Стр. 60 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

59
қалыңдау кiсi екен. Өзi бойын балап тiк ұстайды. Ол жерге түскен бойда‚ Захваткин қаздаңдай жетiп
барып‚ екi өкшесiн бiр-бiрiне сарт-сарт еткiзе тоқтай қап‚ оң қолын шекесiне апарды да‚ бiрдеңе деп
саңқылдап сөйлей жөнелдi. Қазақтардың жанында тұрған татар тiлмәш:
— Ұлық губернаторға жағдайын айтып жатыр‚ — дедi.
— Көрiп тұрмыз.
Перонский ақпар бiткесiн‚ Захваткиннiң қолын қысып-қысып қойды. Сол арада әмiр бойынша
Тиышбек аяғын ауыр алып‚ маңғазданып‚ үстiне жаңа ғана ауыстырып киген шапанның етегiн жерге
сүйрете-мүйрете iлгерi қарай жүрдi. Ол Перонскийге жақын кеп‚ Ережеп үйреткен сөздердi
ұмытпайын деп:
— Әй‚ ұлық тақсыр‚ мына қазақтардың басшылары сiзге тұз-дәмiн алып шығып отыр. Олар ақ
патша мен сiздiң денсаулығыңызды зор болсын деп тiлейдi! — дедi де‚ әдеппен иiлiп‚ нанды iлгерi
қарай ұсынды.
Перонский алдынан қазақтардың нан мен тұз алып шыққандарына қатты таңғалды:
— Киргиздар... қашаннан берi христиандардың үрдiсiн үйренген?
— Үйренбесе‚ үйретемiз‚ — дедi Захваткин даусын нықтай сөйлеп.
— Ваше высокоблагородие‚ бұл анчихристиарды шiркеуге апарып шоқындыратын күн де алыс
болмас‚ — дедi осы кезде оның жанына тақап кеп тұрған ұзын қара киiмдi‚ сақалы қауғадай поп.
— Крест таққандардың Шығысқа қарай жасаған жорығы да сол себептi емес пе едi? — дедi
Перонский күлiп. — Бiрақ мына... жабайы туземдiктердi шошытып алмайық. Бұлар... тiлiн‚ дiнiн
ұмытпай‚ бiзден қашып қайда барар дейсiң? — Перонский iлгерi қарай бiр аттап‚ шоқынды да‚ наннан
бiр үзiп ап‚ оны тұзға малып аузына салды.
Тиышбек ендi не iстеймiн дегендей‚ қасында тұрған татар тiлмәшқа қарады. Ол мұның қарағанын
басқаға жорып:
— Губернатор мақтап жатыр. Мына мұсылмандарға мешiт салып беру керек деп тұр‚ — дедi.
— Өй‚ онда мынауың жақсы болды ғой‚ — дедi де‚ Тиышбек сабырынан жаңылып‚ оған қарай
бұрыла бердi.
“Атаңның басы, ит қазақ!” — дедi татар тiлмәш оны iшiнен мазақтап.
Осы кезде бiр әскер жетiп кеп‚ Тиышбектiң қолындағы нанын ала бердi. Тиышбек оған алара
қарап:
— Әй‚ тамыр‚ тоқта! Бiздiң елде жақсының қолынан ет асау деген болады. Ұлықтың жеген жерiнен
мен де жеп көрейiн‚ күбiрнәтiр болар ма екем‚ — деп ол кiр-кiр қолымен нанды оңбағандай ғып үзiп
ап‚ тұзға малды да‚ аузына қарай зытырды. Оны шайнап болмай‚ асығыс жұта бергенде түйiлiп қап‚
көзiнен жас ыршып шыға келдi. Бiрақ оған қарар Тиышбек жоқ‚ — ол нанды малжаңдап шайнап боп‚
оны шаққа дегенде жұтты да‚ жұртқа қоқалана қарап тұрып: — Е‚ бұл күбiрнәтiрдiң берген дәмiн жүту
да оңай емес екен! — дедi.
