеме дедi. Сол екен‚ Ережеп жетiп
кеп:
— Төке‚ осы арада сiзден басқа үлкенiмiз жоқ. Мыналардың үрдiсiнде миманның алдынан нан мен
тұз алып шығады екен. Соны күбiрнәтырға сiз тапсырсын деп тұр‚ — дедi.
— Қой‚ айта көрме‚ — деп Тоғанақ одан бiрден бас тартты.
— Төке‚ ендi...
— Жоқ‚ болмайды. Кәпiр түгел ханға да қызмет етiп көрмеген басымды кiшiрейтiп маған нан көтер
деген нең! Әрi тұр!
Ережеп батырдың қабағынан қаймығып қалды. Сол арада Тиышбек ыржиып алға шығып:
— Әй‚ шынында да‚ маңдайымыздағы әруағымыздың қатын құсап нан көтергенi несi‚ ұят емес пе?
Әкел оны‚ мен қалай ұлыққа тапсырам? — деп‚ ол ендi әй-шәйға қарамай‚ әлгi әскерге жетiп барып‚
қолынан нанды жұлып алғандай болды. Дымға түсiнбеген әскер көк көзi күлiмдеп‚ ыржалақтап‚ кейiн
қарай шегiне бердi.
Қоңырауы сылдырлаған күймелi арба жақындап қалғанда бағана жарқыраған мыс тұрба ұстап
тұрғандар айналаны азан-қазан қылды да жiбердi. Барабандар тарс-тарс соғылғанда‚ бұрын мұндай
шулығанды естiп көрмеген Дүзбай қос құлағын қолымен баса қойды.
Күймелi арба көлденеңдей кеп тоқтағанда‚ Захваткин аяғын салтанатпен қаздаңдай басып‚ iлгерi
қарай жүрдi. Сол арада сыртқы әшекей көз тартатын арбаның алдыңғы жағында отырған екi әскер
жерге қарғып түсiп‚ әдеппен иiлiп‚ күйменiң есiгiн ашты. Ендi бүкiл жұрт соған қарай ентелей қарап
қалған. Iш жақтан әуелi күйменiң басқышына салған хром етiк‚ сосын екi иықта жарқыраған әлем-
жәлем эполетi‚ содан кейiн барып губернатордың жүзi көрiндi. Перонский орта бойлы‚ қабағы