Қазақтар мырс-мырс етiстi:
— Өзiңе сол керек!
* * *
Захваткин қамал сыртында күтiп тұрған қазақтарға Перонскийдi әкеп‚ бiр-бiрлеп таныстыра
бастады. Губернатор бұлардың қолдарын тегiс алып шықты. Бiр рет Тоғанақ батырға тесiле көз
тастады. Соны көрiп‚ бiр түрлi ыңғайсызданған батыр iшiнен аздап дiр еткендей болды. Сол арада
өзiн: “Танып қалды-ау!” — деген бiр күдiк басына шапты. Сол сәт оның көз алдына баяғыда ырдағы
қырғын соғыс‚ Ақмешiтке жете алмай‚ қолы қырылып керi қайтқан мына губернатордың жүзi келе
қалды. Сонда бұлар губернаторды қолға түсiре алмаған-ды.
Былай шыға бере Перонский Захваткинге бұрылып:
— Мен ана кiсiнi бiр жерде көрген сықылдымын‚ — дедi иегiн Тоғанақ жаққа қарай көтерiп.
— Оныңыз дұрыс. — Захваткин сыбырлай сөйледi. — Баяғыда... Ақмешiтке барарда... Сол...
— Ол... мұнда нағып жүр? — дедi Перонский тiкiрейiп. Дереу көкшiл көзiне ашу оты ойнап шыға
келдi.
— Ваше высокоблагородие‚ оны бiлем. Оны кәзiр ұстауға болмайды. Әрине‚ әзiрше. Үйтсек‚ ел
көтерiлiп кетедi. Оны әзiрге азбен алдап қойып‚ халықты тиыштандыру керек. Сосын... — ол күлдi‚ —
оны құрту қиын емес!
— Түсiнiктi! — Перонский iлгерi қарай жүре бердi.
Сол күнi губернатордың келу құрметiне қонақасы берiлдi. Оған қазақтардың басшылары
қатынасып‚ өздерiнiң ақ патшаға деген ықыластары барлығын бiлдiрдi. Оны аударып жатқан тiлмәш
тiгiсiн жатқызып‚ айтпағанды айтқандай қып жеткiздi. Соны естiген Перонскийдiң кеуiлi марқая түстi.
Қазақтардың құрметiне деп толық бiр бокал шампанды тауысып iштi. Ол сол арада қызара бөртiп
отырып‚ жуық арада бүткiл қазақ даласының ақ патшаның қарамағына қарайтындығын айтып та
салды. Оған қазақтар бастарын изесiп‚ қарсы ештеңе демей отыра бердi.
Ертеңiне Перонский қамалды аралап көрдi. Бекiнiстердiң сыртына шығып‚ қазылған орларды
қарады. Сосын әскерлердiң дайындығын‚ оқ-дәрiлердiң бар-жоғын сұрап әңгiмелескен болды. Содан
кейiн ол Захваткин екеуi жеке қап‚ ұзақ әңгiмелестi. Олар iште кiдiрген сайын қазақтардың қабақтары
салбырай түстi. Тек Тоғанақ қана сыр берген жоқ. Ол жағдайларың мәлiм дегендей‚ баяғы тiгiлген
қараүйде отыра бердi. Батыр бұ жолы қымызды жөндеп iшкен де жоқ. Соны көрген кiсiлердiң
әңгiмелерi мандымай қойғасын‚ Елмырза арзан күлкiге сап‚ қайдағы бiр жоқ қуақы хикаяны айтып едi‚
— оған ешкiм де ыржалақтай қоймады. Сосын ол да сөзден тиылды.
Үшiншi күнi дегенде Перонский Орынборға қайтатын болды. Қазақтар таң азаннан тұрып‚ ұлықты
шығарып салуға қамданды. Неге келгенiн ешкiмге айтпаған губернатор аздан соң бұлармен қол